Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің әкем ит емес

Менің әкем ит емес

«Әй, иттің баласы, қас қарайғанша қайда жүрсің?» деп дүрсе қойды әжесі, есіктен енді кірген Абылайға. Әсілі, кеш батқан соң жақын маңнан іздеп таба алмай дегбірі қашса керек. Уайымнан немересіне қатты жекіп тастағанын да аңғармады. Сол сәтте аядай жерде ойнап отырған 5 жасар Алинұр «Әже, менің әкем ит емес, маған ұрыспа, иә» демесі бар ма? Кішкентай баладан мұндай сөз күтпеген Сәлима әжей сөзден тосылып қалды.
«Жаман айтпай – жақсы жоқ» деген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеген балаңыз өскенде бетіңізден алып, сөзіңізді тыңдамаса немесе әлжуаз, шешім қабылдай алмайтын қорқақ болса не істей аласыз? Салыңыз суға кетіп, күніңізді тек күрсінумен өткізбесіңізге кім кепіл? Бұл да басқа келген бір пәле ғой. Осы орайда «Он пәленің тоғызы – тілден» деген аталы сөзді талай рет естіген боларсыз. Бүгін осы тұрғыда әңгіме өрбітсек дейміз.
Байқасақ, біз баламызға не айтпай жүрміз? Кейде қатты ашумен «жарым ес, миғұла, оңбаған» деген сөздерді де айтып қалатынымыз жасырын емес. Алайда, ата-ананың балаға айтқан сөзі дұға, тілек есебінде кетіп, қабыл болып кетуі әбден мүмкін екенін білесіз бе? Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Өздеріңе де, балаларыңа да, мал-мүліктеріңе де лағынет шақырмаңдар, әрі бұл Алладан сый тілейтін уақыт мезгілімен сәйкес келіп қалмасын. Өйткені, Алла сендердің дұғаларыңды қабылдауы мүмкін». Иә, ата-ананың сөзі баланың болашағына әсер етеді. Балаңызды қандай нәрсемен сипаттасаңыз, ол соған бейім болады. Өзіңіз «су ми», «топас», «нақұрыс» деп ұрсып алып, ертең ештеңе түсінбейтін адам алдыңызда тұрса, оған «неге сондайсың?» деп ренжуге хақыңыз жоқ. Себебі сіздің сөзіңіз, өз-өзіңізді ұстауыңыз оның өміріне әсер етеді.
Біздің бір әдетіміз бар. Баламыз тілімізді алмай, көңілімізді қалдырса, «ана өзің секілді Сәлиманың баласын қарашы, қандай ақылды», «ана Еркіннің ұлын қарашы, жазуы маржандай» деп өзге балалармен салыстыра кетеміз. Әйтеуір, қай үйге кірсеңіз де бармақтай баласына «жұрттың баласын мысал етіп айтып отырғанын байқаймыз. Ата-аналар үшін жұрттың баласы – әлемдегі мінсіз адам. Олар – тәртіпті, тілалғыш, жұмысқа бейім, оқуда озат. Әйтеуір не керек, адам баласына тән бар асыл қасиетті сол «жұрттың баласы» жиып алған бойына. Ал өз басымызға мұндай мінездің біреуі де татымаған. Бір ауыз сөзбен айтқанда, «жұрттың баласы» Ыбырай, біздің бала сұмырай.
Жұрттың баласы шынымен де ақылды шығар. Бірақ ол біздің баламыз емес. Және ең жаманы не екенін білесіз бе? Мұндай сөздерді естіген балаңыз дәл қазір өзін ең ақылсыз, ең жаман балаға балап отыр. Бала санасында «мен жаманмын», «ата-анам маған разы емес», «мен нашармын», «мен төменмін», «мен ондай бола алмаймын» деген ойлар қалыптасып үлгерді. Жігері жасыды, талабы мұқалды. Ол өсіп емес, іштей өшіп бара жатқанын байқамай қаламыз. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеуде ұсақ-түйекке де мән беру керектігін естен шығармайықшы.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
22 тамыз 2023 ж. 242 0