БЕСІКСІЗ ҮЙДЕ БЕРЕКЕ БОЛМАС
Дана қазақ бесіктің қадірін кейінгілерге осылай түсіндірсе керек. Иə, бұрынғылардың үйінде қымбат-қымбат шетелдік дүниелері болмаса да, төрінде міндетті түрде бесігі тұрған. Сəби дүниеге келісімен-ақ оны бесікке бөлеген. Қазір де тұңғыш балаға дүркіретіп бесік той жасап, оны көпшіліктің көзінше нағашылары əкелген бесікке салу рəсімін орындау дəстүрі қолданыстан шыққан жоқ. Десе де, осы бір құнды жатын орнында өсіп, бесік жырымен сусындап жатқан сəби аз бүгінде. Жас аналар ерінеді ме, əлде, «бесiкке салған бала өспейдi, оның бойында қан жүгiрмейдi, аяқ-қолы қисық болады» деген бос сөзді алға тартады ма, əйтеуір ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан бесiк қазiргi кезде тербелмелi кереуетке, манежге ауысқан.
Білген адамға жаңа туылған нәрестеге алаңсыз ұйқы мен тазалық сыйлайтын осы – бесік. Үлкен апаларымыз да «Бесiкке жатқан баланың жөргегi таза, аяқ-қолы түзу өседi, жылы жатады, оянғанда керiлiп, созылып жақсы жетiлiп, тез өсуiне ықпал етедi», – дейдi. Қазiргi жастар сәбидiң тазалығы үшiн аса алаңдамайды ма қалай? Көбi күндiз-түнi кигiзетiн дайын жөргек қапқа (памперске) үйренiп алған. Ол тек ананың тыныштығы үшін, ал, бала жөргек қаппен өзін жайлы сезінбейтіні анық.
Ендi «бесiк» сөзiнiң шығу төркiнiне тоқталайық. Кейбір зерттеушілер «Якут, сары ұйғыр халықтарының тiлiнде бесiк сөзiнiң түбiрi «би», «пе», «бээ», болып келедi де, мағынасы «тербету», «әлдилеу» деген түсiнiк бередi. Ал, осы түбiрлердiң бiрiне, әсiресе «бээ» түбiрiне өз тiлiмiзге тән жұрнақ қоссақ, «тербету» мағынасын беретiн «бесiк» сөзi пайда болады. Егер бiзге «бесiктi» тербеу, қозғау, қимылдау, шайқау қажет болса, онда қазақтың «без», «безек» немесе «безiк» болып, бертiн «з» дыбысы қатаң «с» дыбысына ауысып, «бесiк» болып қалыптасса керек» деген пікірді айтады.
Біздің ше одан гөрі халық аузында жүрген «бесiктiң жасалу жолына қарай, оны құрайтын негiзгi бес ағашқа байланысты «бес уық» сөзiнен де туындауы мүмкiн» деген жорамал шындыққа жанасатын секілді. Олай дейтiнiмiз, қазақ халқы негiзiнде бесiктiң екi түрiн тұтынған. Ертедегi түрi «аспалы бесiк» деп аталады. Аспалы бесiктiң жасалу жолдары өте қарапайым. Оны әзiрлеу үшiн жуандығы бiркелкi, жұмыр бес тал болса болғаны. Ондай бесiктi көшiп-қону кезiнде уықтан құрап жасай салу оңай. Кейiн келе бес уық – бесық – бесiк болып қалыптасып кеткен тәрiздi. Қалай айтсақ та, қазақтың «бесiк» деген сөзi якуттың немесе сары ұйғырдың сөзiнен шықты деу көкейге қоныңқырамайды. Сондықтан «бесiк» атауының шығуы әлi де болса терең зерттеудi қажет ететiнi даусыз.
Хадисте де бесiк жайында деректер айтылады. Жатырдағы бала жарық дүниедегі құбылыстардың барлығын анасының денесi арқылы қабылдайды. Ал, туғаннан соң аяғы шығып, өздiгiнше жүрiп бейiмделгенге дейiн оның денесi табиғи түрде қажеттi тербелiске түсiп отыруы тиiс. Мұны iске асыратын ең тиімді құрал – тек қана бесiк. Құранда мынадай сөз бар: «Мәриям баланы көрсеттi. Олар: «Бесiктегi бұл бөбекпен қайтып сөйлесемiз?» дедi». («Мәриям» сүресi, А-29). Аятта Иса пайғамбардың анасы Мәриям пайғамбарды бесiкте тәрбиелегенi анық айтылған. Аятта бесiктi «мәһд» деп бередi. Мәһдтi тәпсiршiлер «Сандық секiлдi ағаштан жасалған, қақпақсыз бұйым. Ол емшектегi сәбидiң жатын орны. Баланы құлап қалмас үшiн осы бұйымға салады» деп түсiндiредi. Демек, «мәһд» дегенiмiз – бүгiнгi бесiк. Соған қарағанда бесiктiң тарихы сонау Иса пайғамбардың дәуiрiнен, бәлкiм одан да әрiден басталған болып шығады. Қашаған жыраудың да «Пайғамбарлар туғанда, бесiк болған бұл ағаш» деуi бекер емес.
Қазақ ертеден бесiктi атадан балаға мұра етiп қалдырып отырған. Кездейсоқ жағдайға байланыс¬ты қирап қалмаса, өздiгiнен оны сындырып, отқа жақпаған. Сәби өсіп, бесікке жатпайтын уақытта оны жоғарыға қойып сақтаған. Сондықтан, біздің да ата дәстүрден алшақтамай, баламызды бесікте өсіріп, жырымызбен әлдилеп өсіргеніміз дұрыс болар. Дана халқымыз «Тәрбие тал бесіктен» демей ме? Бәлкім бесігіміз түзелсе, онда өсіп-өнген сәбиіміздің де болашағы бұлыңғыр болмас. Сіз қалай ойлайсыз ойлы оқырман?