Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дін мен дәстүр сабақтастығы – ұлт ұстыны

Дін мен дәстүр сабақтастығы – ұлт ұстыны

Теріс пиғылды жалған діни ағымдардың таралуы қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің бірі. Деструктивті, радикалды ұйымдар өз жақтастарын көбейту мақсатында идеяларының дұрыстығын діни тұрғыдан дәйектеп, шетін пікірлерді халық арасында кеңінен таратуға мүдделі екені белгілі. Ал жат идеологияның ықпалына түскен азаматтар өз елінің діни-рухани мұраларынан бас тартып, адамгершілік, жанашырлық, отансүйгіштік секілді қасиеттерден алшақтайды. Олар діни негізде отбасынан, өз ортасынан, тіпті мемлекеттен оқшаулана түсіп, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына негізделген құрылымын құлатуды мақсат етеді. Жалған діни ұстанымның жетегінде кеткендер бір қоғамда иық тіресіп өмір сүретін өзге дін өкілдеріне де, діни көзқарастары ерекшеленген қандастарына да жек көрушілік танытады. Мұндай адамдар өз ­Отанынан баз кешіп, оған қарсы қару көтеруден де тайынбайтын жанкештілік жолын таңдауына алып келуі мүмкін.
Кез келген ұлттың мәдени ерекшеліктері, ділі, дүниетанымы мен руханияты өзінің дәстүрлі дініне негізделіп қалыптасаны белгілі. Яғни дін – жеке тұлға мен тұтас бір қоғамның рухани ахуалына тікелей әсер ететін өте нәзік құбылыс. Қате діни түсініктер мен бұрмаланған идеялардың қоғамда таралуы салдарынан адамның тұлғалық азғындауы, отбасының шайқалуы, тіпті айрандай ұйып отырған халықтың бөлшектенуі секілді жағдайларға алып барады.
Сондықтан елдегі дін және сенім мәселелерін тиімді реттеудің бірден бір жолы – дәстүрлі діннің қоғамдағы беделін көтеріп, ұлттық құндылықтарды белсенді насихаттау қажет деп білемін. Сонымен қатар көп ұлтты және көп дінді қазақстандық қоғамда дінаралық үн қатысуға негізделген өзара ынтымақ пен келісімді сақтау үшін мемлекеттік органдар мен барлық әлеуметтік институттар ұжымдаса отырып, әрекет етуі керек.
Қазіргі таңда бір өкініштісі еліміздегі ислам атын жамылған деструктивті діни ағымдардың бойында дәл осы сипаттар табылады. Нәтижесінде бүкіл құндылықтарды жоққа шығарады. Оны бірнеше тармаққа бөліп қарастырсақ болады.
Біріншіден, «Ата-анаң намаз оқымаса олар кәпір, ал кәпірмен бірге тұруға болмайды. Олардың асын ішу шариғат ­бойынша харам» дей отырып баланы әке-шешеден ажыратады.
Екіншіден, тарихыңды ұмыт, ата-бабаң адасқан, отқа табынған, шаманизім дінінде болған, олар мушриктер (Аллаға серік қосушы күнәхарлар), Абайың адасқан, Шәкәрімің шатасқан деген насихаттарын айта отырып, өз елінің ағартушыларын мойындамауға шақырады.
Үшіншіден, ұлтжандылық болмау керек, қазақ деп бөлінбеу керек, мұсылман деген бір ғана ұғым болуы керек деп жастардың санасын улайды.
Төртіншіден, дініңде шариғат талаптарына сай емес, «Сен Пайғамбардың (с.а.у.) сүннетімен жүресің бе, жоқ әлде Ханафи мәзһабын ұстанасың ба?» деген сөздерімен Ханафи мәзһабын ислам дінінен бөлек етіп көрсетуге тырысады. Дұғадан кейін бет сипауға болмайды, өліге құран бағыштауға, жеті шелпегің де болмайды деген ­желеумен ғасырлап жеткен дәстүрлі діннен алыстатуға әрекет жасайды.
Бесіншіден, мәдениетіміз, салт-дәстүрімізді жоққа шығарғысы келеді. Исламда музыка харам. Сондықтан домбыраңнан бас тарт, келіннің үлкенге сәлем салуы ширк (Аллаға серік қосу күнәсі) деп, қазақы құндылықтарымыздан жастарды айыруға тырысады.
Жоғарыда айтылған дүниелер кез келген азаматтарды өз еліне байлайды, қайда жүрседе өз еліне деген сағынышын тудырып, сонда баруға ұмтылуға көмектеседі. Дәстүрлі емес діни ағымдар кез келген адамның бойынан бұл құндылықтарды өшіре отырып, құлдық сананы қалыптастыруға тырысады. Өздерінің кезең-кезеңмен келген діни уағыздарын қабыл еткен тұлғаға теріс діни сенім қалыптастырады және оны қорғатып қояды. Яғни онымен сұхбатқа келген теолог, дінтанушылардың түсіндірме жұмыстарына күмәнмен қарайды. Өйткені дәстүрлі емес діни ағымдарда өз сенімінен басқа тұлғамен сұхбаттасқанда сақтықпен сөйлесіп, санама күмән салады деген ойда болады. Осылайша дәстүрлі емес діни ағымдар өз сенімін қорғатып қояды.
Қазақта «Шымшық сойсада тек қасапшы сойсын» деген тамаша мақал бар. Аймақтағы дәстүрді зерттеп жүрген мамандардың еңбегін негізге ала ­отырып, дәстүрлі емес діни ағымдардың теріске шығарған ұлттық құндылықтарын ашып түсіндіруіне үлкен себеп болды деуге болады. Өйткені әрбір халықтың ұлттық құндылықтары болады. Мамандар қазақтың салт-дәстүрі 2 бағытта қалыптасты деп қарастырады. Яғни шариғи және табиғи дәстүрі. Адам баласы қай дінді ұстанса, өз сенім негізінде оның болмысы, бүкіл іс-әрекеті әрекетте болады. Сол сияқты қазақ дәстүрінде дінге негізделген дүниелер аз емес. Мысалы, дүниеге келген сәбиге дәстүрде «шілдехана» дәстүрі болса, ислам дінінде «ақиқа» діни рәсімін орындайды. Осындай дін мен дәстүрдің сабақтасқан тұстарын көптеп келтіруге болады. Сондай-ақ ата-бабамыздың әрбір сөздерін оқып отырсақ ислам дінін терең меңгергенін анықтау қиын емес.
Қазақ құндылықтарының қалыптасуына табиғи дүниенің әсері де жоқ. Мысалы, қазақ дәстүрінде келін қайын жұртының табалдырығын алғаш аттар алдында отқа май құйып иіскеткен. Осы дәстүрді деструктивті діни ағымды ұстанушылар «Зороастризмнен» қалған, яғни Аллаға серік қосу болып табылады деп есептейді. Сондықтан бұны олар «Ширк» деп терең зерттеместен үкім шығарып қояды. Алайда бір өкініштісі кейбір Ханафи мазхабын ұстанушылар арасында да осы дәстүрге қарсы шығулар кездеседі. Бұлардың бұл қадамға баруының басты себебі – өздерінің ұлттық құндылықтарын жетік білмеуі.
Кезінде қазақ даласында қыз баланы 14-15 жасында ұзатқан. Ұзатылған қыз бала бақыттан басы айналмасы анық. Өйткені ұзатылған қыз бала барған жерінде қалай тез сіңісіп кетуін ойлап уайымдайтыны белгілі ғой. Міне, осындай кезде отқа май құю дәстүрі орындалады. Бұл дәстүрді шаңырақтың ішінде де орындауға болар еді. Алайда бұны табалдырықты аттар алдында орындауында терең мағына бар. Әуелі отқа кез келген май құйылмайды. Оған сиырдың іш майынан тоңлап алған май құйылады. Ол май басқа майларға қарағанда ащылау келеді. Яғни адамның есін жоғалтқанда қолданылатын амалы еді. Бұл қазақ халқының нашатыры болып табылады. Міне, отқа май құюдың да басты себебі келінді табылдырықтан аттар алдында қолданылған. Яғни уайыммен келе жатқан келін есін жиған түрде табалдырықтан аттасын деген терең түсінік бар. Оны тек қана табалдырық алдында ғана емес, әйел адам босанғанда ұйықтап қалмау үшінде қолданған.
Міне осындай ұлттық құндылықтарды терең білмеудің салдарынан оны терістеу әрекеттері жүретіні сөзсіз. Сондықтан дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар мен қоғамда өсіп келе жатқан жастармен діни ортамен сұхбат жүргенде дін мен дәстүрдің сабақтастығын толық ашып түсіндіріп берген дұрыс деп санаймын.

Ж.Дәрібаев,
облыстық қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
бөлімінің басшысы

15 ақпан 2023 ж. 281 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930