Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түскі астан кейін неге ұйқы келеді? 

Түскі астан кейін неге ұйқы келеді? 


Түскі астан кейін "бір тынығып алсам ғой", "мына жерде бір жатын орын болса ғой" деп айтатын әріптестеріңіз бар болар. Өзіңіз де талай айтқан боларсыз. Түскі асты ішкеннен кейін жұмысқа белсенділік төмендеп, білек сыбана кірісу кейде қиындайды. Бұл әлсіздік пе, әлде жалқаулық па? Расында, бұл - табиғи құбылыс . Жалғыз адамдар ғана емес, кей жан-жануарларда да мұндай босаңсу болады. Ғалымдар табиғи заңдылық деп қарайды. "Түсте аз уақыт көз шырымын алу - ағзаның бір қалауы" - деп жазады кей зерттеушілер. Әсіресе ыстық аймақтарда түс ауа бір тынығып алу көп кездеседі екен. Бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бір бейімделу іспетті де. Түскі астан кейін ұйқы келуін зерттегендер көп-ақ. Неге тамақтанғаннан соң ұйқы келетініне мән берген. Анығында бұл қанда глюкозаның артуына байланысты екен. Ол артқанда ми бөлігі жасушалары сергектік жайлы ақпарат қабылдамайды. Орексин гормоны аз бөлінеді. Ал бұл гармон адамға сергектік сыйлайды. Тағам арқылы ағзаға келген көмірсулар да босаңсуға әкеледі. Мұның әсерінен серотонин гармоны бөлініп, адам өзін байсалды ұстай бастайды. Бұдан кейін адам аздап тыныққысы келеді. Түскі ұйқы балалардың есте сақтау қабілетіне пайдалы  Ғалымдар бұған қатысты болжамдары көп-ақ. Мысалы, әр адамның әлсіз тұстары (ағзада) болады. Ас ішкеннен кейін оған көбірек күш түседі, әрі көп қан сонда ауады. Нәтижесінде қанайналым аздап "ауытқып", мида оттектің жетіспеуі туындайды. Ас қорытылу үшін ағза адамды ұйқыға "жетелейді". Түскі астан кейін ұйқының келуі - табиғи әрі физиологиялық құбылыс екенін айта кеттік. Ал ұйқы келмеу үшін не істеу керек? Түс ауа сізді маңызды істер күтіп тұрса, алдын алуға болады. Ол үшін түсте тамақтанғанда глюкоза мен көмірсуы аз ас ішіңіз. Сорпа, майға пісірілмеген ет және түрлі салаттарды жесеңіз болады. Бұл - қарапайым бір жолы. Босаңсымас үшін тағамның тез қорытылуына сеп болатын сусындарды (кофе, қою шай) ішсеңіз де болады. Дегенмен ағзаның кем дегенде 15 минут тынығуына жағдай жасау керек. Санаулы минут тынығудың өзі түс ауа жұмысыңыздың өнімді болуына айтарлықтай пайдасын тигізеді.
Massaget.kz
13 ақпан 2019 ж. 1 792 0