АУРУ – АСТАН

Түстік уақытта Әбдіманап Шорабаев базарына жол тарттық. Біздің бұл жолғы мақсатымыз – базар ішіндегі асханалардың қазіргі ахуалын бақылау болды. Сондықтан, базар ішіндегі шағын асханалар мен дүңгіршектерді көзбен көрмекке бекіндік. Ең әуелі кішігірім дүңгіршектерді сырттайшолып шығып, тез дайындалатын тағамдарды қалай әзірлейтіндерін сырттай бақыладық. Көзбен көргеніміздей, әлгі дүңгіршектегілердің дені фаст фуд әзірлегенде санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтамайтын болып шықты. Мәселен, сол уақыт аралығында «Арзан» сауда орталығындағы түстік сатып алатын мұндай орындардың қызметкерлері арнайы қолғапты мүлде киген жоқ. Яғни, сатушылар ашық тұрған орында бір реттік қолғапты пайдаланбай келушілерге гамбургер, самса, шауырма сияқты талғажау болатын дәмділерді ұсынып жатты. Тазалық, гигиена үшін кереғар көрініс әрине. Бірақ тұрғындар мұндай дүңгіршектерден арзан ауқат сатып алуға машықтанып алғандығын байқаймыз. Себебі, бағасы да қолайлы. Дәмі де тәтті. Сондықтан да болар, тұтынушылар бұл жердегі санитарлық талаптарға аса назар аудара қоймайды. Айналадағы көліктердің түтіні жүректі айнытып, шаңы шығып жатса да, терезесі ашық тұратын фаст фуд орындарының саудасы қызып тұр. Ал кішігірім асханалар ше?
Иә, базар маңында да саудагерлер мен тұтынушыларға арналған кішігірім асханалар көп. Бірақ мұндай орындарда да жағдай мәз емес. Бірі санитарлық талаптарға сай келмесе, енді бірінде ас ішу қолайсыз. Өйткені, асханалардың іші тым тар. Интерерін айтпаған күннің өзінде, біразының ұсқыны қашқан. Тіпті, кейбір асханалардан қол жуатын сұйықтық пен киім ілгішті мүлде кездестірмедік. Демек, базар ішіндегі асханалардың қазіргі хәлін көңіл көншітеді деп айту қиын...
Қазіргі кезде дімкәс емес адам табу – қиын. Елімізде пандемея басталғалы бері жағдай тұрақталғанымен, ел ішінде эпидахуал қайта өршиді деген сыбыс тарап жатыр. Вирус жұқтырып аламыз ба деп алаңдаған тұрғындардың бүгінгі хәлі тіпті қуантпайды. Расында осындай кезде бактериялар тез таралып, ауру лезде жұғып кетуі бек мүмкін. Мәселе неде? Мәселе – алдымыздағы аста...
«Байдың асын байғұс қызғанады» деп жүрмеңіздер. Бұдан «байғұсқа» келіп-кетер ештеңе жоқ. Кәсіпкердің нәсібін тоқтату да ойымызда жоқ. Біздікі тек санитарлық талаптардың дұрыс сақталғанын баса назарда ұстау. Себебі, елімізде «тәж вирус» тағы да басталып кету қаупі бар. Ал вирус һәм бактерия тамақтану орындарында көп болатынын айтпасақ та білесіздер. Санитарлық талаптар сақталмаса, індеттің елге қайта келмесіне кім кепіл? Ауру – астан. Әрбір адам тазалықты өзінен бастауы керек десек те, базардағы дүңгіршектер мен асханалардың бұл істе тиянақты болғаны жөн. Мұндай орындарға тұрғындар күні-түні ағылып келетін болғандықтан, сатушылар тазалықты сақтап, санитарлық талаптарды орындаса деген ұсыныс біздікі. «Көрген көзде жазық жоқ» дегендей, көріп тұрып жазбай, сатушыға айтпай кету бізге де сын болар дедік...
Сымбат Сұлтан