Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢСЕСІ ТІК ЕҢБЕКШІ

ЕҢСЕСІ ТІК ЕҢБЕКШІ

Қарабайыр десек, қадірін кетіргендей болармыз... Қарапайым ғана қоңыр тірлік кешіп, сүттей аппақ көңілімен, айрандай ұйыған, берекесі өзіне ынтықтырып тұратын қазақы ауылды сағынасың, кейде. Сондай сәтте ұшқан құстың қанатына жармасып, сары даладан әрі асып, дархандығы даладай, аңғалдығы баладай ағайынның төріне топ ете түскің келеді. Бүгінгі басылымда сондай асыл мақсатты арқалап Еңбекші ауылына аялдамақпыз.
Еңбекші ауылдық округі – ымыра-бірлігі жарасқан мекен. Құт дарыған құйқалы қоныс Еңбекші және Қосүйеңкі елді мекендерінен тұрады. Қос ауыл береке мен бірліктің арқасында өсіп-өніп, бүгінде дәулетіне сәулеті сай болып, жаңғырып отыр. Тарихы бай, тірлігі мен бірлігі жарасқан берекелі мекенде мектеп, балабақша, мешіт, мәдениеті үйі, спорт кешені, пошта бөлімшесі мен дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді.Қазанатын баптаған, қазақы дәстүрді сақтаған ауылдағы негізгі кәсіп – егін және мал шаруашылығы. Нарық заманына бейімделген ауыл халқы нәпақасын әр саладан тауып жүр. Мұнда жұрт кәсіпкерліктің де көзін табуға бейімді. Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 117 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде 14-і заңды тұлға, 64-і шаруа қожалық, 40 жеке кәсіпкер және 1 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген.
– Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Осы жылы мал басы едәуір артты. Атап айтар болсам, мүйізді ірі қара 5230(3905 бас), уақ мал 27776 (22587 бас), жылқы малы 1219 (1058 бас), түйе 434 бас.Осы жылы 2 кәсіпкеріміз «Наурыз-Дем» кредиттік ұйымы арқылы құны 115 млн теңге болатын жоба ұсынып, оң шешімін тапты. 1 кәсіпкеріміз «Қызылорда ӨИО» микроқаржылық ұйымы арқылы құны 4 млн теңге және 3 кәсіпкеріміз аргарлық корпорациясы арқылы 80 млн 150 мың теңге несие алып, жұмыстарын жандандыруда. Бүгінгі күнге барлығы 200 млн 375 мың теңге көлемінде несие және грант алынып, жұмыстар жалғасуда, – дейді ауыл әкімі Бағдат Серікбайұлы.
Ауыл әкімінің сөзінен аңғарғанымыздай, Еңбекші ауылы жатып қалып бір тоқты, жайыл­ып мың қой болатын ырысты өлке. Сары далада отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйенің саны артқан. Ауылдың берекесін кіргізіп отырған да күйірсіген қи иісі. Ауыл халқы төрт түліктің тұяғын тең ұстап, пайдасын көруде.
Қарт Қаратаудың қойнауында қоныс тепкен Еңбекші ауылдық округі жылдан-жылға өсіп, өркендеп жатыр. Ауыл жұрт болып жұмылып, тізе қосып тірлік етуді ерте бастаған. Содан болса керек, елді мекеннің бүгінгі тұрмысы жайлы, қазаны майлы. Жыл өткен сайын жасарып, жайнап келе жатқан ауылда 1832 тұрғын бар. 302 отбасының шаңырақтарынан шыққан түтін үзілмей, қайта тіктеліп-ақ келеді. Бір ерекшелігі Еңбекші ауылын көргенде көз сүйсінеді. Ауылдағы тұрғын үйлер мен мәдени көпшілік ғимараттар жаңа үлгімен жарыса бой көтеруде. Бұл ауыл демографиялық өсім бойынша да жақсы көрсеткіш көрсетуде. Жылына орта есеппен 40-қа жуық нәресте жарық дүние есігін ашады. Сондықтан да болар бұл ауылда алтын алқа (29), күміс алқа (33) тағынған батыр аналардың саны басым.
– Қазір ауыл тұрғындарының шаруасы ортаймаған. Тұрғындардың бірлігі мен тірлігінің және жастар ұйымшылдығының арқасында ауыл ажарлана түскен. Ынта болса, ырыстың молаятынын, берекесі болса, беделдің артатынын еңбекшіліктер жақсы біледі. Ауылдық округте ұзындығы 10 617 метрді құрайтын 10 көше бар. Оның алтауы асфальтталса, 4 көшесіне тас төселген.Тек С.Төрениязов көшесі жарық шамдарды қажет етіп тұр.
– Ауылда соңғы жылдың бедерінде ауыз су барлық тұрғын үйлердің ауласына кіргізілген. Тәулік бойы тұрғындарды ауыз сумен қамтып отыр. Ауыл ішілік су құбырларының ұзындығы 11 км болады, су жинау мұнарасы 1, су тарату мұнарасының көлемі 50 м3. Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының шешімімен Еңбекші ауылдық М.Мәметова, Е.Бектұрсынұлы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына 20 млн 771 мың теңге қаралып, орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Қосүйеңкі елді мекенінде балалар ойын алаңын орнатуға 7 млн теңге бөлініп, қазіргі күні құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді, – дейді ауыл әкімі.
Айта кету керек, ауылға жаңадан 1 трансформатор орнатуға 2,700 000 теңге қаржы да қаралыпты. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жоба-сметалық құжаттары дайын. Мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, оң қорытынды алынып, бюджеттік өтінім берілген. 2023 жылы елді мекен толықтай газбен қамтылады деп күтілуде.
– Қосүйеңкі елді-мекенінің ауыз су мәселесі бойынша мемлекеттік сараптама жұмыстары жүргізіліп, бюджеттік өтінім берілді. Сондай-ақ аталған ауылға аяқ су баратын 2х2х2 каналын қазып-тазалауға жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жұмыстың сметалық құны 95 050 565 теңгені құрап отыр. 2022 жылғы 12 қазан күні облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов жеке қабылдау барысында биылғы жылға үнемделген қаржы есебінен 27 млн теңге қаралатындығын жеткізді. Қазіргі уақытта «Табиғат» мекемесі тарапынан «2×2×2» каналының 37 шақырымы қазылу үстінде, – дейді ауыл әкімі.
Қиналған жанға қол ұшын беріп, қайырымдылық жасаудан да ауыл халқы кемде емес.
– Мәселен, наурыз айында ауыл тұрғындарының демеушілігімен тұрмысы төмен 12 отбасыға ірі қара малының еті таратылып, мектеп мұғалімдерінің демеушілігімен 7 отбасыға азық-түлік берілген болатын. «1 – мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне» орай халықтың әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарына қайырымдылық көрсету жұмыстарын ұйымдастыру барысында тұрғындар тарапынан ауылдық округтегі 10 отбасыға қажетті азық-түлікпен көмек көрсетілді. Ауылдағы №159 «Еңбекші» қазақ орта мектебінің 1982 жылғы бітіруші түлектердің демеушілігімен Б.Оразов және Е.Бектұрсынұлы көшелерінің арасындағы жаяу жүргіншілер жолы тегістеліп, тас төселді. «Мектепке жол» акциясы аясында ауыл тұрғындары есебінен құрылған қаржылай қордан 20 оқушыға 25 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Жылу маусымы қарсаңында жеке кәсіпкер Р.Төрениязов ауылдағы 5 отбасыға қатты отынмен демеушілік жас­ады. 2020 жылы Еңбекші ауылдық «Баба ата» мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы да демеушілердің көмегімен мешіт айналасына көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша біршама жұмыстар істелді. Атап айтқанда, мешіт айналасына газон төселіп, шырша ағаштары егілді, мешіт айналасына кісі отыратын орындықтар әкелінді. Мешітке бақылау камералары орнатылған. Түнгі жарыққа қосылған. Мұндай көпке үлгі болар қайырымдылық шаралары алдағы уақытта жалғасын табатындығына зор сенім білдіреміз, – дейді Б.Серікбайұлы.
Аядай ғана ауылдың бірлікке ұйысып, қоңыр тіршілік кешіп, берекелі өмір сүріп жатқаны тәнті етті. Қариясы қариялығын жасап, жастар тіршілігі мен құлшылығын қатар атқарып жүрген барлық ауылдың тыныс-тіршілігі «осындай болса шіркін-ай!» деген ойға шомдық.

29 қараша 2022 ж. 248 0