Ысырапты Алла сүймейді
Ұлы Абай айтады «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Иә, біз бүгінгі басылымда ақын айтпақ болған ысырапшылдық турасында сөз қозғамақпыз.
Ысырапқа жол бермеу – қазақы тәрбиенің бастауы. Діннің өзінде «Жеңдер, ішіңдер және ысырап қылмаңдар. Шын мәнінде, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» делінген. Алайда, соңғы уақытта ата-бабалардың осы ұстанымына кереғар соғатын әрекеттер қылаң беруде. Неге десеңіз, кеңпейілдікті – аста-төктікке, дархандықты – дарақылыққа, жомарттықты – орынсыз мал шашпаққа айналдырып жіберіп алып жатқан жайымыз бар. Той бұрын қазақтың қазынасы саналса, ал бүгінде бір тортқа миллион теңге жұмсайтын жандардың бәсеке алаңына айналып үлгерді.
Ысырапқа жол бермеу – қазақы тәрбиенің бастауы. Діннің өзінде «Жеңдер, ішіңдер және ысырап қылмаңдар. Шын мәнінде, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» делінген. Алайда, соңғы уақытта ата-бабалардың осы ұстанымына кереғар соғатын әрекеттер қылаң беруде. Неге десеңіз, кеңпейілдікті – аста-төктікке, дархандықты – дарақылыққа, жомарттықты – орынсыз мал шашпаққа айналдырып жіберіп алып жатқан жайымыз бар. Той бұрын қазақтың қазынасы саналса, ал бүгінде бір тортқа миллион теңге жұмсайтын жандардың бәсеке алаңына айналып үлгерді.
Сатираның сарбазы Көпен Әмірбектің бір сұхбатын көзім шалып қалды.
– Кейде қазақтың қалталы азаматтары аспаннан ақша шаштырып, жұртқа әуелі дүние-байлығын көрсету үшін дүркіретіп той жасайды-ау деген ойға қаласың. Жер-жерде бәйге өткізеді, көкпар тартқызады. Ондағы ойлары қазақтың дәстүрін дамытайық деген пиғыл емес, өзінің дәулетін көрсетіп қалу сияқты сезіледі. Байлығы бастарынан асып-тасып жатса, жылаған жетім-жесірге, ғаріп-ғасір мен жағдайы жоқтарға берсе, жақсы болар еді-ау. Оны қазақ қашаннан сауапты іс санаған.
Үнемшілдік – шүкіршілікті ұқтырады. Өйткені, үнемшіл адам Алланың берген нығметтерінің қадірін біледі. Сондай-ақ Жаратушының мейірімі барын сезініп, өзіне берілген сый-сыяпаттың қадірін түсініп, оны артық жұмсаудан тартыншақтайды. Сәйкесінше, белгілі бір өлшемде ғана қажетіне жұмсайды. Осы арқылы Құдайдың бергенін қанағат етеді. Оларды тиімді жұмсау арқылы басқа біреудің қолына қараудан құтылады.
Талай той-жиында қаншама тамақтың желінбей, текке ысырап болғанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Ашаршылықты, қиындықты бастан кешкен бұрынғының кісілері тағамды шашып-төкпей, тауысып жеп, керек десеңіз нанның қиқымын дастарқанның үстінен теріп жеп отыратын. Олар сол арқылы жастарды үнемшілдікке, бардың қадірін білуге тәрбиелейді. Тіпті қалған тамақтың өзін аяқ астына тастамай, мал-жанға, құстарға беруі де тұнып тұрған өнеге. Мән берсеңіз, той – 4-5 сағаттың ішінде өтіп кететін ойын-сауық. Сол бір кештік ойын-сауыққа аямаған ақшаны ақыл-ойға бастайтын құндылықтарға қимай қалатын кездер болады, мойындайықшы?! Лайым басымыз тойда тоғыса берсін. Бірақ ол тойда ең бастысы Алла сүймейтін іс – ысырапшылдыққа жол берілмесе екен.
Біле білсеңіз, Өзбекстан мен Тәжікстанда даңғаза тойларға шектеу қойылып тасталғанына біраз болыпты. Жас жұбайлардың үйлену серуенінде үш көліктен артық көлікке рұқсат жоқ дейді. Қала берді, үлкен тойларға шақырылған адам саны 150-200-ден аспауы керек екен. Ал біздер бұл мәселені қалай шешеміз? Ысырапшылдыққа жол бермеу үшін қандай қарекеттер жасалуы керек? Осы туралы бір сәт ойлансақ екен.
С.МАДИЯРОВА