«ЖҰМАҚҚА ЖОЛДАМА»
Тақырыбы көзге оттай басылған бұл не деп отырған шығарсыз? Білмесеңіз айтайық. Бірнеше айдан бері әлеуметтік желіде «жұмаққа жол» деп өз оқырмандарын онлайн сабағына шақырған бұрынғы әнші, қазіргі психолог Индира Расылханның танымал сөзі бұл. Жан баласын жұмаққа жеткізудің жедел түріне үйреткен коуч психолог мұнымен не айтқысы келді? Сонда оның жәннәтпен қандай байланысы бар? Ендеше, желі қолданушыларына психологиялық тренинг өткізіп, Аллаға адастырмай алып баратын жолды нұсқаушы бұрынғы өнерпаздың «жұмаққа жолдамасын» бірге білейік.
Иә, жұмақтан әркімнің-ақ бар таласы. Алайда жұмыр басты пенденің жәннәтқа не тозаққа баратыны тек Хақ Тәңірге ғана аян. Әрине, дәм-тұзымыз таусылып, ақтық сапарға аттанып кеткеннен кейін, жанымыз көкке ұшып кетері сөзсіз. Өлгеннен кейін гүлзар бағындағы жеміс ағаштарын жеп, құдды ертегідегідей ғұмыр кешуді, һәм жұмақтық болуды кім армандамасын? Ол үшін тірі кезімізде соған амал етуіміз қажет. Бес парызымызды түгендеп, құбылаға бет бұруымыз керек. Оны біз айтпасақ та қара халық жақсы біледі. Себебі, қазір ел ішінде пендені тура жолға салып, адаспаудың алдын алуға бағыт беретін дін өкілдері көп. Шүкір дейміз. Бірақ бүгінде молданың уағызын тыңдап, оны санаға тоқып жүргендер сирек. Жоқ демейміз. Аз. Керісінше, қазіргілер ақшасы таусылып, шығарға жол таппай адасса, немесе отбасылық қиындықтарға тап болса, басынан небір сынақтар кешіп жатса, көмекті әуелі Алладан емес, бұрынғы сахнаның саңлақтарынан сұрайтын болған. Оның себебі де жоқ емес. Желіні ақтарып, мұның жауабына біз де қанық болдық.
Иә, жұмақтан әркімнің-ақ бар таласы. Алайда жұмыр басты пенденің жәннәтқа не тозаққа баратыны тек Хақ Тәңірге ғана аян. Әрине, дәм-тұзымыз таусылып, ақтық сапарға аттанып кеткеннен кейін, жанымыз көкке ұшып кетері сөзсіз. Өлгеннен кейін гүлзар бағындағы жеміс ағаштарын жеп, құдды ертегідегідей ғұмыр кешуді, һәм жұмақтық болуды кім армандамасын? Ол үшін тірі кезімізде соған амал етуіміз қажет. Бес парызымызды түгендеп, құбылаға бет бұруымыз керек. Оны біз айтпасақ та қара халық жақсы біледі. Себебі, қазір ел ішінде пендені тура жолға салып, адаспаудың алдын алуға бағыт беретін дін өкілдері көп. Шүкір дейміз. Бірақ бүгінде молданың уағызын тыңдап, оны санаға тоқып жүргендер сирек. Жоқ демейміз. Аз. Керісінше, қазіргілер ақшасы таусылып, шығарға жол таппай адасса, немесе отбасылық қиындықтарға тап болса, басынан небір сынақтар кешіп жатса, көмекті әуелі Алладан емес, бұрынғы сахнаның саңлақтарынан сұрайтын болған. Оның себебі де жоқ емес. Желіні ақтарып, мұның жауабына біз де қанық болдық.
Жасыратыны жоқ. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, бүгінде әншінің де ақынның да әртістердің де психолог болып кеткенін көресіз. Соқырдың өзі олардың жарыса айтып жатқан мотивацияларының дауысын жазбай таниды. Өйткені, олар бұрын киелі сахнада өнер көрсеткен жарық жұлдыздар. Иә, ол бұрын. Ал қазір олардың бәрі психолог. Неге олай? Өкінішке қарай ол жағы әзірге бізге де қараңғы. Бір білеріміз әлгілердің психологиялық курс оқып алып, өзгелерге қалай өмір сүріп, ақша табу керектігін үйретіп жүргендігі. Ол ол ма? Ой-санаңды тазалаймын деген психологтардың арасында жұмаққа жолдама беріп, жәннәтқа баратын жолды білетіндері де бар болып шықты. Астарламай, ашығын айтайық. Молдалар секілді тозақты айтып қорқытпаса да, жұмақты айтып қызықтырып жүрген жан – Индира Расылхан. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ол бұрынғы әнші. Оны әсем әндерімен танып үйреніп қалғандықтан ба, психолог болып жүргендігіне көзімізді үйрете алмадық. Дегенмен, қара халық құдды жұмаққа тегін билет беріп жатқандай әлгі психологтың онлайн сабағын сатып алуға әбден машықтанып алған. Бағасы да арзан емес. Бірақ, жұмаққа барғысы келгендерге бұл сөз болып па? Сондықтан адамдар бөліп төлеу арқылы болса да, онлайн сабақты сатып алуға әуес. Бұл не сабақ дейсіз ғой? Әрине, бұл сабақтың өзге психологтардың үйрететін онлайн тренингінен аса бір айырмасы жоқ. Тек мұнда иманыңды күшейтіп, қалай тура жолда жүру керектігі, үйретіледі. Қысқасы, бұл тренингті заманауи діни сабақтардың жиынтығы деуге болады. Сатып алып, бірдеңе үйренемін дегендерге, арнайы жеңілдік те қарастырылған. Психологиялық дәріс алғаннан кейін жолыңыз ашылып, сіз де өзгелерге сабақ үйрете алады екенсіз. Иә, діни білім алған жақсы. Бірақ өмірді қалай сүріп, не істеу керектігін, Жаратушыға қалай жақындау керектігін бұрынғы жұлдыздардан үйренгеніміз ерсі емес пе? Қазақта «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар емес пе? Сонда мына заманда кім көрінген қасапшы болып кеткен бе?
Бәрін айт та бірін айт. Одан бөлек, желіде «Ұлбала ханым, Қаламқас ханым, Құралай ханым, Жұлдыз ханым, Мөлдір ханым» секілді есіммен танымал әйел заты жетерлік. Бірі мотиватор, бірі таргетолог, бірі психолог, бірі Смм маманы, менеджер, сторисмейкер әйтеуір. Мұндай ханымдардың инста әлемде кем дегенде 200 мың оқырманы бар. Арғысы миллионнан асып жығылады. Олар не істейді, немен айналысады дейсіз? Олар ештеңе істемейді десек әбестік, бірдеңені қарық қылады десек, артық болар. Әуелі солар жайлы аз-кем біліп көрелік. Ол үшін инстаграм желісіндегі «Ж» есімді мотиватор ханымды мысалға алайық. Бұл әйел өз оқырмандарына ақыл үйретеді. Яғни ақыл сатады. Оның желіде 500 мың оқырманы бар. Инстаграмның да, ютуб арнаның да қыр-сырын жақсы меңгерген. Табысты қалай оңай, әрі тез табу керектігін де біледі. Сол үшін қазіргі таңда кем дегенде 2 миллионан аса табыс тауып отыр. Мұрны қанап, жұмыс істемейді. Жәй үйде отырып ақша табады. Бір қарағанда, оған шын қызығасың. Астыңда қымбат көлігің, зәулім үйің болғаны жақсы емес пе? Алайда мұндай байлық оған қандай еңбектермен келді деген ой ішіңде қылаң ете қалады. Арғысын ақтарып көрейік...
«Байдың асын байғұс қызғанады» демеңіздер, біреудің тапқан табысында шаруамыз жоқ. Мәселе оның табысты қандай жолмен тапқандығында. Жоғарыда атап өткен «Ж» есімді әйел екі күйеуден ажырасқан екен. Бұл жайлы ол өз парақшасына жариялаған. Өзі мотиватор. Ақысын төлесең, ақыл айтып береді. Оны ауылдың келіндері жақсы танып біледі. Ақылынан ауыз тиіп, әрі қандай дүние үйрететінін білмек болып, біз де үш күндік ақылы сабағына жазылып көрдік. Сонымен, құны 10 мың теңге тұратын сабақтың ақысын төледік. Үш күндік сабағы арнайы сайттың жабық акаунтында өтті. Әлгі әйел әңгімесін «Ассалаумағалейкум, уа рахматулахи уа баракатух» деп бастады. Іштей, дін жолына бет бұрған иманды жан шығар деп ойладық. Тікелей эфирде бір сағат отырып алып не үйретті дейсіз ғой? Сабақта «әйел затының өзін жақсы көруі, күйеудің алдында қалай әдемі жүру, түрлену, ауыл әйелдерінің оттың басы ошақтың қасында жүруі дұрыс емес екендігі, жыныстық сауаттылық» секілді біршама ақпарат берді. Сабаққа тұрмыс құрмаған жас қыздар да қатысты. Оларға жыныстық әңгіме не керек десеңші... Екінші күні әлгі мотиватор ханым, тікелей эфирде айтқан бір оқырманының сынына шыдай алмай, жұрттың көзінше боқтап жіберді. Абыройы айрандай төгілгені былай тұрсын, оны мотиватор деуге өзіміз ұялып кеттік. Сөйтіп үш күндік курстан өкінішке қарай ештеңе іліп ала алмадық. Тек қана ауыл келіндеріне, үйдің шаруасын істей бермей, өзіңе көңіл бөл дегеннен басқа ештеңе ұққан жоқпыз. Үй шаруасы істелмесе, отбасындағы әйелдің қандай рөлі, маңызы қалды? Әйел сол үй шаруасымен, инабаттылығымен сүйкімді емес пе?
Хош. Ажырасқан әйелдің мотивациясын тыңдадық. Тағдырын сөкпейміз. Мына дүниеде күйеуінен ажырап, жетістікке жетіп, жақсы жолда жүрген небір әйелдер бар. Сондықтан, жарық дүниеге келген Құдайдың әр пендесі өмір сүруге құқылы. Бірақ әрбір әйел біреуге бірдеңе үйретпес бұрын алдымен «өзгеге керек не бере аламын?» деп ойлануы керек емес пе? Өз өмірі дұрыс емес жан расымен өзгеге жарытып не үйрете алады? Біздің қоғамдағы әйелдер осы мәселені жақсылап ойланса, бәлкім жас келіндер мен қыздардың санасы уланбай, отбасының құндылық екенін түсінер ме еді? Әрбір әйелдің бай, білімді болғаны жақсы. Бірақ білімді кімнен үйреніп, табысты қалай, қандай жолмен тауып жүргенімізді жақсылап ойлансақ игі...
Сымбат СҰЛТАН