ЕРІКТІ БОЛУ – ЕРЛІК
Еріктілік дегеніміз – адамның өз еркімен ақысыз көмек көрсетуі. Көп елдерде еріктілік жұмыс қатарына қосылады, өйткені волонтер өзінің уақытын бөліп, білімін іске асыра отырып тегін жұмыс жасайды. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтар немесе жеке де айналысуға болады. Волонтерлік қызметтің аясы өте кең: әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және тағы басқа түрлері бар. Жастар еріктіліктің тұлғалық қалыптасудағы рөлін түсіне бастаған сайын, Қазақстанда да еріктіліктің қатары қарқынды дамып жатыр. Еліміздің әр қаласында қарттар, жетімдер, әлеуметтік осал топ отбасыларына, апат құрбандарына және өзге де жәрдемді қажет ететін қоғам мүшелеріне көмек көрсететін жастар ұйымдарының саны жыл сайын артып келеді.
Көптеген дамыған елдерде волонтерлердің қоғамдағы рөлі ерекше. Әлемдегі дерек бойынша еріктілер дүние жүзінде кең таралып, әлемдік қозғалысқа, белсенді топқа айналды. Мәліметтерге сенсек, әлем бойынша 1 млрд жуық адам ерікті болып табылады. Ал, Қазақстанда 16 мыңның төңірегінде екен. Жаһандық дамуға тигізер үлесі орасан. Мысалға, әлемдік ішкі өнімнің 2,5 пайызы – Еріктілер еңбегінің нәтижесі екен. Бірқатар елдерде ерікті болу қалыптасқан жағдай, олар үлкен құрметке ие. Себебі, жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді. Келтірілген ақпаратқа қарағанда, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Сонымен қатар, Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жылдан жылға көбейіп келеді екен.
Соңғы кездері ауданымызда да бұл үрдістің аясы кеңейіп, қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Оған Мемлекет басшысының 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялауы да тың серпін бергені анық. Соның нәтижесінде көптеген игілікті істер мен нақты жобалар қолға алынды. Жастармен бірге егде жастағы азаматтардың да белсенділігі арта бастады. Әсіресе, Қостанай облысындағы өрт, Екібастұз қаласындағы жылу проблемасы кезінде шиелілік волонтерлердің бекем бірлігі мен отаншылдық рухы айырықша сезілді. Волонтерлердің ел үшін атқарған ерен еңбегін айрықша атап өткен жөн. Олар мұқтаж жандарға азық-түлік, жылы киім мен дәрі-дәрмектерді тегін жеткізіп беріп отырды.
Бұл – патриотизмнің, қайырымдылықтың және қамқорлықтың жарқын көрінісі. Жалпы, ерікті болу қазаққа жат дүние емес. Асар сияқты көптеген салт-дәстүріміз осы бастамамен үндес екенін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан алдағы уақытта Шиеліде волонтерліктің маңызы артып, еріктілердің қатары көбейеді деп сенеміз.
"Өскен өңір" ақпарат
""