Мемлекеттік қызметшінің жағымды имиджін қалыптастыру
Н.Назарбаев: «мемлекеттік қызметші – жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт. Мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс» деп атап өткендей, біз әрқайсымыз осы аталған берік қағиданы ұстанып, еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет жасауымыз керек.
Осыған байланысты, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы Әдеп кодексі, ол жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық секілді принциптерді ұстануы керек. Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бірін-бірі толықтыратын фактор болып табылады. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуі бүгінгі күннің басты талабы болмақ.
Осы орайда, ең әуелі әдеп кодексі, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары анықтап беретін құнды құжат. Яғни, осы кодексті негізге ала отырып, әрбір қызметкер өзара қарым – қатынаста жоғары мәдениетті қалыптастырып, көпшіліктің мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға үлес қосады. Сондықтан, мемлекеттік қызметкер ұжыммен сөз сөйлеуде, сыпайлық, әдептілік, үлкенге ізет кішіге құрмет, қатарластарына биязылық сипаттарды ұстануы қажет. Көпшілікпен байланыста, олардың сұранысын басты бағдар етіп, азаматтардың әрбір мәселесіне ұқыптылықпен қарап, сұраныстарының заңдылығымен әділ жолмен шешілуін қадағалау керек деп ойлаймын.
Тағы бір айта кететін маңызды мәселе, кодекстегі мемлекеттік қызметшілердің, қызметтен тыс уақыттағы іс әрекеттерінің стандарттары. Жұмыстан тыс уақытта да, жалпы қабылданған моральдық әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамдық жат мінез- құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Міне, осындай маңызды міндеттерді сақтап, ұстана отырып, кәсіби мемлекеттік аппаратты құра аламыз.
Осы орайда, ширек ғасыр тарихында тәуелсіз Қазақстан небір қиындықтан сүрінбей өтті. Біз – ниеті түзу, жолы ақ, мақсаты айқын, жоспары анық елміз. Сол жолдан таймай, алға басу үшін елімізге бірлік пен болашаққа сенім ауадай қажет.
Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанды өркендету жолында, «Бір жеңнен қол, Бір жағадан бас» шығарып, жұмыла жұмыс жасау қажет деп есептеймін.
Шиелі аудандық сотының
жетекші маманы Смаилов Д.Ш.