Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨРЛЕТ, ӘЗ-НАУРЫЗ!

ТӨРЛЕТ, ӘЗ-НАУРЫЗ!

Көптен күткен әз-Наурыз табалдырығымызды аттағалы тұр. Тарих қойнауына тағы бір жылымызды артқа тастап, жаңа жылға енбекпіз.

ЖЕТІ ТҮРЛІ ДӘНІ, ТІЛ ҮЙІРЕР ДӘМІ
Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз келгенде қазақтың қазаны құтқа толады. Киелі сан 7 түрлі дәмнен құралатын наурыз көже – молшылықтың белгісі. Қазақ халқы әу ­бастан киелілікке, ырымшылдыққа аса мән берген. Сондықтан асқа қосылатын әр дәмнің құндылықтарына тоқталғанды жөн көрдік. Өйткені, бұл мерекенің басты символы да осы.
Ерекше дәмімен, әртүрлі қоспасымен дараланатын наурыз көже құнарлы тағам. Ыстық ықылас, шын пейілмен әзірленетін ас ағайын-туыстың басын бір шаңырақ астына біріктіреді. Оған 7 түрлі дәм қосады. Бірінші көжеге су қосқаны, өмір – өзен, ұрпақ – өріс судай асып-тасысын деген ырымнан туған. Тұз қосқаны, қазақ қашаннан сөзді қастерлеген халық. Сондықтан ешқашан дәмсіз сөз сөйлемеген. «Тұз – астың дәмін, мақал – сөздің мәнін келтіреді» деп тәмсілдеуінде осы мән жатса керек. Сүт немесе ақ құйғаны сүттей ұйып отырайық, ақ мол болса, денсаулыққа да кепіл дегені. Көңіліміз де ақ болсын деген таза ниет. «Ағы бардың бағы бар» деп түсінген халық сүт тағамын несібелі асқа балаған. Әсіресе, құрт қосып, әлсіз, аурушаң адамға әл-қуат беретінін білген.Одан кейін қазақтың негізгі асы ет қосылады. «Қазан толсын, асар мол болсын» деген мақсатта «Ұзынсарыға» сақталған сүр етті тұтастай Наурыз көжеге салып қайнататын болған.
Сондай-ақ қазақ табиғатынан малмен біте қайнасып жатқан халық. Сол себепті көжеге ет қосуды да назардан тыс қалдырмайды. Яғни асар мол болсын, қазан толсын деген мақсатта «ұзынсарыға» сақтаған сүрленген етті тұтастай наурыз көжеге қосып қайнатады. Көжеге қосылатын алтыншы дәм – бидай, арпа, жүгері. Бұлар дәрілік ем. Мысалы, арпаны жиі пайдаланатындардың қаны бұзылмайды екен. Көптеген ауруларға шипа болған арпаны Жаратушы Алла «Нандардың ішіндегі ең жақсы нан – арпа наны. Кім оған қанағат қылса, ол оны тойдырады. Себебі, ол менің наным, барша пайғамбардың наны» деген екен. Ал жетінші дәм – күріш. Бұл дәнді дақылдың қалай өсіп-өнуі, денсаулыққа пайдасы жайлы Шиелі халқы жақсы біледі. Күріштен тау тұрғызған Ы.Жақаев бұл өңірді алтын дәннің отанына айналдырып кеткені мәлім. Ұлттық астың құрамына енген күріш ішкі ағзаны тазартатын дәрумендерге бай. Жалпы наурыз көжеге дәнді-дақыл пайдаланатыны бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз көп болсын деген бата-тілекпен астасып жатқандай. Әрі ­Наурыз мерекесі қарсаңында дастарқанын кеңге жайып, көрші-қолаң немесе тұтас бір ауыл ас-ауқатын үлкен қазанға құйып араластырып баршаға ұсынған. Бұл да қазақ халқының ауызбіршілігін, бауырмалдылығы мен татулығын көрсетсе керек.

ӨҢІРДЕГІ ӨЗГЕШЕЛІКТЕР
Бүгінде елімізде жүзден аса ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Елдің татулық пен келісімде өмір кешуі, барша азаматтардың тұрмысы мен тегіне қарамастан, тең құқыққа ие болуы, күн мен түн теңесіп, табиғатта, әлемде теңдік орнайтын Наурыздың қағидаттарына тура келеді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі елді бейбітшілік пен келісім жолындағы ырысы мол тұрақты қоғам құруға бағыттауға зор ықпалын тигізіп отыр. Бұл күні барша жұрт Наурыздың салтына сай бірін-бірі ақ дастарханға шақырып, бойына қуат тілеп, ас тартып, жаңа жылда емен-жарқын араласады, өткен-кеткен өкпе-реніштің бәрін ұмытады. Бұл – ұлық мереке. Елдің басы бір арнаға тоғысып, бірлігі бекемделе түседі. Ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран болып жұмылып, төс қағысып, ақ дастарханнан дәм татады.
Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін созылған киелі Қазақстан жерінде дәстүрлі тағамның түрлі құрамы бар. Мәселен, шығыс қазақстандықтар наурыз көжеге мейлінше қолда бар дәмдердің бәрін қосқанды қалайды. Алайда, көкөніс, өрік-мейізді мүлде қоспайды екен. Ал Қостанай облысында наурыз көжеге сақталған сүр ет міндетті түрде қосылады. Әсіресе, Торғай өңірінің тұрғындары арпа дәнінің қосылуына қатты мән береді. Денсаулыққа пайдалы арпаның қасына тары мен күріш, ащы айранды қосады. Ең бастысы, 7 түрлі дәм салынады. Сондай-ақ атыраулықтардың пісірген көжесінде ерекше бір дәм болады. Ол жақта наурыз көженің құрамына қосылатын сүр еттен бөлек, тары мен мейіз бар. Сондай-ақ шыжғырылған құйрық майы қосылады екен. Ал сиырдың сүті болмаған жағдайда түйенің сүтін пайдаланады. Шымкенттіктер де мейрамның басты тағамын 7 түрлі қоспамен әзірлейді. Дегенмен әр үйдің көжесі бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысының дәмі әртүрлі. Кейбір апаларымыз май сақтаған қарынды бір жуып көженің түбіне тастайды. Бұл өте ежелгі әдіс. Әбден тұзы сіңген қарын көженің дәмін кіргізіп қана қоймай, бойында қышқыл элементтері жетіспейтін адам үшін таптырмас дәрумен көрінеді. Ал батыстықтар жылқының жалын аршамен, адыраспанмен, әртүрлі тау шөптерімен ыстап алып, көжеге қатады. Шикі жал көжеге өзіндік дәм береді. Дегенмен өңірлердің арасында наурыз көжесі ингредиенттерге ең бай өңір – Қызылорда облысы екен. Мұнда бидай, ақ үрмебұршақ, қызыл үрмебұршақ, жүгері, маш, сөк, т.б. дәнді-дақылдар қосылады.
Иә, наурыз көженің қатып қалған қоспасы жоқ. Әркім қолда барын, қалауын салады. Тек 7 түрлі дәм болса болғаны. Төрт түліктің аузы көкке тиіп, жаңа жылға жеткенін тойлаған қазақ халқы жиып тергенін қазанға салады. Яғни көпұлтты Қазақстанның бір шаңырақ астында бірлікпен ғұмыр кешкені тәрізді, түрлі дәмнен құралған наурыз көжеден де татулықтың иісі шығып тұрады. Дастархан аққа толып, елдің мерейі үстем болады, жер үстінде көктемгі шаттық орнайды. Халқымыз үшін бұл күн – қашанда ырыс пен ынтымақтың, татулық пен бірліктің, жастықтың және жаңғырудың мерекесі.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
22 наурыз 2023 ж. 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930