Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСЫМЫЗДАН «БАЙРАҒЫМЫЗ» ТҮСПЕСІН

БАСЫМЫЗДАН «БАЙРАҒЫМЫЗ» ТҮСПЕСІН

Орамал – жаны нәзік жаратылған болмыс иелерінің басындағы байрағы. «Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, ахау, Орамалы тұрады бес жүз жорға», – деген әнімен-ақ қазақ бастағы орамалды қаншалықты бағалағанын аңғарта алса керек.
Халқымыз қашаннан ананың басындағы орамал мен ақ сүтінің киесіне тоқтасқан. Ананың сүті демекші, қазақ-қалмақ соғысында қазақ ауылдарын шауып келе жатқан қалмақ қонтайшысының алдынан жұртта қалған ана шығып, өзінің ақ сүтіне илеп, пісірген нанды орамалының үстіне салып, қолбасшыға ұсынып тұрып: «Дәм тат, наннан үлкен емессің» депті. Нанның үзімін аузына салып, дәмін талғаған қонтайшы: «Ойпыр-ау, бұл қандай нан, дәмі ерекше ғой?» дегенде, әйел: «Мұны ақ сүтіме илеп, пісірген едім» депті. Сонда жан-жағын жайпап келе жатқан қонтайшы үн-түнсіз әскерін ертіп, шегініп кеткен деседі. Осылайша қаныпезер қас жаудың өзі ананың орамалы мен ақ сүтінің алдында бас иіп, ал ақылды әйел осынау қасиетімен ауыл-елін жаудан аман сақтап қалған екен. Аталы сөзден аттамай, салтын сақтап, қасиетті дәстүрін ұрпағының қанына сіңіріп өсірген қазақ ұлтының өнегеге толы өмірінің бір бөлшегі – ақ орамал.
Орамал – сұлулықтың символы, адалдықтың белгісі, балалықтан аттаған бойжеткеннің жаңа өмірінің бастамасы. Ол – жаны нәзік жаратылған болмыс иелерінің басындағы байрақ. Медициналық тұрғыдан да, шаштың магниті зор делінеді. Сондықтан, адамның шашы ауадағы шаң, ластың бәрін тартып алады. Ал, әйел ас дайындап, дастарқан жасап, дәм ұсынатындықтан тазалық үшін шашты орап жүру, яғни орамал тарту міндет. Халқымыз бас киімді құрмет тұтатыны секілді, орамалды да киелі деп есептеген. Орамалды жас келінге үлкен ененің салатынында да үлкен мән жатыр. Мұнда ұлтымыздың «От-анасы» деген ұғымы қылаң береді. Бұрынғы от-анасы, әулетке келген жаңа мүшеге «байрақты» табыстап, аманат етеді деген сөз. Сондықтан, тұтынған, басқа тағылған орамалды бөгде адамға сыйға тартуға болмайды. Орамал аяқ астында жатпайды, бұрынғылар оны басып кетуден қатты секем алатын болған. Бұрындары әйел адамға орамалсыз жүруге тыйым салынған. Діни түсінік бойынша орамалсыз жүрген әйелдің иманы басынан қырық қадам алыс жүреді деп есептелген. Сонымен қатар, емізулі баласы бар әйел орамалсыз бала емізсе, қайызғағын шайтан баланың аузына салып жібереді деген наным бар. Ондай бала есейгенде мәңгүрт болып, анадан безеді, қайырымсыз болады деп ұққан.
Орамал – кез келген қыз-келіншектің көрігіне көрік, әдемілігіне сән қосатын ерекше әшекей екеніне ешкім дауласа қоймас. Ең бастысы, ол сыйлық, жол тарту ретінде маңызды қызмет атқарған. Әлі де солай. Оны үлкен кісілерге көбінесе көйлектік бұлмен (матамен) бірге қосып береді. Осыған орай халық тілінде «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», «Орамал тон болмайды, жол болады» деген орамды сөз қалыптасқан. «Ол әр үйдің келінінің немесе әйелдің санасына байланысты. Мен келіндердің орамал тартудан неліктен бас тартатынын түсінбеймін. Орамалды тағуының өзі үлкендерге деген құрметті білдіреді. Себебі, барлық тәрбие, тәлім сол орамал арқылы дариды. Ол жас келін болсын, тіпті жасы келген әже болсын әйел затының орамал таққаны дұрыс деп есептеймін. Менің өзім бір шаңыраққа келін болып түскеніме 15 жылдың жүзі болды. Тастамай орамал тағып жүремін» деп өз пікірін білдірді аудан тұрғыны Алтынай Дәулетова.
Бір қуанарлығы, қазір жас қыз-келіншектердің арасында басына орамал тартып жүру сәнге айналуда. Бұрынғыдай кимешек киіп жүрмесе де, әдемі шарфтар мен «тюрбандарды» сәнін келістіре тағып алған қаракөздерді көргенде сүйсінесің. Бұл да егемен еліміздің қайта жаңғыруға қадам басқан бір белгісіндей көрінеді бізге.
23 қараша 2022 ж. 204 0