Бау-бақта қос қолының табы қалған
«Жетi жастағы бала халықты асырай алмайды. Бiрақ, жетi жылғы ағаш халықты асырай алады». Бұл сөздер біздің кейіпкеріміз Сүлеймен Төлеғұловтың ұлдарына айтқан ақылы болатын. Осыдан-ақ «бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тәмсілдің астары тереңде екенін ұғынасың.
– Ұлым орманшы – келер күннiң адамы. Оның еккен, күтiп-баптаған ағашы арада жылдар салып жемiс бередi. Дана қазақ «Бiр жылдығын ойлаған ел бидай егедi, он жылдығын ойлаған ел ағаш егедi, мың жылдығын ойлаған ел бала тәрбиелейдi» деп текке айтпаған. «Бiр тал кессең, он тал ек» дегеннiң де мәнi тереңде. Өйткенi, ағаштың тамыр алып, жайқалып өсуi жылдарға созылады. Ал, ағаштың қажет емес жерi жоқ, – деген Сүлеймен әкенің сөзi ұлдарының құлағында әлі күнге дейiн сақталып тұр ...
– Ұлым орманшы – келер күннiң адамы. Оның еккен, күтiп-баптаған ағашы арада жылдар салып жемiс бередi. Дана қазақ «Бiр жылдығын ойлаған ел бидай егедi, он жылдығын ойлаған ел ағаш егедi, мың жылдығын ойлаған ел бала тәрбиелейдi» деп текке айтпаған. «Бiр тал кессең, он тал ек» дегеннiң де мәнi тереңде. Өйткенi, ағаштың тамыр алып, жайқалып өсуi жылдарға созылады. Ал, ағаштың қажет емес жерi жоқ, – деген Сүлеймен әкенің сөзi ұлдарының құлағында әлі күнге дейiн сақталып тұр ...
1923 жылы Жамбыл облысы Сверлов ауданында шаруа отбасында дүниеге келген Сүлеймен Төлеғұловтың бұл дүниеден көзі кетсе де өлмес сөзі, өшпес еңбегі қалды. Ұзақ жылдар бойы орман шаруашылығы саласында абыройлы қызмет еткен Сүлеймен көкеміз 1941 жылдың 13 қазанында Қызыл әскер қатарына алынады. Ұлы Отан соғысының оты тұтанған сәтте майдан шебінен табылған кейіпкеріміз 1942 жылы оқ тиіп, жараланып, госпитальға түседі. Сұрапыл соғыста қаһармандықтың үлгісін көрсеткен жауынгер үш рет жараланады. Содан комиссия шешімімен соғысқа жарамсыз деп елге қайтарылады.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалы жоқ өлмейді» демекші, туған жерден татар дәмі бұйырған болар, госпитальдан шыққан соң, жеңіс сарбазы 1943-1946 жылдары Шиелі ауданында соғыс комиссарияты жанындағы лагердің бастығы болып қызмет істейді.
1946-1952 жылдары Шиелі механизациялық орман шаруашылығында техник жұмысын атқарады. Осы жылдар аралығында өндірістен қол үзбеген ол Ресейдің Бузулук орман техникумын бітіреді. 1951 жылдың 19 қазанында Қазақстан Советтік Социалистік Республикасы орман шарушалығы Министрінің №533 бұйрығымен Арал орман шаруашылығы мекемесінің директоры болып тағайындалады. 1954-1958 жылдары Тартоғай орман шаруашылығы мекемесінде директор, 1958 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Шиелі орман шаруашылығы мекемесінің директоры қызметін абыройлы атқарады. Саналы ғұмырында өмірінің әрбір сәтін ізгілікпен өрбітіп, қарапайымдылықпен байланыстырып, қай ортада болса да жасаған еңбегі арқылы қадірлі, сыйлы болған Сүлеймен Төлеғұлов Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесi комитетiнiң және облыс, аудан әкiмдерiнiң грамоталарымен марапатталды. Орман шаруашылығының бірнеше мекемелерінде директор болып қызмет атқарған Сүлеймен ағамыздың басшылығымен орман шаруашылығы саласында оңды өзгерістер, үлкен көлемді жұмыстар атқарылды. Туған жерін көркейту жолында тынбай еңбек етті.
Атап айтар болсақ, 1958-1966 жылдары орман жолақтары жасалып, Шиелі кентін айналдыра Шиелі-Жаңақорған жолының бойына, Жданов көшесіне «Құрылыс» учаскесінен оңтүстікке қарай «Қызыл» көпірге дейінгі аралықта және Ақмая елді мекеніне дейін екпе ағаштарын отырғызуға, жеміс жидек бақтарын көбейтуге үлес қосты. Шиелі кенті жанынан Гигант елді мекеніне дейінгі аралықта 10 га жерге бақ отырғызды. «Лесхоз» учаскесі 21 бекеттегі көлемі 50 га болатын үлкен бақты жайқалтқан да С.Төлеғұлов болатын.
Қан майданда шыңдалып, ен даланы бау-бақшаға айналдыруға бар күш-жігерін жұмсаған Сүлеймен Төлеғұловтың есімі аудан халқына таныс. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей бұл күндері ұлдары әке жолын таңдап, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда. Әкелерімен бірге тау мен тасты аралап, орман деген ғажайып әлеммен табысқан үлкен ұлы Мұрат – Қызылорда, Жалағаш, және Талдыарал орман шаруашылығы мекемелерінің директоры болса, ортаншы ұлы Нұрмағамбет – Қазалы, Сырдария, орман шаруашылығы мекемелерінде инженер, кіші ұлы Ермағамбет - Шиелі орман шаруашылығында бас орманшы болып қызмет істейді.
Бұл сабақтастық – әке берген тәрбие, өнеге мектебі. Қазіргі таңда әкеден туған ұрпақтардың абыройы, бақытты өмірлері, бір-бірімен бауырмалдығы үйлесіп, әке тіккен ынтымақ туын төмендеткен емес. Қан майданның қасіретін көрген Ұлы Отан соғысының ардагері бейбіт күннің бағасын білуге, туған жерді түрлендіруге ұрпағын баулыды. Еңбегімен еліне сыйлы болған С.Төлеғұловты елі ұмытпай, қашанда құрмет көрсете бермек.
Г.ӘБДІХАНИ