Қайыры бар қайтарымсыз грант
Бүгінгі нарық заңына сәйкес бизнес ашамын, жеке кәсіпкер боламын десеңіз ең әуелі жеткілікті қаражат болмаса несие алуға жүгінесіз.
Ал, несие алу үшін кепілге қоятын бағалы мүлкіңіз болуы шарт және несие тарихыңыз да жақсы болуы қажет. Несие алып, бизнес ашқан күннің өзінде ай сайынғы төленетін қаржы тағы бар. Мұның өзі тәй-тәй басқан бизнестің өркен жаюына айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Айта берсек кедергілер көп-ақ. Дегенмен мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында халыққа түрлі жобалар ұсынылып жатқандығын айта кету керек. Соның бірі – «Бастау Бизнес» жобасы. Аты айтып тұрғандай бизнес жоспар жасап, оны комиссия мүшелерінің алдында қорғап шықсаңыз, қайтарымсыз 1 млн 380 мың теңге бизнесіңізді бастауға зор мүмкіндік береді.
Өткен аптаның сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері осынау мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз гранттың комиссия отырысы өтті.
Комиссияға бақ сынап, кәсіпкер атанамын деп үмітпен келіп жатқандардың қарасы қалың. Үш күнге созылған комиссия отырысына 294 адамның бизнес жобасы таныстырылып, түрлі себептерге сәйкес 20 адам бизнес жоспарын қорғауға қатыса алмады.
Кәсіпті нәсіпке балағандар «Fast food» орталығын, сұлулық салонын, автокөлік жөндеу шеберханасымен жуу орталығын, дәнекерлеу цехын, жартылай фабрикат өнімдерін өндіру цехын, кондитер цехын, жиһаз жасау және тігін цехын ашу, жем-шөп дақылдарын өсіру, жылқы, мал, омарта, құс шаруашылығын ашу бағытында бизнес жобаларын комиссия мүшелеріне таныстырды. Комиссия мүшелерінің қойған сұрақтарына талапкерлердің бірі жауап берсе, енді бірі бизнес жобаларын қорғай алмады. Комиссия мүшелері дайындықсыз келген үміткерлерге мамыр айында өтетін жобаға дайындалып қайта қатысуға кеңес берді.
Өткен жылы ауданда 381 азаматқа 400 АЕК мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік грант берілген болса, биылғы жылы 149 азаматқа грант беру жоспарланып отыр.
Дархан Байтілес