Білсеңіз орамалда көп қасиет
Орамал тағу – салт-дәстүрдің бірі. Кешегі ата-әжелеріміз ақ жаулықты құрметтеді. Әдебін сақтады. Ұлттық болмысын ұмытпады. Орамал қыз-келіншектің отбасылы адам екенін аңғартады. Ана екенін, адал ниетпен аттаған шаңырағы бар екенін білдіреді. Осыдан-ақ оның қадір-қасиетін ұғуға болады.
Ертеде жайлауда отырған бір елдің азаматтары жаңа қонысқа мал айдап кетеді. Бас көтерер азамат болмаған ауылға тұтқиылдан жау шапқанда, сол ауылдың бәйбішесі басындағы ақ орамалды шешіп, сойылға байлап, жауға қарсы шығып, оларды тоқтатады. Сөйтіп ауылды аман алып қалады. Сол күннен жауды тоқтатқан ақ орамал «Жаулық» аталып кетіпті. Содан болар қазақ халқы бірінші байлық – денсаулық десе, екінші байлық – ақ жаулық деп есептейді. Ақ орамалды басына салған сәттен жаңа түскен келін келген елінің тілеуін тілейді. Жас келіннің іздегені – байлық емес, алпыс екі тамырын жібітер дүниеге әкелер болашақ ұрпағының амандығы. Қазақта жаңа түскен келін басына орамалын салып, жанжал болған жерге келіп сәлем салса, тіпті қан төгіс болып жатса да бітімге келіп, ұрысты тоқтатқан деседі. Қазақ үшін орамалды сыйламау ананы қорлау болып табылады. Бірде Бөлтірік шешен ел аралап жүріп, бір кедейдің үйіне келіп түседі. Торғай қамаса тұрмайтын, жыртық киіз үй, төрдегі текеметтің арасынан шөп өскен, адам отыратын жер жоқ. Үй иесі «Ақсақал жоғары шығыңыз» дегенде, әйелі басындағы орамалын алып, жерге төсепті. Бөлтірік шешен сонда: «Келін мұндай құрметті ешкімнен осы жасқа келгенше көрмеппін. Ақ ниетіңе разымын. Тәңірім басыңа жетер байлық берсін. Басыңа қайта тартып ал», – деп өзі еңкейіп орамалын жерден алып беріпті. Кедей жалғыз ешкісін сойып, үйге келген қонағына шама-шарқынша сый-сияпат көрсетеді. Кедейдің ақ көңілін аңғарған Бөлтірік шешен: «Қазанға еттің бәрін сал, ауыл-аймақтың бәрін шақыр. Бөлтірік шешен менің үйімде бірнеше күн боламын деді» деп хабар айт депті. Оны естіген сол ауылдың ауқатты адамдары бірі үйін әкеліп тігіп, бірі дүниесін, сойыс малын алдырып, бірнеше күн болыпты. Кетерінде шешен: «Осы әкелген дүниелеріңді, беретін малдарыңды осы жігітке беріңдер» деп бата беріпті. Көп кешікпей кедей жігіт дуалы батадаң соң, байлыққа кенеліпті деген ел аузындағы аңыз әңгіменің астарына үңілсек, сол орамалдың қадір-қасиетін аңғарамыз.
Ертеректен орамал тағуды өзіндік борышы санаған көреген бәйбіше мен нақ төрден орын алған бойжеткеннің ақылдылығы көпке үлгі. Етегі жер сүйреткен апамның айтқан өсиетінде орамалдың киесі қашанда биік тұрады. Шындығында, сырт көзге ажарыңды айқындайтын орамалдың құдіреті баршылық. Сондай-ақ қазақ халқында көнеден келе жатқан «Сары жаулық» деген дәстүр болған. Барымтада кісі өлсе, кінәлі жақ өлген адамның әйеліне сары жаулық беріп жіберген. Бұл күйеуіне құнын төлейміз деген таңба хат. Сары жаулықты құн төленгенше әйел тағып жүрген. Құн төленген күні шешкен. Сондықтан қазақ сары түсті көп пайдаланбайды. Сары түсті сағыныш деп есептеген. Ағаштың жапырағының, шөптің сарғайғаны дүниенің жансыздануынан деп есептеген. Сары жаулық таңба болып саналады. «Сүйегіме таңба салдың» деген сөз осыдан қалған. Айта берсек жаулықтың жан баласына ұғындырар мән-мағынасы жетерлік. Кешегі күнге дейін ер адамдар әйел жаулығын шешкен сәтте ұрысты доғара қоятын. Бұл қазақ қанындағы тектілікті білдірсе керек. Тіпті ел билеген әмірші де ақ орамалды аттамаған. Ал бүгін ше?
Әзірлеген Г.ДҮЙСЕБАЙ