ТӨБЕТ ПЕН ТАЗЫНЫ ҚОРҒАЙТЫН КЕЗ ЖЕТТІ
Қазақ «Аттың жақсысы – бозы, иттің жақсысы – тазы» деп бекер айтпаса керек. Тазының алғырлығы, тектілігі және ерекше жаратылыс екені талай аңыз-әңгімеге арқау болды. Қашқан аңды қалт жібермейтін, тіпті қасқырдан да тайсалмайтын құмай тазыға қашан да сұраныс көп. Төбеттер де адамның сенімді досы әрі қорғаушысы. Болмысының салмақтылығымен ерекшеленетін олар бейберекет үріп, айналадағылардың мазасын алмайды, үйренген ауласына өте адал. Сырттан келген қауіпке батыл тойтарыс береді. Қазақы төбеттен туған күшік бір жылдың ішінде өсіп жетіледі.
Ит жүгіртіп, құс салған халқымыз үшін саятшылықтың орны бөлек. Бүгінде аңшылық шаруашылығын дамытуда бірқатар өзекті мәселе бар. Соның бірі – ұлттық асыл тұқымды ит түрлерінің, яғни қазақы тазы мен төбеттің күрт азаюы болып отыр.
Ит жүгіртіп, құс салған халқымыз үшін саятшылықтың орны бөлек. Бүгінде аңшылық шаруашылығын дамытуда бірқатар өзекті мәселе бар. Соның бірі – ұлттық асыл тұқымды ит түрлерінің, яғни қазақы тазы мен төбеттің күрт азаюы болып отыр.
Жаңа Заң жанашырлық белгісі
Бірер күн бұрын Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұған дейін Мәжіліс депутаттары тазы мен төбетті сақтау, көбейтуге қатысты заң жобасын мақұлдаған еді.
Бірер күн бұрын Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұған дейін Мәжіліс депутаттары тазы мен төбетті сақтау, көбейтуге қатысты заң жобасын мақұлдаған еді.
Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әмірхан Рахымжановтың айтуынша, заңның негізгі мақсаты – иттердің ұлттық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін белгілеу. Аталған заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қаржы керек деген есеп бар.
Тазы мен төбет – қазақтың байырғы ит тұқымы, қазақ халқының ұлттық қазынасы, мәдени-тарихи құндылығы. Бүгінгі таңда қазақ ит тұқымдары генофондының нашарлау үрдісі ғана емес, сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде толық жойылу қаупі бар. Осы проблемаларды шешу үшін заң жобасында қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленіп, уәкілетті органның құзыреті бекітілген.
Бұл мақсатта иттердің ұлттық тұқымдарының Ұлттық орталығы құрылады. Оның құзыретіне иттердің ұлттық тұқымдарының асыл тұқымымен жұмыс істеу бойынша сарапшылар мен мамандарды кинологиялық қызметке оқыту жөніндегі жүйелі жұмысты ұйымдастыру, асыл тұқымды иттерді іріктеу және таңдау, иттердің ұлттық тұқымдарының бірыңғай тұқым-тегі кітаптарын жүргізу, асыл тұқымды ит куәліктерін беру туралы ұсыныстар енгізу секілді бірқатар мәселелер кіреді.
Иә, енді халықаралық кинологиялық орталыққа тазы мен төбеттің шыққан елі Қазақстан екенін дәлелдейтін уақыт жетті. Президент нұсқауы бойынша бұл жұмысқа сыртқы істер министрлігі араласуы тиіс. Сондай-ақ мәдениет және спорт министрлігіне құмай тазыны насихаттау ісіне ден қою керек деген тапсырма жүктеліп отыр.
Ғылыми техникалық архив, басқада сирек қорларда 19-ғасырдағы нақты тазының аңшылық кезіндегі фотосуреттері сақталған. Негізінен тазылар қазақ даласына шамамен 2000-2500 жыл бұрын келген деп көрсетіліпті тарихта. Содан бастап, төбедей орны бар тазының құны бір төмендемепті. Айталық, оны ұзатылған қыздың жасауына берген. Тіпті тазы қалың малға теңестірілген кезең де болыпты. Болыстар сайлауға түскенде олардың тазы баптай алатын қасиеті де ерекше сарапқа салынған. Өткен ғасырда қазақтың бай манаптары тазыны жеке киіз үй тігіп баптаған екен.
Ал қазақы төбеттің «маңтөбет, бәйтөбет, таутөбет» деп жіктелетінін, әлемдегі 116 ит түрі ішінде таутөбеттің ең ірісі болып есептелетіні тағы бар. Бұл жөнінде этнограф Жағда Бабалықұлының жазбаларында айтылады. 13 ғасырда Марко Поло көшпенділердің бұл иті турасында мынадай дерек қалдырған: «Олардың иттері тайыншадай. Көшпенділер иттерін қорғануда, жабайы аңдарды аулауда және тарту күш ретінде пайдалана береді» деп жазыпты.
Зерттеулерге сенсек, 1940 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 19 мыңдай төбет болған. Қазір небәрі 1 000-ның айналасында десек, оның 170-і ғана таза қанды көрінеді. Себебі олар 1966 жылы Қытайдағы, 70-жылдары Қазақстандағы мәдениет төңкерісі кезінде «ескіліктің сарқыншағы» ретінде жоғала бастаған. Тіпті Қытайдың жаңа жыл мерекесінде ит сою дәстүріне сәйкес, «қазақ төбетінің еті тәтті» деген желеумен қытайлар қорадағы итті қоймаған деседі.
Тазы мен төбеттің ұлтымыз үшін бағалы екені ақиқат. Алайда әлемдік кинологиялық орталыққа тіркелмеген, арнайы патенттелмеген құндылықты өзге елдің өзекке тартуы да оңай. Айталық Өзбекстан мен Тәжікстан елі өздерінің үш түрлі жергілікті аңшылық иттерін халықаралық ұйымның сараптамасына салып, ресми түрде құжаттарын рәсімдеген. Енді қазақ қадірлеген тазы мен төбет те назардан тыс қалмайтыны қуантады.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ