Қоғамдық тәртіп сақшысы
Жақында аудандық полиция бөлімінде жеке құрам мен бөлім ардагерлерінің біріккен пікір алмасу жиналысы болды. Тақырыбы мен мақсаты былайша өрбіді. Шиелі аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің әртүрлі қызметтік жағдайларда кәсіби міндеттерін сенімді орындауын қамтамасыз ету және жауынгерлік рухты арттыру. Сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық оқу шеңберінде ерлік пен батырлық көрсеткен және мемлекеттік наградамен марапатталған жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушыларды, ішкі істер органдарының ардагерлерін қатыстыра отырып тәрбие сабақтарын өткізу. Осы саланың ардагерлерін баспасөз беттерінде насихаттау, жас тәртіп сақшыларына үлгі-өнеге ету кеңінен сөз болды. Қолыма қалам алдырған да, ойтүрткі салған да осы жиналыс болғандай.
Өткен ғасырдың 80-ші және 90-шы жылдары Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде білімді, білікті, іскер басшылар Кәрім Жұмағалиев, Бақыт Бекпанбетов, Ержігіт Құлтаев т.б. азаматтар аянбай қызмет етті. Сол жылдары ұжым бір ананың баласындай жұмылып, ауданда қоғамдық тәртіп сақтаудың алдыңғы шебінен көрініп, облыстық ішкі істер басқармасының ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алумен болды. Тәртіп сақшылары милиция қызметкерлерінің имиджін көтеру мақсатында милицияның «Жалын» атты вокальды-аспапты ансамблін құрып, халықпен етене араласа бастадық. Сондай-ақ осы ансамблдің бағдарламасына бөлім спортшыларын да ендіріп, сахнада самбо күресінің палуандары өнер көрсетсе, гир көтеруші милиция қызметкерлері күштіліктерін паш етіп жататын. Спорт пен өнерді, заң мен заңдылықты, әдеп пен әділдікті меңгерген жігіттер ішкі істер бөлімінің де, сахна төрінің де сәні болушы еді. Сол тұста қоғамдық тәртіп те сақталды, ән де айтылды, күй де тартылды, спорт жарыстары да өтіп отырды. Жеке құрам еш бөлінбейтін УР-дың жігіттері де, тергеушілер де, ГАИ қызметкерлері де өнерге, спортқа жұмыла, жабыла кірісетін, ауызбіршілік мол болатын. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп ішкі тәртіп талап етіліп, жеке құрамның тәрбиесіне ерекше мән берілетін. Соның арқасында қазірге дейін ел аузында жүрген милиция ардагерлері Сұлтан Тәжібаев, Сағынбек Қуатбаев, Тұрахмет Ерниязов, Мәдімәжит Дүйсенбаев, Сейдомар Ермекбаев, Ибрагим Құдайбергенов, Шанақ Кемелов, Оңғар Шығанбаев, Асылбек Күзербаев, Бақытжан Байтілеуов, Қыдырбек Жөкебаев, Жаппарбек Оразмаханов, Нұрғали Қожақов, Қуаныш Бегалиев, Алексей Хрищаев, Анатоли Московецтер т.б. бөлімнің мақтанышына айналған еді. Осылардың ішінен менің бүгінгі кейіпкерім ұстараның жүзіндей қылшылдаған шағында Өзбекстан Республикасынан келіп, Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне ГАИ бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалған сырбаз жігіт Оңғар Шығанбаев. Бұған дейін Өзбекстанның Сұрхандария облысының орталығы Термез қаласында, одан соң Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қалаларында ГАИ саласында қызмет атқарып, айшықты тәжірибе жинақтаған жас офицер сыптай форма киісімен, жүріс-тұрысымен, көлік жүргізушілермен мәдениетті, әдепті қарым-қатынас жасауымен айрықша көзге түсті.

Оңғар Шығанбаев 1952 жылы 15-ші қазан күні Ташкент облысында жарық дүние есігін ашқан. Осындағы №149 орта мектепті бітіріп, Ташкент автомобиль жолдары (ТАДИ) институтын 1974 жылы тәмәмдап шығады. Институт басшылары О.Шығанбаевты жолдамамен ішкі істер министрлігінің ГАИ басқармасына жібереді. Сол жылдан еңбек жолы Термез, Нүкіс болып басталған екен. Нүкістің ару қызы Гүлсімге үйленген Оңғар отбасылық жағдайына байланысты 1979 жылы ақпанда Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының ГАИ дивизионына ауысады. Ол кезде ауданда С.Тәжібаев аға ГАИ болып бір өзі істейтін. Облыстық ГАИ дивизионының атынан О.Шығанбаев Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі ГАИ бөлімшесінің бастығы қызметіне бұйырық алады. Өзбекстаннан ата жұртына жеткен Оңғар «Жаңатұрмыс» ауылындағы бауырларымен, ағайын-туыстарымен қауышады. Еліне келген ер азамат жұмысына құлшына кіріседі. Аудан көлемінде жол қауіпсіздігін сақтау, колхоз, совхоздарда көліктерге техникалық байқаулар жүргізу, кешкілік автокөліктерді ауыл, мекеме гараждарына қою, жол апатының алдын алу, автомашина рөліне масаң күйде отырғандармен күрес, көлікті заңсыз пайдаланып браконьерлік жасаушыларды, көлікпен мал ұрлаушыларды құрықтап нақты жұмыс нәтижесін көрсете бастайды. Күзгі егін жинау науқаны кезінде олар күндіз-түні бекеттерде тұрып дамыл таппайтын. Сол тұста Оңғардың айналасындағы инспектор жігіттері мықты болды. Шетінен сайдың тасындай, шомбалдай Есен Бектұрсынов, Жаппарбек Оразмаханов, Қыдырбек Жөкебаев, Серік Ахметов, Темур Ақмолдаев секілді инспекторлар ГАИ саласының жұмысын биік дәрежеге көтерген еді. Олар өте тату болды, ағалы-інілі болып қызмет етті, сыйласты, ынтымақтары жарасты. Оларды аудандағы көлік жүргізушілері де құрметтеп жататын. Мұның бәрі басшыға байланысты. Ол Оңғар Шығанбаевтың ұйымдастырушылық, іскерлік, тәрбиелік жұмыстарының жемісі де шығар.
Оңғардың біреуге айқайлап сөйлеп жатқанын естімеппіз. Барынша сабырлы, байсалды, қарапайым, қайырымдылығы тағы бар. О.Шығанбаев жоғарыда айтып өткен жиналыста «Қазіргі уақытта күштік құрылымдар сапында патриот қызметкерлердің қызмет етуі өте маңызды. Өйткені тұтастығымызды күзету – оларға жүктелген жауапты міндет. Сондықтан әр полиция қызметкері Отаны үшін қызмет ететін патриот болғанын қалаймын» деген еді. Ардагердің ойындағы патриоттық сезім шындығында көбімізде жетіспей қалатыны өкінішті. Аудандық полиция бөлімінің белсенді ардагерлерінің бетке тұтары Оңғар Шығанбаев ГАИ саласында қажырлы еңбек жетіп, 1996 жылы майор шенінде отставкаға шықты. Құдай қосқан сүйікті жары Гүлсім екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Оңғар мен Гүлсім өздерін бақытты санайды. Осынша ұл-қызды өмірге алып келіп, олардан 13 немере сүйіп, ауданның өнегелі отбасына айналған Шығанбаевтарға біздің де айтар алғысымыз мол. Осындай қазыналы қарттарымыз, біздің де мақтанышымыз болып қала береді.
Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы