Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әдептілік айнасы: ол қандай?

Әдептілік айнасы: ол қандай?



Бүгін – Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі. Басты мақсаты халықтың сенімін ақтап, ұлтымыздың абыро­йын­ асыру болып саналатын бұл қызметтің арқалаған жүгі салмақты, жауапкершілігі де аз емес. Өйткені мемлекет­тік қызметкер – әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саяса­­тын алға апарушы.

Мемлекеттік қызметшінің адамгер­шілік-әдептілік бейне­сі қандай болуы керек? Оның құн­дылықтарын қалай жетілді­реміз? Оң имиджін қалай қалып­тастырамыз? Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшілердің беделі мен мәртебесі қайтсе артады? Шыны керек, көптің көкейіндегі бұл сұрақтарға әлі де нақты жауап берілген жоқ. Өкінішке қарай, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білім­нен емес, мінез­ден» екенін әлі де нақты істе көрсе­те алмай келеміз.

Өткенде Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің бастама­сы­мен Ақмола облысында мем­лекеттік қызметтегі мінсіз бедел қағидаттарын нығайту мәсе­лелерін талқылау бойынша семи­нар-кеңес ұйымдастырылды. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Сенат депутаты Мұрат Қадырбек, Пре­зидент Әкімшілігі Мемлекеттік бас­қару бөлімінің меңгерушісі Альтаир Ахметов, БҰҰ Даму бағдарламасы Ыстан­бұл өңірлік орталығы Сая­сат жә­не бағдарламаларды қол­дау жөніндегі бю­росының Сы­бай­лас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік басқару саласы жөніндегі маманы Ираклий Коте­тешвили, Грузия Мемлекеттік қызмет бюросы басшысының орын­басары Элгуджа Макала­тия, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың әдеп жөніндегі уәкілдері қатысқан іс-шарада мемлекеттік лауазымдарға орналасу кезін­де азаматтардың беделіне қойы­латын талаптарды жетілдіру және әдеп жөніндегі уәкілдердің мәртебесі мен рөлін арттыру мәселелері қаралды.


Сол жиында айтылған де­рек­­тердің бірі төмендегідей. Қа­былданған шаралардың нәти­же­сінде елімізде қызметтік әдеп нор­маларын бұзу фактілері азай­ған екен. Тәртіптік жауап­­кер­шілікке тартылған мем­ле­кет­тік қызметшілердің саны өткен ке­зеңмен салыстырғанда 21 па­­йызға қысқарған. Мәселен, 2021 жылы 412 дерек тіркелсе, өт­кен­ жылы бұл сан 325-ке дейін түс­кен.­


Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдарда және облыс әкімдерінің аппараттарында – 765, оның ішінде 34 дербес Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады. Өткен жылдың өзінде еліміз бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдер 20 мыңнан астам азамат пен мемлекеттік қызметшіге консультациялық көмек көрсеткен. Атап айт­қан­да, 167 өтініш берушінің құ­қығы қалпына келтіріліп, 25 мың­ға жуық түсіндіру-про­филак­тикалық іс-шара жүр­гі­зіл­ген.
Мамандар мемлекеттік қыз­меттегі бұл көрсеткішке агенттік тарапынан қолға алынған Әдеп жөніндегі уәкіл институты ықпал етіп отыр дейді. «Осы институтты жетілдіру, олардың мәртебесін арттыру мақсатында Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ережені қайта қарау туралы ұсыныс беріліп, 2023 жылғы 5 маусымда Президент Жарлығымен тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістерге сәйкес Әдеп жөніндегі уәкілдерге мемлекеттік қызметшілердің өтініштерін өз бетінше қарау және әдепке байланысты тәртіптік теріс қылықтарды қарау кезінде қорытынды шығару функцияларын беруді көздейтін түзетулер енгізілді. Бұған қоса, енді Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымын атқаратын адамдар мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынады», дейді агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев.


Ал Алматы облысының Әдеп жөніндегі кеңесі мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жарасбаев: «Халыққа қыз­мет ететін адамдардың адал­дығы мен әділдігі, жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құр­метке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің мінез-құлық мәселесі өте маңызды орынға ие. Яғни қызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері қатар тұруы керек», дейді.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз», деген еді. Республикалық қоғамдық штабта өткен жиын­да «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» ұста­нымының маңыздылығына тоқ­талған Президент мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларының сақталуы туралы да айтты. Ендігі мәселе ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет екенін түсінетін ұрпақ өсіру. Еліміздің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы да көп жағдайда осы қызметшілердің адал ісіне байланысты.

23 маусым 2023 ж. 203 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930