Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл бар ма?
Жасыратыны жоқ, ақпарат айдынында зорлық-зомбылық тақырыбы қозғала қалса міндетті түрде оңтүстік өңірі қоса айтылады. Түркістан облысының ауылдары мен Шымкент қаласына қатысты деректерді де мысал ететіндер көп. Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің азаймай тұрғанын БҰҰ халықтар саны қорының ұлттық сарапшысы С.Сәбитова да растайды.
Тойып секіретіндер де бар
«Телебағдарламаларда көбіне Түркістан облысындағы оқиғалар сөз болады. Бас прокуратураның статистикасына қарайтын болсақ, ең көп зорлық-зомбылық оқиғалары тұрақты түрде осы өңірде тіркеледі. 2017 жылы Сарыағашта ашылған әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметіне жарты жылда небәрі 47 адам жүгініпті. Одан кейін ауылдарға барып, тренингтер, лекциялар, өткізіледі. 2020 жылдың өзінде 800-ден астам адам қолдау қызметіне жүгінген. Қолдау орталығына зардап шегушілердің өздері келіп жатады. Кейде оларды медициналық мекемелер, полиция қызметкерлері жібереді», – дейді ұлттық сарапшы.
Сарапшы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда көбірек тіркеледі» деген пікірмен келіспейді. Арнайы жүргізілген тәжірибе қолдың қысқалығы отбасын біріктіре түсетін көрінеді. Керісінше, қалталылардың кейбірі өзімшілдік пен менмендікке бой алдырып, айналасындағылардың бәрін өзіне бағындырып, басқаруға құмар келеді екен. Бұл орайда олар әйелі мен балаларының құқығы дегенге бас қатырмайтындай.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес жұмыстары БҰҰ халықтар саны қорымен бірге жүргізіліп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев әкімдік тарапынан ведомствоаралық тетіктерді бейімдеу бойынша жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. 2021 жылы Орталық Азияның бірнеше мемлекеті өкілдерінің басқосуында Түркістан облысының осынау тәжірибесі көрсетіліп, ол көрші мемлекеттердің қызығушылығын тудырған. Бүгінде өңірдің 17 аймағында зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр.
БҰҰ халықтар саны қорының Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша атқарушы серіктесі, Түркістан облысының іскер әйелдер қауымдастығының кеңесшісі Қ.Бекенова облыста Бас прокуратура мен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын жүзеге асыру аясында басталғанын атап өтті. Ең алдымен Сарыағаш пен Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметі құрылып, оған барлық құзырлы орган жұмылдырылған. Пилоттық жоба толыққанды әлеуметтік институтқа айналған. Алайда соған қарамастан, облыстың Сайрам ауданында әлі де болса мұндай мәселелер жиі кездесіп тұрады.
Қоғамдық көзқарас түзілмей....
Ескі салт-дәстүрді көбірек ұстанатын сайрамдықтар мұны демографиялық ахуалмен және халықтың сенім-нанымының ерекшеліктерімен байланыстырады. 220 мыңнан астам тұрғыны бар Сайрам ауданында халық тығыз қоныстанған. Сайрам ауданы әкімдігінің әлеуметтік-психологиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ғ.Медеуов отбасылық қарым-қатынасқа ұлттық менталитет пен салт-дәстүр қатты әсер ететінін айтады. Ол қыздардың ерте тұрмысқа шығатынына, олардың жоғары білім алуына мүмкіндігі жоқ екеніне, салдарынан өз құқықтарын қорғауға қабілетсіз болатынына назар аударды.
Бөлім басшысының айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда әр ауылдың беткеұстар ақсақалдарымен жұмыс жүргізіледі екен. Алайда алуан түрлі көзқарасқа байланысты әйелдердің тең құқылы екенін түсіндіру қиынға соғатын көрінеді. «Негізінен, тұрмыстық зорлық-зомбылықты ер-азаматтар жасайды. Олардың көбі әйелді «екінші» сортты деп қабылдап, «әйел еркексіз ешнәрсе істей алмайды» деген пікірмен өмір сүреді. Некесін бұзуға ниеттенгендермен сөйлескенде байқағанымыз, жылдар бойы жиналған ұсақ-түйек тұрмыстық кикілжіңдердің соңы ажырасуға алып барады. Көп жағдайда ерлі-зайыптылар отбасы құндылығын, бала тәрбиесін ұмыт қалдырады. Біз отбасын сақтап қалудың үлгісін көрсетеміз. Тіпті, болмай бара жатқанда екі жақтың ата-аналарымен сөйлесуге тура келеді. Осы тұста байқағанымыз, ененің де орны айрықша екен. «Кезінде мен де осындай қиындықтарды көргенмін, ол да сезінсін» дейтін пікір де отбасындағы дау-дамайдың басты себебіне айналған», – дейді бөлім басшысы. Сену-сенбеу өз еркіңізде, бірақ шынайы жағдай осы.
Бұдан бөлек, діни наным-сеніммен қыздарын мектеп бітіре сала тұрмысқа беретіндер көп. Осыдан барып олар білімі таяз, құқықтық тұрғыдан өзін-өзі қорғай алмайтын халге түседі. Сонымен қатар ауданда өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері де жиі тіркеледі екен. Сайрам ауданына қарасты бір ғана Қарабұлақ ауылында жыл сайын 30-ға жуық өз-өзіне қол жұмсау, 200-300-ге тарта тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркеледі. Бұл ресми тіркелгендері ғана.
Әкеге арқа сүйейтіндер аз
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен жақсы таныс психолог Эльмира Абиева отбасында қорлық көргендер кәсіби психологиялық көмекке жүгіне қоймайтынын айтады. Олардың көбі дағдарыс орталықтарынан, мемлекеттік мекемелерден көмек сұрайды.
«Мемлекеттік мекемелерде, дағдарыс орталықтарында жұмыс істеп жүрген психологтердің жалақысы төмен болады. Сондықтан онда кәсіби мамандар бара бермейді. Ал ондағы психологтердің кәсіби білімі күмән тудырады. Психологтер үнемі білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Оларға қолдау керек. Жалақысы аз мамандар қосымша қалай білім алмақ?! Сол себепті кейбір тығырыққа тірелген, шешуі қиын зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандармен жұмыс істеу бізге тапсырылады», – дейді Эльмира Такенқызы.
Маманның айтуынша, бәрін бір ғана тұрмыстық зорлық-зомбылық деп сипаттағанымен, таяқтап тәрбиелеуді құп көретіндер түрлі қадамға барады екен. Отағасы ретінде материалдық жауапкершілікті сезінбей, әйеліне қол жұмсайтындар да табылады. «Ұят болады» деумен жыныстық зорлық-зомбылық көргенін жасырып бағатындар да бар. Ашумен артық кетіп, көк ала қойдай етіп сабаған күйеуіне кешірім бере салатындар да табылады.
Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі, балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болудың бір қадамы отбасын құруды жоспарлау екенін айтады. Сонымен бірге балалардың қажеттіліктерін анықтау мақсатында жүргізілген сауалнамаға қатысқан 31 мыңға жуық оқушы «Қиын жағдайда кімнен көмек сұрайсың?» деген сауалға 2 пайызы психологке, 12 пайызы әкесіне, 75 пайызы анасына жүгінетінін айтқан. Демек, әкесіне арқа сүйейтіндер аз. Анасына көп сенім білдіру жақсы шығар. Алайда бұл да отбасындағы әке рөлінің төмендегенін көрсетеді. Өкінішке қарай, көзін ашқаннан тұрмыстық зорлық-зомбылықты көрген балалардың 80 пайызы сол әрекетті қайталауға бейім келетін көрінеді.
Демек, қиын жағдайға тап болған балаға, анаға, отбасына көмектесетін психологтердің сауатын арттырып, білімін жетілдіруді де жүйелі жүзеге асыру керек.
Түркістан облысы