Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ысырапшылдық ырысты кетіреді

Ысырапшылдық ырысты кетіреді

Тоқшылық пен жоқшылықты қатар көріп, басынан небір нәубет жылдарды өткерген қазақ елі қолда бардың қадірін білген. Зұлмат жылдарда талғажау ететін тамақ табылмағанын тарихтан білеміз. Ата-бабамыздың басынан өткерген зобалаң уақыт бір үзім нан мен бір жұтым судың қадірін ұғынуға себеп болды. Әсіресе, жасы егде тартқан кісілердің «Ысырапшылдықты Алла сүймейді» я болмаса «Нан қиқымын шашпаңдар» деген өсиетін жиі естиміз. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» демекші осындай тарихпен тетелес қарияларымыз өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп келеді. Алайда, қазір нәубет жылдардың келмеске кеткенін көбі түсінді ме әлде, ашаршылықтың ауылы алыс деп ойлағаннан ба көпшілік нанның да, астың да қадірін қашырып жүр. Бей-берекет қоқысқа тастау былай тұрсын, аста-төк ысырапшылдыққа салынады. Дала академигі Ыбырай Жақаевтан «Әлемдегі ең асыл не?» деп сұрағанда ойланбастан «Нан» деп жауап беріпті. Себебі, халқымыз айтқандай «Нан бар жерде, ән бар». Басқа азық-түлік табылмай, қат болып жатса да, бір үзім нан бір отбасыны аштықтан аман қалып қалуға қауқарлы. Сол себепті нанды қай кезде болсын құрметтеу керек.
Әлемдік тәжірбиелерге назар салсақ, Алманияда күнделікті 3 мыңнан астам нан мен тоқаш пісіріледі екен. Елдегі орташа көрсеткіш бойынша бір неміс отбасы жылына 42,4 келі нан тұтынады. Мәселен, Штутгарт қаласында багеттер теңгеге шаққанда – 1500 теңге. Германиялықтар да ұзақ жылдар бойы наубайшы мамандығы кеңінен өріс алды. Қазіргі таңда неміс наубайшылары өнімдерін әлеуметтік желіде жиі жарнамалап жүр. Бәлкім осының арқасында шығар Алманиялықтардың ас атасына деген сүйіспеншілігі артпаса, кеміген емес. Нан өнімдерін құрметтейтін болғандықтан бұл елде қадірлі тағамның 3200 түрі бар. Тіпті «Неміс нан институты» құрылып, тоқсан сайын арнайы бақылау жүргізіліп, нанның сапасын қатаң бақылауға алады. Ал Күншығыс елінде күріш тағамы негізгі өнім болғанымен, кейінгі кездері Батыс иіріміне бет бұрғанын байқауға болады. Мысалы, жергілікті тұрғындар дүкен сөрелеріндегі француз багеттері мен америкалық тостерлерді жиі сатып алады. Осы орайда бір нанның бағасы иенге шаққанда – 610 теңге.
Байқағанымыздай, нан бүкіл әлемге танымал және қастерлі. Біздің елде де нанға осылай құрмет көрсетілсе артық етпес еді. Несін жасырамыз, бұрнағы жылдары нан бәрінен биік тұратын. Тарам-тарам тарихты қозғай бермей-ақ, жай өткенді еске алсақ, қазіргі ұрпақ нанның қадірін білер. Мысалы, ғалым Мекемтас Мырзахметовтің басынан өткен оқиғаны баяндайық. Ашаршылық жылында қарындасының қасқырға қорек болуын көрген ол кісі «Ана тілі» газетінде «Ашаршылық жылы сен үш жаста едің. Емшекте нәресте қызым бар. Аштықтан өлетін болған соң түс кезінде Кемербастаудағы жездем Құрманбектің үйіне қарай жолға шықтық. Сені қолыма жетелеп, қызымды бауырыма алып, аштықтан бұралып, әрең жүріп келемін. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Сарттар еккен қауындыққа жеткенде ұялы қасқыр қамап, топырақ шашып, қаумалай бастады. Таяғымды көтеріп,айбат шеге айғайласам да қаймығар емес. Есім шыға, не істерімді білмей ораулы қызымды жерге қойып, сені арқалап сытылып шықтым» деп анасының айтқанын баяндайды. Осы естелік сөзден және Бейімбеттің «Күлпашын» оқыған қазақ Мақтымдай әкенің таңнан кешке дейін ел аралап, бір үзім нанды әрең табатыны, тіпті кейде соған да зар болып қалатынын жақсы біледі. Күлпаштай ананы байдың үйіне жалдануға, ашығын айтқанда кіші әйелі болуға сол кездегі жағдай мәжбүрлейді. Осындай жұмыстардың барлығы бір үзім нан үшін жасалатын еді. Азық етерлік нан болғанда Күлпаштың та, ғалым М.Мырзахметовтің де тағдыры басқаша болар еді. Бұл біз келтірген бір-екі мысал ғана. Аш құрсағы бұралып, өле өлгенше бір үзім нанды аңсап кеткен адамдар қаншама?! Әттең, бүгінгідей иттің басына іркіт төгілген заманда нанның қадірін жете түсінбей келеміз. Тіпті осындай оқиғалар мен әдеби кітаптарды оқысақ та өскелең ұрпақтың жетеөскелең ұрпақтың жетесіне әлі жетпеген сыңайлы. Әрине, бұған тек жастарды кінәлауға болмайды. Егде тартып, етек-жеңін жинаған кісілер де ысырапшылдыққа бой алдырып жатқанын көзіміз көріп жүр. Әсіресе, той мен құрандарда дастарханға қойылған тағамдардан көз ала алмай қаламыз. Хош, тойдың жөні бөлек. «Шашылсақ, қуанышқа шашылайық» деген қазақ халқы той-томалаққа дастарханды көл-көсір қылып жаяды. Ал құдайы астарда барлық тәттіні жұртқа жаятындарға не жорық? Қазақта «Қаралы үйден дәм татуға болмайды» деген ырым бар. Осы ырымды ескертсек, біреудің кісісі өлген үйден дәм татпақ түгілі, тойдағыдай дастархан жаю – әбестік. Бұл бір жағынан – ысырапшылдыққа алып келсе, екінші жағынан – адамдардың сана-сезімін төмендеуіне ықпал етеді. Уақыт өте келе көпшілік те өлім-жітімге тамақ үшін келуді әдетке айналдырмасына кім кепіл?
«Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші ас атасы туралы бір емес, бірнеше рет жаздық. Бірақ халық арасында мұны «Байдың асын байғұс қызғанды» деп түсінетіндер де жоқ емес. Алайда біздің мақсат – нан қадірін үлкен де, кіші де білсін деген ой. Нанның қадірі туралы айтылатын діни аңызда Ыбырайым пайғамбардың қалай молшылыққа кенелгені жазылған. «Бірде Ыбырайым пайғамбар Құдайға: – Ия, Жаратушы Ием! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Мыңғырған малдың сұрауы қиын бола ма деп қорқамын. Артығын қайтып ал. Мен азға қанағат қылайын» дейді. Алла оған: – Ей, Ыбырайым, берекем қашып, малым сарқылсын десең, бұдан былай нанды отырып емес, аттың үстінде же. Нанның қиқымы шашылып, жерге түссін. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Мен ырысты нанның қиқымына жасырғам. Сен ас жегенде бір түйірін жерге түсірмей, етегіңе салып жинап аласың. Сондықтан береке дарып, саған дәулет тез бітті» деп жауап берген екен.
Әр аңыздың астында ақиқат болады. Кейде өте дәулетті кісілердің берекесі қашып, байлығының ырысы кеткенін естіп жатамыз. Бәлкім, көл-көсір дәулетті көтере алмай, ысырапшылдыққа жол берген шығар. Себебі ысыраппен бірге ырыс та кетеді.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
22 тамыз 2023 ж. 266 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930