ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІНЕ АМАНАТ
...Елге аманат. Әрі көлемді, әрі қалың мына кітап солай аталыпты. Шиелі өңірінің әндері мен күйлерінің жинағы. Жинақтаушы – Шиелінің өз азаматы, аудандық Өнер мектебінің басшысы Нариман Мизамбаев ініміз екен. Бұл еңбектің қаншалықты ауқымды іс екені көзі қарақты кісіге әбден-ақ аңғарылып тұр. Сонау Нартай, Иманжүсіп, Есенбек сияқты даламызды дүркіретіп өтіп, тарихқа сіңіп кеткен дүлдүлдерімізден бастап, бүгінгі күні жиырмаға жаңа жетіп, ертеңіне үмітті көздерін енді сала бастаған жастарымызға дейін түгел қамтылған екен.
Кітапты парақтаған сайын қаншама қимас адамдарыма, жақын таныстарыма хан базарда жолығысып қалғандай көңілім хошуақтанып отырды. Мына кісі – Тынысбек Дүйсебеков. Дәл осы кісі жайлы менің де бір дүние жазғым келіп жүретін-ді. Тұла бойынан өнердің, оның ішінде киелі күй өнерінің кәусары тамшылап тұрған ағамыз – күллі қазақ еліндегі Әлшекей Бектібайұлының нағыз жанашыры, күйшінің шығармаларын таратушылардың алдыңғы шебіндегі кісі.
Кітапты парақтаған сайын қаншама қимас адамдарыма, жақын таныстарыма хан базарда жолығысып қалғандай көңілім хошуақтанып отырды. Мына кісі – Тынысбек Дүйсебеков. Дәл осы кісі жайлы менің де бір дүние жазғым келіп жүретін-ді. Тұла бойынан өнердің, оның ішінде киелі күй өнерінің кәусары тамшылап тұрған ағамыз – күллі қазақ еліндегі Әлшекей Бектібайұлының нағыз жанашыры, күйшінің шығармаларын таратушылардың алдыңғы шебіндегі кісі.
Ал Серікбай Бегалиевті туған ауылы түгел біледі, бүгінгі Ы.Жақаев шаруашылығының халқы әзірге ұмыта қойған жоқ. Алайда аудан, облыс жұрты жақсы біле қояр ма екен? Әуелгі аты «Қызылту жастарының маршы» болып, бүгінгі күні «Жақаевшылар вальсі» деп айтылған ән осы кісінің есте қалған біреу де болса, бірегей әні еді. Ел ішінде, бас қосу тойларда әлі күнге айтылып қалып жүрген бұл әнді С.Бегалиевтің рулас туысы, өзі де әуесқой сазгер Өтепберген Жұмабеков осы кітапқа қостырған екен. Айтары жоқ, өте сауапты іс жасалған. Іздеушісі жоқтығынан қаншама жақсы дүниелер жоғалып кетіп жатқаны да шындық. Тасқа басылып түскен бұл дүние енді ұрпақтан ұрпаққа жетіп, өшпей таралуы мүмкін.
«Аманат...» кітабынан және бір танысым – жалындап жүріп, жарқ етіп сөнген Серік Өтеуовты көрдім. Ақын еді, екі күйімен кітапқа еніпті.
Осы кітаптың тағы бір тұрғыны, ол – кеше ғана өмірден өткен әнші, сазгер Абат Сыздықов. Дос жігіт еді. Сондықтан да еске алып отырған сияқтымын. Екі жыл бұрынғы оба – ковидтің құрбаны болды. Артында жазған өлеңдері, шығарған әндері, айтылған әңгіме, естеліктері және ұрпағы қалды. Бұл да болса аз байлық, мұра емесі анық.
«Аманат» сарайын аралап жүріп, бір-екі өз өлеңдеріме де жолығысып қалдым. Мұның өзі осы көлемді томды жинақтап құрастырған топтың, оның ұйымдастырушысы Нариман Мизамбаевтың аса ыждағаттылықпен жұмыс істегенін көрсетеді. Егер осындай қажырлы еңбек, тынымсыз ізденіс пен жанашыр жауапкершілік болмаса, бұл жинақ та кезекті бір көрнекі шығарылым болып қала берер ме еді, кім білсін?!
Бірақ жақаевтық Өтепберген Жұмабеков сияқты таланты мен терең талғамы бар да, кәдімгі пенделік пысықайлығы жоқ адамдар ескерусіз тасада қалып кете берер еді. Кітаптан ол кісінің де 5 ән, өлеңін көргенде қатты разы да болдым әрі таңғалдым. Разы болғаным – осы томдықта Өтепберген аға секілді талай ел ішінде қалып бара жатқан аса қабілетті жандар алғаш рет көрініп отырған шығар. Солардың бәріне ортақ өнер тағдыры болар деп, Өтекеңді толығырақ әңгімелеп өтсек, артық бола қоймас.
1948 жылы дүниеге келген Өтепберген Жұмабеков әке-шешесінен ерте айырылған соң, алдында жалғыз ағасы, артында екі інісі – төртеуі балалықтың жасыл көктемін еңбектің ауыр кетпеніне ауыстырып, тіршіліктің тырмысқан күресіне тап болды. Алғыр бала күнкөрістің қамы үшін 8-сыныптан соң оқуды тастап, өмірдің ұзақ сонар мектебіне етене араласады. Бұл мектеп ақиқатында өнер мектебі болғаны да анық. Ақындық, қаламгерлік, суреткерлік негізінде тоқтықтан емес, жоқтықтан, асқандықтан емес, көкірегін ащы шер басқандықтан бастау алады. Тойынған адамды кірпияз өнер тастап та кетуі мүмкін.
Өтеп – әуенге, музыка, сазға құмартты. Қолына сырнай, гормон, домбыра ала жүріп, нақышына келтіре баян тартуды үйренді. Дәл осындай күй, осы сезімдер көкірегін оятқан болар, өлеңге ынтығып, оны оқыды, саз, әуенге елтіп, ән шығара бастады. Бұл әлем – басқа әлем, сұлулықтар әлемі еді. Міне, Өтепберген де дәл осы әлемнің төл перзенті болатын. Бірақ бұл әлемнің төрі бәрімізге бірдей ортақ бола бермейді, өнерлі жігітті де тұрмыс қамы тұсаулады. Ауылдан аттап шыға алмады, арманын діттеп қуа алмады. Жазған жырлары жастығының астында жатып көнерді, тудырған әндері өз көңілінің төрінде ғана тыныс тапты. Сөзімнің жалаң болмағанын дәлелдеу үшін Өтептің «Жан жырым» деген бір әнін ғана мысал етіп көрейін. Ән әуені әлдебір қайталауға, біреуге еліктеуге жатпайды. Өзіндік әуен, нақыш бар. Сөзі де өзінікі:
...Бірге шешіп өмірдің түйіндерін,
Бәрі есімде бүлінген, күйінгенім.
Жан жарым, аяулы махаббатым.
Болашағым, төрт бірдей қанаттарым,
Өмір тілеп сендерге таң атқардым
Жан жарым, жайқалған абат бағым.
Өтеп аға – бұл күнде жасы жетпістен асқан ел ағасы. Ал мына әні сол баяғы жастық күйінен еш өзгермей, әлі де мөлдіреп тұрған сияқты. Өнер құдіреті де осы емес пе? Енді бір 50, 70 жыл өтсе де, бұл ән «Жан жарым, аяулы махаббатым» деп, жастығын жырлап тұра берері сөзсіз.
Өмірде бірі бар, бірі жоқ 75 адамды, көкірегіне Құдайы құс түлеткен қабілетті, дарындыларды біріктірген бұл «Елге аманат» кітабының ең маңызды мәні де осындай өнерлі адамдарды түгендегені болар. Өткендерді еске оралтты, өнер әлемінің есігін қаққан жастардың үмітін оятты, Өтепберген сияқты «есіл арманым өмірзая болды ма?» деп түңілгендер бар болса, халыққа қайта қауыштырды.
Сондықтан бұл кітап әр үйдің төрінде тұрса да, жарасар еді. Өйткені «Аманаттың» аманат екені ақиқат. Арамызда бүгін аман жүрген, қадірін бірде білсек, бірде біле алмай қалып жатқан талай жақсыларымыздың еліне, ертеңіне айтқан аманаты бұл. Жетпіс бес жанұя, отбасына ақ сарай шаңырақ болған бұл үлкен ғимаратқа әлі талай кірерміз, әлі қаншама қонақтары бас сұғып, рухани азық алып шығарын бір Алла біледі.
Мақсұт ӘБДІМОМЫНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі