Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәріжіліктің қасиеті неде?

Кәріжіліктің қасиеті неде?


Қазақ мал сойғанда оны 12 жілікке бөлшектейді. Сол бөлшектердің бірі – кәрі жілік. Етті, өте мығым, оңайлықпен шағылмайтын қатты сүйек болғандықтан оны тұрмыстық дүниелерге пайдаланады. Кәрі жілік малдың аяғындағы ең төменгі, жерге тік шаншылған, тоқбас жілікке тұтасатын жілік. Ол малдың алдыңғы кеуде бөлігін көтеріп, жерге табан тіреп таянақтау, бұлшық еттердің бүгіліп, жазылуына қозғаушы күш қалыптастырады.
Қазақ қазанға ет салғанда алдымен «Бисмиллә» деп кәрі жіліктен бастап салады. Себебі кәрі жілік еттің бәрін ұстап тұратын қасиетке ие. Оны шақпайды, құда табаққа салмайды, қонаққа, бөтен, жат адамға бермей, керсінше үй иесіне немесе ағайынға береді. Өйткені кәрі жілікте шаңырақтың құты бар деп ырымдайды. Сонымен өсіп келе жатқан қыз балаға оң жақта отырып қаласың деп, ал ұл балдарға сұр бойдақ боласың деген сенім бойынша жігітке де бермейді. Ет асып, табақ тартқан кезде бас пен жамбастан кейін кәделі жілік саналатын кәрі жілік сыйлы қарияларға ұсынылады. Этнограф Болат Бопай өзінің «Қазақ кәдесі» кітабында «Қазақтың қарияларына кәрі жілік асып берсе, қатты қуанады. Егер табаққа екі кәрі жілік қатар салынса, шалдар таласып-тармасып, кәрі жілікті тақырлап мүжіп болған соң үйлеріне алып кетеді, оны тұмар орнына сандыққа салып сақтайды. «Үйіме ұры түспейді, малыма қасқыр шаппайды» деп нанады, ырым етеді», – дейді. Ал танымал жіліктің кәрі аталуы оның сыртқы тұрпаты еңкейген қарияға ұқсайтындығынан болуы керек. Бұған қоса, босағада ілініп тұрған кәрі жілікті жауға, барымтаға аттанып бара жатқан батырлардың ер-тоқымына байлап кететін болған. Бұл – бәле-жаладан сақтайды деген сенімнен туса керек.Қазақ даласында кәрі жілікке байланысты әфсаналар өте көп. Соның ішінде кәрі жілік үйді ұрылардан қорғайтын күшке ие деп сендірген аңызға тоқтала кетейік.
Ертеде бір байдың қорасын 40 қарақшы торуылдапты. Бірақ қанша тырысса да малын ала алмаған екен. Байдың қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бірақ таң ата қарауылдар көзден ғайып болады екен. Ұрылар тылсым жайды түсінбей дал болады. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде келіп сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкім жоқ екен. Тыңшы қайта келіп «байдың малын күзететін не жалшы, не күзетші жоқ, бәрін барладым, көршілерінен де сұрадым ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек»,– дейді.Ұрылардың басшысы «ендеше бүгін шабамыз»,– деп атқа қонады. Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрылардың басшысы байға өзі барып:
– Байеке, мен ұры едім. Сіздің малыңызды торып жүргеніме он күн болды. Бірақ қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды, ал күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар?
Бай ұрыны ертіп алып қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді де:
– Әкем марқұм дүниеден өтерінде «кәрі жілік көрсең қораңа байла, малыңа қорған болады» деуші еді. Өсиетін орындап кәрі жілік іліп қойдым. Содан бері малыма қасқыр да шаппады, ұры да түспеді. Бірде бір малым жоғалмай мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса менде басқа кие жоқ.
Құдіретке бас иген ұрылар баймен дос болыпты. Ниетінен қайтып, адал кәсіпке көшіпті деседі. Кәрі жіліктің қасиетін, ата-бабаларымыздың көрегенділігін дәріптейтін осындай аңыз-әңгімелер көп елде. Біз соның тек біреуін ғана айтып өттік. Мақсатымыз ата дәстүрді жас ұрапаққа насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.

Әзірлеген
Рамазан Әнәпия
13 наурыз 2021 ж. 769 0