Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРДЫҢ ЖЫРЫ...

ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРДЫҢ ЖЫРЫ...

Жұмыссыздық – өзекті мәселе » Тіршілік тынысыӘне-міне дегенше Наурыз айының бел ортасына келіп жеттік. Ертең-ақ сәуірге қадам басамыз. Уақыт зымырап жатыр. Әне-міне дегенше мектеп түлектері де мектеп табалдырығымен қоштасады. Қазіргі уақытта олар ұлттық біріңғай тестілеудің қамын жасап, өз дайындықтарын пысықтап жатыр. Барлығының арманы – грант иегері атанып, жақсы маман иесі болу. Міне, осы жолда мыңдаған түлек бүгінгі күні үміт пен күдіктің ортасында қалып, мамандық таңдау жолында күресіп әлек. Бірі өзі таңдаған мамандыққа түсуді арман етсе, енді бір ата-анасының айтуымен мамандық таңдауға мәжбүр. Тіпті кейбірі, әлі күнге дейін қандай маман иесі боларын білмейді. Бүгінде мектеп бітірген әрбір түлектің жоғарғы білімді алуға қауқары жетеді. Мемлекет те оларға көптеген мүмкіндік қарастырған. Алайда, арамызда жоғарғы оқу орнын бітіріп, көк қағазды сандыққа салып сенделіп жүрген жастар да көп. Бізді алаңдататыны – келешекте жастардың жұмыссыз қалмауы...

Ойлап қарасақ, білімді жастардың жұмыссыз жүргендігі ақылға қонбайды. Төрт жыл бойғы білімді растайтын құжатты құнсыз деп айта алмаймыз. Тиісінше бір мамандықты алып, мансабы жоғары қызметте еңбек етіп жүрген азаматтар да ел ішінде жүр.
Қос дипломды құшақтап табанынан ­таусылып, әуре-сарсаңға түсіп, жұмыссыздар қатарынан көрініп жүргені көп жастың көңілін қынжылтады. Сарғайған ­дипломды қолына алып, мекеме есігін жағалап жүргендер отбасы қамын ойлап, жалдамалы жұмысқа жегілуге мәжбүр болады. Сонымен қатар дипломның пайдасынан күдер үзгендер жеке кәсіп ашып ісін дөңгелентіп жүрсе, енді бірі табыс тауып бала-шағасын асырауға түрлі қалаға жол тартып,
Енді түлектерге оралсақ, оқуға түсуге мүмкіндік пен грант саны артқанымен, тәріп пен талап жылдағыдан күшейген. Технологиялық жүйе дамыған сайын түрлі мамандықтардың пайда болып жатқаны да жасырын емес. Сондықтан мектеп қабырғасында жүрген әрбір түлек үшін технологиялық мамандықтарға оқуға түсудің мүмкіндігі зор екенін айта кеткен жөн. Дегенмен бүгінгі жастар мамандық таңдаудан бұрын бейіндік пәнді таңдауда үлкен қателіктерге жол беріп жатады. Мәселен, олар көп жағдайда физика математика, немесе химия-биология, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін таңдайды. Олар осы арқылы мұғалім немесе, дәрігер болуды көздейді. Себебі, бүгінгі таңда мұндай мамандықтардың жалақысы жоғары екені сөзсіз. Сондай-ақ, бала жүрек қалдауындағы мамандыққа емес, үйдегілердің таңдауына құлақ асады. Көңілі қаламағанды таңдаған жас ешқашан өз мамандығын сүйе алмайды. Тиісінше, жұмыс та таба алмайды.
– Мен аудан орталығындағы мектептердің бірінде мұғаліммін. Қазіргі таңда 11-сынып оқушыларына жетекшілік етіп, оларды үлкен сынаққа дайындап жатырмын. Мен үшін әрбір оқушының болашаққа дұрыс таңдау жасағаны маңызды. Бұл ретте, ұстаздардың рөлі зор деп ойлаймын. Сыныпта қанша оқушы болса, олардың әрқайсысы әртүрлі іске бейім. Сондықтан оларға қолынан келетін, көңілі қалайтын мамандықты таңдауға бағдар беруге тырысқанбыз. Шәкірттеріміздің дені мұғалім болғылары келеді. Мамандық таңдауда ата-ананың емес, оқушының өз таңдауы маңызды рөл атқарады. Сондықтан үйдегі әрбір ата-анаға баласының жарқын болашағы үшін өз қалауындағы мамандыққа оқуға түсуіне кедергі болмауы керектігін айтқым келеді. Сонда ғана жұмыссыз жүрген жастардың қатары азаяр еді, – дейді Мөлдір Мақсатқызы.

САНДАР ДА СОЛАЙ ДЕЙДІ
Бүгінде әлемде 18 бен 30 жас аралығындағы 300 миллон адам жұмыссыз жүр. Ал елмізде жұмыссыздардың саны 90 мыңнан асты. Сарапшылардың айтуынша, жастардың 42,2%-і білім алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді, 25,3%-і таңдаған мамандығы бойынша жұмыс табу қиын деп санайды. Ал 71,1%-і жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоқтығын алға тартқан. Қазақстан бойынша жұмыссыз жастардың саны 18,9 процентті құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Өзге өңірлерде екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың саны 9,7 процентпен Алматы облысы көш бастап тұр. Сондай-ақ Павлодар, Қызылорда, Тараз, Нұр-Сұлтан қалалары да алдыңғы қатарға жайғасқан. Жұмыссыз жастардың қатары былтырғымен салыстырғанда 8 процентке артқан.

ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРДЫҢ ЖАЙЫ
Алысқа ұзамай-ақ қоялық. Ауданда қазірдің өзінде қолында дипломы бар алайда жұмыссыз жүрген мамандар жетерлік. Олардың басым көпшілігі солтүстік өңірлерде технологиялық мамандықтар бойынша «Серпін» бағдарламасымен білім алып келгендер. Керек десеңіз, іргеміздегі өңірлерде білім алған жастардың өзі бүгінде жұмыс таппай әлек. Ал ұстаз боламын деп, ауылға келгендер жайлы жақ ашпасақ та болады. Себебі, ауданда мұғалім болудың өзі тіпті қиын.
Дипломды жастардың бірі – аудан тұрғыны Меруерт. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жоғары білім алған. Оқыған саласы бойынша жұмыс істегісі келеді-ақ, алайда оған мүмкіндігі жоқ. Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір ауданда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері көп.
– Мамандығым бойынша мектептерге жұмысқа тұруға болар еді. Алайда ауылда мұғалім көп. Әсіресе, менің мамандығыма жұмыс табу қиын. Бос орын жоқ. Сондықтан, қазіргі таңда жұмыссыз жүрмін. Мен бала күнімнен мұғалім болуды армандадым. Оқушы кезімде орыс, қазақ тілдерін өте жақсы оқыдым. Кейде мектеп қабырғасын бітірген соң, бірден математика немесе орыс тілі пәнінің мұғалімі болуым керек еді деп ойлаймын. Бұл мамандыққа қазіргі уақытта сұраныс жоғары. Ауылда осы саладағы мамандар жоқтың қасы ¬деуге болады. Егер мен орыс тілінің мұғалімі болғанда, жұмыссыз жүрмес едім. Сол үшін өзімнен кейінгі жастарға, мектеп бітіруші түлектерге жұмысқа орналасуға болатын, тапшы мамандықтарда білім алу керектігін айтқым келеді, – дейді аудан тұрғыны.

ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
Қазақстан жағдайындағы жұмыссыздықпен күресудегі ең басты жол – жаңа жұмыс орындарын ашу. Әлеуметтанушылардың айтуынша, әсіресе өңдеуші өнеркәсіп саласында, тұрақты жалақысы лайықты аймақтарда жұмыс орындары ашылса, бізде ішкі миграция толқыны азаяды. Қажетті жұмыс орындарына керекті мамандарды жергілікті деңгейде сапалы дайындау, оқу барысында кәсіби дағдыларды игерту, қайта оқытуда колледждердің инфрақұрылымдық, техникалық базасын күшейту арқылы, оларды жұмыс берушімен біріктіру арқылы оқытуды іске асыру керек.
Расында жастарды тегін біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, сәйкесінше, еңбек нарығында жаңа жұмыс орындары көп болуы қажет. Себебі қанша жерден біліктілігін арттырып, білімді, жаңа жастар тәрбиелеп оқытқанымен, еңбек нарығында жаңа жұмыс орындары болмаса, онда біз жұмыс күшін көрші мемлекеттерге, шетелдерге дайындап жатқан боламыз. Қазірдің өзінде бәсекеге өте қабілетті жастардың өзі шетелге жұмысқа кетіп жатыр. Еңбек нарығында өзіміздің экономикаға қызмет ету үшін біз жастарға лайықты жұмыс орнын ұсынып, лайықты жалақы тағайындай білуіміз қажет. Сондай-ақ технологиялық мамандықтарды, оның ішінде IT саласына басымдық берілу керектігін айта кеткен жөн. Мәселен, ауданда күн санап жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Алайда, мұндай ғимараттардың бой көтеріп өркендеуіне тиісті сала мамандары жетіспейді. Сонымен қатар инженерия, электроэнергетика салаларыдағы мамандықтардың да орны ойсырап тұр. Сәулетшілер мен құрылысшылар да тапшы. Ал шығармашылық мамандықтарға келер болсақ, жоғарыда аудан тұрғыны атап өткендей, расымен оңтүстік өңірлерге орыс тілі пәнінің мамандары жетіспейді. Сондықтан, мектепті бітіретін әрбір түлектерге қажет мамандықтарда білім алу керектігін ескерген жөн. Сонда ғана жұмыссыз жүрген жастардың саны азайып, бос жұмыс орындарының орны ойсырамайды.

Сымбат СҰЛТАН
24 наурыз 2023 ж. 345 0