Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқ қалыңдықтан абай болыңыз

Алаяқ қалыңдықтан абай болыңыз

Көктем мен жаз мезгілі – той маусымының нағыз қызатын шағы. Мұндай тамаша уақытта бірі қызын ұзатуға, енді бірі ұлын үйлендіруге асығады.  Ұл демекші, статистикалық мәліметтерге сенсек, қазіргі таңда елімізде оң босағада отырған бұрымдыларға қарағанда, отау құруға асықпайтын ер азаматтардың саны артқан. Содан да болар, бүгінде орда бұзар жасқа жетсе де шаңырақ көтермеген, «Тақиялы періште» баласына «супер келін» іздеген аналар мен қайын інісіне лайықты жар қарастырып жүрген жеңгелер жетіп артылады. Ал оларды алдап апанға түсіретін, уақытша келін болып, түскен әулетінің байлығын қалтаға басып, кейін тайып тұратындардың қатары тіпті көп. Түсінбей отырсаңыз айтайық. Әңгіме тұрмыс құруды кәдімгі бизнеске айналдырған «Жалдамалы келіндер» жайлы болмақ...

«Жалдамалы жұмысшы», «Жалдамалы пәтер», «Жалдамалы қызмет» деген сөздерді жиі естіп жүрміз. Алайда «Жалдамалы қалыңдық» сөзі сіз бен бізге әлі де таңсық. Оның не екенін көбінесе сан соғып қалғандар жақсы біледі. Қысқасы, жалдамалы қалыңдық деген – кәдімгі келін емес. Үйіңізде мәңгіге қалмайды, балаңызды тумайды, келіндік қызметін атқармайды. Тек  қалтаңызды жымқырып, уақытша келіннің рөлін сомдайды. Той біткен соң, қалың мал мен қымбат әшекейлерді алып ізім-ғайым жоқ болады. Тек ол ғана болса жақсы. Жалдамалы келіндердің той иелерін алдап, несиеге белшеден батырып, қашып кететіні тағы бар... Мына заманда бұл жаңалыққа таң қалудың өзі қиын. Өйткені бұрынғыдай «Ұят боладыны» білетін, үлкеннің тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін көрген, соны санаға сіңірген қыз-келіншектерді таба қою қиын. Керісінше, көптеген арулар «Жалдамалы қалыңдық» болуды кәдімгі бизнеске айналдырып алған. Олар «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әдетке айналдырып, жеңіл жолмен өмір сүруді жөн санайды. Тіпті бұған арланбайды да. 

«Жалдамалы қалыңдықтар» жайлы біз де біраз зерттеп көрдік. Зерттеу нәтижесінде оларға арналған құпия агенттіктердің барын білдік. Бұл – кәдімгі үлкен топ екен. Алғаш естіген адамның зәре құты қашары анық, әрине. Оңтүстік өңірлерде белең алған мұндай жұмыс түрімен айналысатындардың саны көп көрінеді. Әлгі жасырын топтың ішінде құда-құдағилар да, құдаша мен құда бала да бар. Қажет болса, тойда стақан соғыстырып, бас құданың рөлін сомдап беретіндері де табылады. Ең бастысы, сұлулығы мен сымбаты келіскен қалыңдықтардың қатары көп бұл топта. Бір қызығы, мұндай құпия команданы құдды бір сыр сандық па дерсің. Бар-жоғын ешкім білмейді. Себебі олар асқан тиянақтылықпен жұмыс істейді. Бір қарағанда олар да қарапайым адамдар сияқты өмір сүреді. Мұндай құпия агенттіктердің әр қаладан бірнеше танысы болады. Олар баласына келін, қайын інісі мен қайын ағасына абысын іздеген жеңгелерді тауып беру арқылы ақша табады. Әрі қарайғы жұмыс агенттіктің бақылауында. Әуелі олардың арасында бір адам қыздың анасы болып сөйлесіп, мәселені шешеді. Кейін қыздарын сұраған адамға беретін болып, өзара келіседі. Келісімшарт барысында әлгілер ештеңені байқатпайды, міз бақпайды. Керек десеңіз, кәдімгі болашақ құдалар секілді әңгімелеседі-мыс. Арасында «Қызы бардың назы бар» деген қағиданы ұстанып, назданатын көрінеді. Ал қалыңдық кейпіндегі қыз жігітпен танысып, біраз сөйлесіп, кейін жігітті баурап алудың амалына көшеді. Көп ұзамай, үйленуге ұсыныс жасаған жігіттің келісімін қабыл алып, той қамына кіріседі. Дүбірлі қуанышқа дәл осы құпия агенттіктің адамдары қыздың туыстары болып келеді. Осылайша, әлгі құрметті қонақтар той иелерінің таққан алтын әшекейлерін алып, «Жалдамалы қалыңдыққа» бақыт тілеп қайтады. Ертесі күні жаңа түскен қалыңдықтық су жаңа жарының атынан несие алып, үйіндегі бағалы заттарын жымқырып тайып тұрады. Сөйтіп, түскен әулетін сан соқтырып кетеді. Ал агенттіктің адамдары бұдан түскен ақшаны теңдей бөліп алатын көрінеді.
 
Тайлағына тамаша келіншек іздеген Тана шешей Шиеліде де көп. Солардың бірі – Тамара апа (Кейіпкеріміздің өтініші бойынша есімін өзгертуді жөн көрдік). Тамара апа – қарапайым, ауылда тұратын бес қыз бен бір ұлды өсіріп жеткізген көп балалы аналардың бірі. Бір сөзбен айтқанда көпке үлгі болып отырған жан. Оны ауыл адамдары бес қызын да құтты ұясына қондырып, арқасынан ауыр жүк түсірген бақытты жан деп есептейді. Алайда балаларының қамын жеген ананың да өзіне жетерлік мұңы мен уайымы көп. Бірнеше жылдан бері оның бар арманы – отыздан асқан жалғыз ұлын үйлендіріп, келін алу. Жұрттың айтуы бойынша, бес қыздың ортасында өскен апаның ұлы сөзге шорқақтау болғандықтан, қыз атаулысымен таныса қоймайтын. Ал Тамара апа бойында батылдығы аз, томаға тұйық баласына өзі амалсыздан лайықты келіншек іздеп, біраз әуре сарсаңға түскен көрінеді. Сүрленген сұрбойдақ баласы үшін сан мәрте сабылған ананың бұл әрекеті аудан тұрғындары үшін де үйреншікті жағдайға айналған. Әсіресе, жиырмадан асқан, отызға таяған арулардың барлығы Тамара апаны жақсы таниды. Керек десеңіз, шыққан тегі жақсы, тәуір қыздарды байыппен бақылап жүрген оның Шиелідегі көптеген аруға көзі түскен екен. Бірақ «Арманы бөлек, талғамы басқа», тұйық жігітпен танысқысы, ауылда тұрғысы жоқ бойжеткендердің талайы Тайлаққа жар болудан бас тартқан. Алайда жұртшылық жуырда ғана Тамара апаның келін түсіргенін жарыса айтып шуласты. Бұл жаңалықты біз де лезде естіп үлгердік. Өйткені жалғыз ұлын үйлендіріп, келінді болған ана қымбат мейрамханалардың бірінде дүркіретіп той жасап, көптен күткен қуанышына 500-ге жуық қонақ шақырған. Өкінішке қарай шырайлы Шымқаладан шаруаға шымыр, іске шебер келін алдым деген ененің бұл қуанышы көпке созылмады. Баласын биылдан қалмай үйлендіруге асыққан оның жаңа түскен келіні нағыз алаяқтың өзі болып шықты. Сөйтсек, Тамара апа әлгі келінін танымайтын біреулер арқылы тауып, мақтау-мадақтауын асырғандардың құрығына ілініп қалыпты.

Елдің сөзіне сенсек, Алматыға бара жатқан сапарда беймәлім біреулерге «келін керек» деп жан сырын ақтарған Тамара апаға екі әйел жолығып, керемет келіншек тауып беруге уәде берген көрінеді. Кейін олар бір-бірімен нөмір алмасып, құдандалы болуға уағдаласып, көп ұзамай тойдық қамына кіріскен. Қуаныштан төбесі көкке жеткен кейіпкеріміз түр-түсі беймәлім қыздың мақтауын асырған әлгі алаяқтарға сенгендіктен, баласының бақыты үшін бәрін істеген. Әуелі миллион теңгеге қыздың қалыңын төлеген, қала берді өлі-тірісін, ананың ақ сүтін берген. Көптеген күткен келінін түсірген соң дүркіретіп той жасаған. Ол ол ма? Қыз жақтан келген құдалардың бәрін алтынға қарық қылған. Керек десеңіз, қызындай көрген жаңа келініне қымбат бриллиант тағыпты. Сөйткен келінінің сан соқтырып кететінін кім біліпті? Иә, «Жалдамалы келін» көп ұзамай тайып тұрған. Есімін Көркем деп таныстырған келіннің көлеңкесін де таппаған жас ене алаяқтарға алданып қалғанын кейін білген. Десе де, мұнысынан үлкен сабақ алған. Сондықтан Тамара апа баласына келін іздеп жүрген өзі сияқты аналарға аса сақ болуды ескертеді. Өзінің қателігін өзгелерге сабақ еткен ол осындай жағдайға душар болмас үшін танымайтын біреулерге сеніп, үйлену тойын жасамауды жөн деп санайды. 

Иә, «Жалдамалы қалыңдықтар» көптеген отбасыны өз құрығына түсірді. Өзіне жар, анасына келін іздеген талай сұрбойдақтың үміт отын сөндірді, отау құруға деген құлқын өшірді. Олар талай жанды алдады, қалтасындағы қаражатын қағып, қарызға батырды. Өкінішке қарай біздің елде адамдарға арнайы заң да, қолданатын шара жоқ. Сол үшін де жалдамалы мұндай жұмыс түріне әзірге тоқтам болмай тұр. Біз тек әрбір жан бақытты болып, жарастықпен жұбын тапса дейміз. Сақтану мен сақ болу сізге байланысты.
01 мамыр 2023 ж. 168 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930