Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Жалшы

Бұрынғы өткен заманда бір байдың жалшысының үйінде отыны таусылады. Әбден әбігерге түскен әйелі:
– Ау, отағасы, отын таусылды. Жиған тезек күн жауып су болды, отқа жақсам жанбайды. Балалар тоңа бастады, не істейміз, өйстіп әбіржіп отыра береміз бе? Неге байдан көлік сұрамайсың? Бір жолға көлігін отын әкелуге беретін шығар, – деп ақыл айтады.
Сонымен жалшы байдың көңілді боп отырған күнін аулайды. Көп ұзамай мал қораның астын ойып қаратер болып тұрған жалшының қасына бай келіп тірлігіне разы болған бай ішінен «Менің бар құт-берекем осы жалшыда екен» деп жалшыға көңілденіп қарайды. Байдың сыртынан бақылап тұрғанын білген жалшы дереу үстіндегі киімдерін шешіп, көңі ойылған жерге жалаңаш денесімен аунайды, денесіне батқан жерді дереу тұра салып күрегімен далаға атып қайтадан киініп қорадан сыртқа шыққан кезде алдынан бай шығады. Осы сәтті күткен жалшы:
– Байеке, бір бұйымтайым бар сізге айтатын, – дейді.
– Айта бер, – деген кезде:
– Үйде отын таусылып бала-шағам тоңа бастады, бір көлігіңізді отын алып келуге рұқсат берсеңіз, – дейді.
– Рұқсат! Отын алып келген соң саған айтатын әңгімем бар. Ертең көлікті ал да отыныңды алып кел! – деп бай үйіне кетеді.
Жалшы ертесіне ертерек тұрып, әлгі көлікпен тоғайға барып, отынды көлікке артады. Үйіне қарай жетелеп келе жатып жолда қарны ашады. Сол кезде әйелінің бір нәрсені орап қалтасына салғаны есіне түседі. Әлгі оралған нәрсені ашып көрсе бір жапырақ нан екен. Нанды қолына алып, «бісміллә» деп аузына алып келе жатса, оқыс бір түйір қиқым жерге түсіп кетеді. Дереу әлгі қиқым түскен жерді қарай бастайды. Қанша қараса да қиқымды таба алмайды. Күн батып, қараңғы түседі. «Обал болатын болды-ау» деп не істерін білмей тұрғанда мынандай ой келеді. Жалшы қолындағы таяғын қиқым түскен жерге шаншып қойып, ертең жарықта қарармын деп амалсыз үйіне қайтады. Жалшы шаңырағына кірген соң жылап жібереді.
– Оу, отағасы, неге жылайсың?
– Берген наныңды жеп келе жатсам, оқыс бір түйір қиқым жерге түсіп кетті. Обал болатын болды, соған жылаймын, – дейді.
– Бірақ қиқым түскен жерге таяғымды шаншып кеттім. Таңертең ерте барып қарап тауып алармын, – деп ас-суын ішіп болған соң жатып қалады.
Жалшы ерте тұрып, таяғын шаншып қойған жерге келіп, шаншылған таяқтың қасында жатқан қиқымды тауып алады. Нан ұсағын дереу қолына алып, енді таяғына жармаса бергенде таяғы ұзына бойы алтын болып тұрғанын көреді. Бұл маған Алланың берген қандай олжасы деп шүкіршілік етеді. Алтын болған таяқты үйіне алып келіп әйеліне көрсетеді. Бұл әңгіме елге тарайды.
Оны естіген бір бай отынға барып, қайтып келе жатып үйінен алып шыққан нанын жеп, бір түйір нанды ­тастап жіберіп таба алмаған болып әбден іздеп кештетіп үйіне келіп жылап-еңіреп:
– Жолда бір түйір нан жерге түсіп кеткен соң әбден іздеп таба алмадым. Сол жерге таяғымды шаншып кеттім, ертең ерте барып тауып алармын, – деп бұл да жатып қалады. Таң атуын күткен бай ерте тұрып әлгі таяғын шаншыған жерге келсе, әлгі таяғы жылан болып байдың үйіне жеткенше қуады. Жыланнан әрең құтылған бай бір мал сойып құдайы жасайды. Келген адамдар болған оқиғаны естіген соң, жарлыға пейіліне бола таяғын алтын қылып берді. Сен Алланың бермесін алам деп қаһарына ұшырадың, байлығыңды қанағат тұтпадың деп жиылған жұрт ішіп жеп болған соң байды табалап тарқайды.
Сонымен әлқисса, жалшының байы болған оқиғаны естіп, таяқты қолымен ұстап көреді.
– Байеке, өткен жолы маған не айтқыңыз келді?, – деген жалшыға:
– Қазір мына малдардан саған енші бөліп беремін. Енді сен маған жалшы емессің. Өз алдыңа мына берген үйірді өсіріп, ары қарай ел қатарына қосыл, шырағым!, – деп бай жалшыға батасын береді.
Біраз жыл өткен соң әлгі жалшы елдің алды болып байып, мақсатына жеткен екен. Құрметті оқырман, қазірде жалшыға қарасатын байлар бар ма?
Бұл әңгімені Қуат әкемнен естігенмін. Осы жазып отырған оқиға болған ба, болмаған ба беймәлім. Алайда естіген құлаққа жазық жоқ. Жаста болсам естігенімді есіме сақтап, басылым бетіне беруді жөн көрдім.

Жұмабек Айтбай,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жақаев ауылы
24 қаңтар 2023 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930