ГЕНЕРАЛ-ФЕЛЬДМАРШАЛ ПАУЛЮСТІ ТҰТҚЫНДАУ ОПЕРАЦИЯСЫНА ҚАТЫСҚАН МАЙДАНГЕР, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ӨМІРДЕН ОЗДЫ…
...Бала кезінен ержүрек, адал, кішіпейіл болып өсті. Батылдығының бір дәлелі – 18 жасында Отан соғысына аттанған жүздеген әскерге шақырылғандардың арасында жауынгерлік антты (әскер басшыларының қарсы болғандығына қарамастан) қазақ тілінде қабылдаған, Сталинград шайқасында генерал-фельдмаршал Паулюсті тұтқындау операциясына («Шеңбер») қатысқан, жаралы командирін (өзінің де 7 жерден алған жарақатына қарамастан) біресе сүйеп, біресе арқалап майдан даласында – жау қолында қалдырмаған, көз жұмғанша қасында болған, «Қызыл жұлдыз», «І-дәрежелі Отан соғысы» т.б. ондаған орден мен әскери медальдың иегері, жарты ғасыр ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Сәрсенбек Байжанов 101 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Шиелі ауданынан Отан соғысына аттанған 5909 адамнан жер басып жүрген жалғыз майдангер еді. Осы жылдың 9-шы мамырында 100-ге толған мерейтойын облыс, аудан болып өз деңгейінде атап өтті. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев үлкен азаматтық танытып, ғасыр жасаған абыз ардагерге Сыр бойы жұртшылығы атынан заманауи автокөлік кілтін табыстады. Аймақтағы түрлі қызмет салаларының басшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері, шәкірттері, туыстары жылы лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын жасап жатты. Алматыдан арнайы барып ұстазымды құттықтап жылы лебізімді, жүрекжарды жырымды оқыдым. Иығына шапанымды жауып, майдангер өмірінен жазылған мақалам басылған бірнеше газетті («Алматы ақшамы») қолына ұстаттым. Төмендегі арнау өлеңімді оқып бердім:
От кештің толмай жиырмаға,
Өткізіп түнді көз ілмей.
Кілең жас өрен дүр дара,
Атойлап тұрған өзіңдей.
Дұшпанның құтын қашырып,
Шайқастың жаумен нояндай.
Білімге дендеп бас ұрып,
Ұстаздық еттің аянбай.
Өткенің қалмас елес болып,
Сыйладың шаттық еліңе.
Майдан да ғана емес тек,
Өнеге болдың өмірде!
Өмірің жатыр үйлесіп,
Ұстаздық жолың бір басқа...
Отырмын ғажап күй кешіп,
Келгендей өзім 100 жасқа!
Ол майданда да, еңбекте де, қоғамдақ өмірде де өнеге болды. Тіпті осындай, алапат, арпалыс заманда жүз жыл ғұмыр кешудің өзі ерлік емес пе? Зайыбы Жәмила Сейітжанқызымен бірге 5 ұл, 6 қыз, 40 немере, 65 шөбере және 3 шөпшек тәрбиелеп өсірді. Артында қара орман ұрпағы қалды. Жарық көріп үлгермеген жырлары, майдан жазбалары қаншама...
Алла алдыңыздан жарылқасын, жаныңыз жәннатта болсын, қаһарман ұстаз! Үлгілі істеріңіз, өнегелі тәрбиеңіз, маңызды ақыл-кеңесіңіз және жарқын бейнеңіз әрдайым жадымызда болмақ.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,ҚР «Құрметті журналисі», М.Шолохов
медалінің иегері, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы», шәкірті
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,ҚР «Құрметті журналисі», М.Шолохов
медалінің иегері, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы», шәкірті