Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ПИТАК» ПҰЛ ТАБАТЫН ЖЕР МЕ, ӘЛДЕ...

«ПИТАК» ПҰЛ ТАБАТЫН ЖЕР МЕ, ӘЛДЕ...

Қаңтардың алғашқы күндерінің бірі. Жаңа жылдық демалыстан кейін жұмысқа шыққан бетіміз осы. Такси ішінде келе жатып, кенет шамамен 35-40 жастағы екі ер кісінің әңгімесін құлағымыз шалды.
– Ассалаумағалейкум, Айеке! Мені орталыққа дейін жеткізіп тастай аласың ба?
– Уағалейкумассалам, отыр, отыр.
– Күн қайта дыз етіп, мазамызды қашырды ғой. Таксиді де ұзақ күтіп қалдық. Сіздің келгеніңіз қандай жақсы болды. Такси демекші, Айеке осы сіздің такси болып жүргеніңізге қанша жыл болды?
– Охо, биыл менің такси болғаныма 15 жыл болады екен. Кезінде күнкөріс қиындап, инсүт (институт) оқи алмап едік. Жас кезде мал бақтық, күріш ектік. Ал қазір такси болып жүрміз. Бәрі сол бала-шағаның қамы. 6 баламның несібесі шығар, әйтеуір күнделікті табатынымыз шәй-пұлға жетеді. Өзің ше, немен айналысып жүрсің? Байқаймын өңің қашып кетіпті. Әлде әлі анау салқын суды (ішімдік) ішуді қоймағансың ба?
– Ара-тұра ұрттап қойып жүрмін. Бұрын ішпеуші едім. Ал қазір соған әбден тәуелді болып алдым. Үйдегі әйел-бала шағамнан да ұят болды. Ішкен адамды ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Сол үшін қазір біреудің үйінің ремонтын істеп, әктеп, қара жұмыс істеп жүрмін. Басқа амал жоқ. Күн көру керек. Бірақ мұндай жұмыстар денсаулығыңды алмай тынбайды екен. Қазір ауырмайтын жерім жоқ.
– Е, кезінде қандай жігіт едің... Мына жүрісің болмайды сенің. Арақты қойсаң, жұмыс деген көп. Қазақта «есектің артын жусаң да мал тап» деген сөз бар. Бірақ бұл сөз тепсе темір үзетін жігттерге жараспас. Қайдан түсесің?
– Мені питактан тастап кетіңіз. Иә, иә осы жерден түсемін.
Сөйтті, де әлгі бейтаныс кісі қаумалаған ер адамдардың арасына кіріп кетті. «Питак» дегенде біздің көз алдымызға көлік тұратын орын яғни, автотұрақ елестейтін. Бірақ әлгілердің айтқаны автотұрақ емес секілді... «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, біз де көкейде қылаң берген сауалға жауап іздеп көрмекке бекіндік. Сөйттік те әлгі ер адамның ізін суытпай, біз де көліктен түсіп қалдық.
«Питак». Аудан тұрғындарының басым көпшілігі бұл жерді жақсы білетінге ұқсайды. Әсіресе жұмыссыздар. Базардың артқы қапталында орналасқан бұл жерді бірі жалдамалы жұмысшылар орыны десе, енді бірі жын-ойнақтың мекені дейтін көрінеді. «Жан» азық-түлік дүкенінің айналасынан құмырсқадай қаптаған еркектерді көре қалсаңыз, әлгіндегі питактың маңайында жүрмін дей беріңіз. Иә, ол жерде де кент ішіне қатынайтын бағасы қолжетімді таксилер де баршылық. Бірақ біздің іздеген питак ол емес. Бізге керегі – жалдамалы жұмысшылардың тұратын орны. Көп ұзамай-ақ іздеген нүктені таптық. Алайда бұл жерге жұмыс іздеп келетіндер аз секілді. Жалдамалы жұмысшылар тұратын орын демесеңіз, айналасын бөтелке қаптаған маскүнемдердің мекені дерсіз. Неге дейсіз бе? Себебі, бұл жерді ащы суға құмарлар тұрақ еткен. Әйелі мен еркегі араласқан осы орын таңғы сағат 8-9 дан бастап өз жұмысын бастайтын көрінеді. Рас. Жұмыс іздегені қайсы, жұрттан тіленіп, араққа теңге сұрайтыны қайсы, ажырата алмайсың. Дұрысы, ақырын күтіп, жақсылап зерттеу керек сияқты.
Сағат тілі 10:15-ті көрсетіп тұр. Біз күткен орынға ақырын адамдар жинала бастады. Бар-жоғы жарты сағаттың ішінде «питак» маңына 15-ке жуық ер адам келді. Бәрі де сол күн көрудің қарекетімен жалданып, жұмыс іздеуге келгендер. Сәл ескілеу киінген олардың жүздерінен бір мұң байқалады. Бірі шынымен ақша таппай қиналған болып көрінсе, енді бірі сыра ішкісі келіп тұрған сыңай танытты. Уақыт соз­бай, солардың бір-екеуін әңгімеге тартып көріп едік, бастарын алып қаша жөнелді. Сөйлесуге біреуін әзер көндірдік. Аты-жөнін өзгертуін өтінген ол:
– Менің есімім – Медет. Көріп тұрғаныңыздай бұл жер – питак. Жұмыс іздегендердің бәрі осы жерді беске біледі. Мен де осында келіп, жалданып жұмыс істеймін. Әрине, айтуға ұялып тұрмын. Бірақ, тұрақты жұмыс болмаған соң, амалдың жоғынан мұнда келуге мәжбүр боламыз. Кезінде сотты болып, түрмеде отырғандықтан, қазір тұрақты жұмыс істей алмаймын. Міне, сондықтан да осында келіп, күніне ақы беретін әртүрлі жұмыстарды істеуге тура келеді. Ішімдік ішпеймін. Мұнда маскүнемдікке салынған әйелдер де, еркектер де көп. Олар да ара-тұра жалданып жұмысқа барады. Үй әктейді, бай-бағландардың үйін тазалайды, жазда даладағы дәретханаларды қазады. Айта берсек көп. Ақшасын істеген жұмысыңа қарай төлейді. Тірлігіңді тиянақты істесең тіпті артығымен ақша да береді. Бірақ қара жұмыс болғандықтан оңай емес. Амал жоқ, ақша тауып, бала-шағаны асырау үшін істейміз. Қазір қыс мезгілі болғандықтан, жұмыс табыла бермейді. Бірең-сараң адамдар жұмыс ұсынып қала ма деген ниетпен таң атқаннан қара кешке дейін күтеміз. Ал қоғамдық жұмысты істейін десек, оның жалақысы аз. Мына жерде әйтеуір істеген еңбегіміз ақталады. Бір күнде 4 мың теңгеден бастап 20-30 мыңға дейін табамыз, – дейді.
Иә, мұнда нәпақа табу үшін тұрғандар аз емес. Алайда қыстың қақаған аязында жұмыс беретіндер табыла бермейді. Сондықтан да болар, бұл жерден жұмыс іздеушілерді емес, арақ іздегендерді көп кездестірдік. Құл базар атанып кеткен тұрақтың тұрақты келушілері де бар екен. Тіпті, кейбіреуі төсеніш әкеліп, жол бойына ұйықтап та алатын көрінеді. Қызығы сол, бұл жер тек жын-ойнақтың емес, ұрлық-қорлықтың да мекені екен. Бұл туралы такси жүргізушілері былай дейді:
– Біз 6-7 жылдан бері осы питактан нәпақамызды тауып, такси болып жүрміз. Сіздің айтып отырған, жалдамалы жұмысшыларыңыз, шынына келгенде маскүнемдер мен ұры-қарылар. Арасында шынымен жұмыс іздеп келетіндері де жоқ емес. Бірақ басым бөлігі өткен-кеткеннен тіленіп теңге сұрайтындар. Ал тиын таппағандар арақ үшін айналадағы дүкендерге ұрлыққа түседі. Арақ ұрлайды, басқа да заттарды ұрлап арзан бағада сатып жібереді. Ал кейбірі үйінен тосаптарды әкеп дүкендерге өткізеді. Кейбірі темір сатып, орнына арақ алып ішеді. Міне, питактағы күнделікті тіршілік осылай. Ал питакта ұйықтап жататындарға тіпті сөзім жоқ. Оларға полиция қызметкерлері шара көріп болған. Қанша жерден оларды айналадан тазартқанымен, қайтадан сол орынға келіп жатып алады, – дейді такси жүргізушісі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 35-40 жас аралығындағы 109 мың 400 адам жұмыссыз. Олардың 8 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналаса алмаған. Аудан төңірегінде де жұмыссыз жүргендердің қатары көбеймесе, азаймай тұр. Оған әрине әртүрлі себеп бар. Жұмыссыздардың дені мемлекеттік жұмысқа орналасқысы келеді. Ал оған көбісінің қауқары жете бермейді. Себебі, олардың қолында диплом жоқ. Жоғарғы оқу орнын бітірмегендер не жеке кәсіп ашады, немесе осылай құл базарға барып жалданып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Алайда, жалдамалы жұмысшылардың өзі күн сайын төленететін ақшаны місе тұтпай, көп ақшаға жұмыс істегілері келеді. Орташа есеппен 5 мың теңгені қанағат тұтпайтын қара жұмысшылар, қарапайым дәретхана қазу, сырлау, әктеу жұмыстарын істегілері келмейтін болып шықты. Керісінше, олар бай-бағландардың үйіне түсқағаз жапсыру сынды жұмыстарға құлшынатын көрінеді. Міне сондықтанда құл базардың өзінен бүгінде қарапайым қара жұмысшыны табу қиын. Ақша іздегендердің өзі жұмысты таңдап, «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүреді. Қазақта «Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл» деген сөз бар емес пе? Жұмыс іздегендер талғамай, таңдамай, тірлік істеп, отбасын асырауы үшін қарекет қылса, Тәңірдің өзі несібесін берері сөзсіз. Ең бастысы екі қолға бір күрек табу. Адал жолмен тапқан табыс қашан да берекелі.

Сымбат СҰЛТАН
06 қаңтар 2023 ж. 741 0