Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Барыс жылындағы ең ірі 10 оқиға

Барыс жылындағы ең ірі 10 оқиға

Барыс жылы туралы баянТағы бір жылдың парағы жабылғанына 10 күн өтті. Әр жылдың әлемге сыйлар әртүрлі жаңалығы бар. Десе де өткен жыл бұрын-соңды болмаған төтенше оқиғаларымен есте қалды. Әскери операция. Жер сілкіністері. Аптап ыстық. Сары аяз. Алапат өрт. Ұшақ апаты. Лаңкестер. Қысқасы 2022 жыл жеңіл болған жоқ. «Өскен өңір» газеті 2022 жылдың әлемдегі 10 басты оқиғасын былайша тізбелеп шықты.

Әлем қаңтар оқиғасына көз тікті
Жылдың басында Қазақстанда болған оқиғалардың видеосы әлемді шарлап кетті. Шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары қаңтар оқиғасын кеңінен жазды. Ал президент Тоқаев бірнеше рет сұхбат беріп, Алматыда және басқа қалаларда болған наразылықтардың себебін түсіндірді. Артынан инвесторлармен кездесіп, келіссөз жүргізуге тура келді.
Ресми мәліметке сәйкес, сол кезде республика бойынша 238 адам қаза тапты. Әсіресе, Алматы қаласында қайтыс болғандар көп болды. Олардың ішінде балалар да бар.
Алматыда қаңтар құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Бірнеше фильм шығарылды. Ал ресейлік журналист қаңтар оқиғасы туралы кітап жазды.

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс
24 ақпанда Ресей Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропада ең ірі әскери шабуылға кірісті. АҚШ бастаған Батыс елдері Ресейді санкцияның астына алып, Ресей әлемдегі санкция ең көп салынған елге айналды. Соғыс әлі жүріп жатыр, екі жақтан қанша адам өлгені туралы нақты ақпарат жоқ.
Ұшақ апатқа ұшырады
21 наурызда China Eastern Airlines компаниясының «Куньмин-Гуанжоу» бағытындағы жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Boeing 737-89P Тэнсянь тауларында құлады. Ұшақ бортында 123 жолаушы және 9 экипаж мүшесі болған. Барлығы көз жұмды.
Ұшақ 2015 жылы АҚШ-та шығарылған болатын. 7 жылдың ішінде 18 239 сағат ұшып үлгерген. Апаттың себебі әлі анықталған жоқ. Wall Street Journal басылымы «қара жәшіктерден» алынған мәліметтерге сілтеме жасай отырып, «кабинада болған біреудің ұшақты солай бағыттағанын» хабарлады. Boeing тігінен құлаған.

Патшайым дүниеден өтті
Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета 8 қыркүйекте 96 жасында қайтыс болды. Ханзада Чарльз Ұлыбритания королі ретінде таққа отырды.
ІІ Елизавета патшайым таққа 1952 жылы 6 ақпанда, яғни 25 жасында, әкесі VI Георгтың қазасынан кейін отырған еді. Елизавета Ұлыбританиядағы және әлемдегі ең ұзақ билік еткен монарх болды. Патшайым билік құрған 70 жыл ішінде технологияның қарқынды дамуы, ғарышты жаулап алу, социалистік жүйенің күйреуі мен әлемнің толығымен қайта құрылуы, экономикалық дағдарыстар мен түрлі әскери экспансиялардың куәсі болды.

Индонезиядағы қайғылы жағдай
1 қазан кеште Индонезияның Ява аралында өткен футбол матчы кезінде 127 адам қаза болды, 180 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Жеңілген команда жанкүйерлері футбол алаңына жүгіріп шығып, соның салдарынан адамдар сығылысып, бір-бірін таптап кеткен.

Сеулдегі Хэллоуин
Оңтүстік Корея астанасында өткен Хэллоуин кезінде адамдар тар көшеде кептеліп, бір-бірін қысып өлтірген. Қайғылы жағдай Итхэвон ауданында болған.
Ресми мәліметке сәйкес, 151 адам мерт болды, 19-ы – шетел азаматы. Олардың ішінде қазақстандық Мадина Шерниязова да бар.
Осы оқиғадан кейін Оңтүстік Кореяда ұлттық аза тұту күні жарияланды.

Жер шары халқы 8 миллиард адамнан асты
15 қарашада ғаламшардың 8 миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді. Жер шарындағы халық санының 2 есеге өсуіне жарты ғасырдан аз уақыт қана кеткен. 1974 жылы жер бетінде 4 миллиард адам болған еді. Бірақ келесі меже – 9 миллиардқа жету үшін шамамен 14,5 жыл (2037 жылға дейін) қажет. Бұл жаһандық өсімнің баяулайтынын көрсетеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті халық санағы бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, жер бетіндегі алғашқы миллиард адам 1804 жылы тіркелгенін жазады. 1987 жылға қарай бұл көрсеткіш бес миллиардқа жеткен. Ал 1999 жылы жер шарындағы халық саны алты миллиардты құраса, 2011 жылы жеті миллиардқа жеткен.

Орамал оқиғасы
Иранда орамалды «дұрыс тақпағаны» үшін қамауға алынған 22 жастағы Махса Әмини әдеп полициясының фургонында қайтыс болғаннан кейін наразылық шерулері басталды. Салдарынан жүздеген адам мерт болып, 15 мың адам қамауға алынды. Полиция наразыларға қарсы атыс қаруын қолданып жатыр деген де ақпарат бар, соған қарамастан наразылар көшеге шығуын тоқтатқан жоқ.
Иран президенті Эбрахим Раиси Ислам Республикасына қарсы шыққандарға «мейірім көрсетілмейді» деп мәлімдеді. Иран басшысы «Иранның жауларын» жаппай үкіметке қарсы наразылық ұйымдастырды деп айыптады. Қазірге дейін Иранда үкіметке қарсы шыққандар арасында болған екі адам өлім жазасына кесілді. Сондай-ақ тағы 20 наразылық білдіруші өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Климат өзгерісі – келелі тақырып
Мысырда ашылған БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 27-конференциясы (x27) тарихи келісімге келді. Дамыған елдер климаттың өзгеруінен туындаған экономикалық шығындардың орнын толтыру үшін кедей елдерге көмек көрсететін болды. Сондай-ақ жер шары жылынуының алдын алу тұрғысынан келелі шешімдер қабылдады.

Әлемді таңғалдырған доп дода
Биыл футбол жанкүйерлері асыға күткен әлем чемпионаты өтті. Финалда Франция мен Аргентина құрамалары кездесті. Қызықты әрі тартысты өткен ойында Мессидің командасы пенальтимен француздарды жеңді. Осылайша, аргентиналықтар араға 36 жыл салып, футболдан әлем чемпионы атанды.
Биылғы додада Марокко құрамасы жанкүйерді таңғалдырды. Африка құрлығының футболшылары алғаш рет жартылай финалға шықты. Осы жолы Испания мен Португалияны жеңіп, сенсация жасады.

Футбол королі қайтыс болды
1940 жылдың 23 қазанында Бразилияда дүниеге келген Эдсон Арантис ду Насименту жанкүйерлерге Пеле деген лақап есімімен белгілі болды. Атақты футболшы ұзақ уақыт бойы онкологиямен күресіп келді. Аталған ауру оның ағза¬сынан 2021 жылдың күзінде анықталған.
Пеле – үш рет ойыншы ретінде әлем чемпионы атанған жалғыз футболшы. 1999 жылы ХОК бразилиялықты ХХ ғасыр спортшысы деп таныды.
Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты футболшы, үш дүркін әлем чемпионы Пеленің қайтыс болуына байланысты Бразилия президенті Жаир Болсонаруға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Дайындаған  Г.ЯХИЯ
12 қаңтар 2023 ж. 280 0