Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕРЕЙЛІ МІНДЕТ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕРЕЙЛІ МІНДЕТ

«Туған жердің тау-тасы, қырқасы мен сайы, елі үшін аянбай қызмет еткен тұлғалары әрдайым ұрпақ жадында сақталып қалуы тиіс» деген керемет сөз әрбір мемлекеттік қызметшінің санасына сәуле сыйлағаны анық. «Менің Отаным» деп, патриоттық сезіммен адал әрі абыройлы жұмыс атқару мен үшін де биік мәртебе.
Еліміздің дамуы қажырлы еңбек пен сапалы қызметті талап етеді. Осыған орай әр істе сапалы қызмет көрсету – еліміздің жарқын болашағына деген нық қадам. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтеріміз күннен-күнге дамып, қарапайым халыққа қолжетімді және тиімді бола түсті. Тұрғындардың көрсетілетін қызметтер туралы толық мәлімет алуына қолжетімділігі де артты. Себебі, мемлекеттік қызмет – адам өмірінің айнымас бір бөлігі. Дамыған елдерде ол азаматтар мемлекет арасындағы әріптестік қарым-қатынастың барометрі саналады.
Қоғамның кез келген саласында кадр мәселесінің маңызы зор. Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың білімді де білікті болуы мемлекеттік қызмет сапасының артуына тікелей ықпал ететіні мағлұм. Өйткені, еліміздегі саяси, экономикалық жағдайдың тұрақтылығы мен қоғамдық қатынастардың қалыптасуы – мемлекеттік қызметке тікелей байланысты. Бүгінде еліне, кіндік қаны тамған туған жеріне, халқына қалтқысыз қызмет етіп, бейнеттің зейнетіне маңдай тер, адал еңбекпен жеткен ардагер апа-ағаларымыз жеткілікті. Міне, сол ізден жаңылмай, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, жақсылыққа сол сілтеушілер де табылады. Өз ісіне деген сүйіспеншілікпен мен таңдаған мамандық жарқын болашаққа жол ашса, мемлекеттік қызмет те сол сенім үдесінен шығу үшін аянбай еңбек етуді алға қойған айқын мақсатымның бірі деуге болады. Елім деп еміренер ер болса, ерім дейтін ел қашанда табылады емес пе?
Мемлекет алдына қойылған негiзгi мiндеттердiң бiрi – жоғары сапалы мемлекеттiк қызмет алуға барлығының бірдей қол жеткiзуi. Осы арада барлығына бірдей қол жетімділік деп бірінші кезекте электронды қызмет алуды айтуға болады. Яғни, электронды үкімет порталы арқылы қолымыздағы цифрлы қолтаңбаның көмегімен, ешбір адамның көмегінсіз, таныстамыр іздеместен, ұзын сонар кезекте тұрмай, ешкімге кіріптар болмай-ақ, кез келген қызметті көрсетілген уақытта алу артықшылығына ие болуды білдіреді. Бұл өз алдына мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, әрқайсымыздың цифрлы сауаттылығымызды жоғарылатып, бәсекеге қабілеттілігімізді айқындайды.
Әр саланың өз маңызы, артылар жүгі, міндеті болары хақ. Салмағын сараптап, жауапкершілікті сезіне білген қызметкер үшін істің ауыры болмайды. Бүкіл халықтың қамын жеп, өз басын ойлаудан ада, мың мәрте өлшеп, бір кесетін азаматша болуға тәрбиелеген қоғамда қызмет ету мен үшін бақыт.
Қазақ елінің қайсар рухты, қажырлы, жігерлі, қайратты перзенттері барда мемлекет атына, мемлекеттік қызметке қара күйе жағылмасына сенеміз. Болашағымызды бағдарлап, рухани азық алайық. Төртінші өнеркәсіптік революция заматында алпауыт 30 елмен тереземізді тең ұстап, мәдениеті озық, экономикасы артқан алып елге айналуға атсалысайық. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік пен болашақтың жарқын бейнесі екенін қаперде ұстайық.

Жора ОСПАНОВ,
Шиелі аудандық соты әкімшісінің басшысы
26 шілде 2023 ж. 267 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930