Қазалыдағы қара тұз кенінің қасиеті қандай
Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы қара тұз кені бүгінде жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда. Маусым сайын мұнда келушілер саны артып, ол жердің суына шомылғандар дертіне дауа тауып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жергілікті халық «Қараболат әулие» жері деп атап кеткен қара тұз кені Қ.Пірімов ауылынан шығысқа қарай 25-30 шақырым қашықтықта орналасқан. Тұзды көлдің ені - 50-60 метр, ұзындығы 700-800 метр. Балшық пен су аралас табиғи қара тұзға халық шілденің 10-нан тамыздың 10-на дейін түседі.
Қ.Пірімов ауылының байырғы тұрғыны Қонысбай Рамазанның айтуынша, Қараболат деген кісі ашаршылық заманда көлдің маңайынан жертөле қазып, қара тұзды сатып күн көрген екен. Тіпті, ол жерден соғыс жылдары Кеңес үкіметі арнайы тұз алдыртқан деген дерек бар. Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек, осы жерде Қараболаттың кемпірі мен келіні де тұрған көрінеді. Ажалы жетіп кейуана қайтыс болғанда келіні енесінің мәйітін жертөлеге қойған. Бертін келе, жертөле құлағандықтан, бейіт үйіндінің астында қалған. Кейін оның айналасын малшылардың бірі қоршап қойған.
«Бала кезімде ата-анам сол маңайды паналап, мал баққан. Ол кейбір адамдардың қара тұзды пойызға апарып сатқанын, мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар да осы жерден тұз алғанын көрген. Табиғаттың шеберлігіне таң қаласыз, жердің астынан өздігінен қара тұз шығып жатыр және оның емдік қасиеті де мол. Бұл жерде дертіне шипа тапқысы келгендер шілде-тамыз айларында көбейеді», - дейді Қонысбай Рамазан.
Ал ауыл тұрғыны Есімбек Сағымбаев та тұздың емдік қасиетін айтады.
«Былтыр осы жерден бір бөшке тұз-су алып, емге пайдаланатын адамға апарып бергенмін. Қара тұз кәдімгі сумен жуылмайды. Тек өзінің суымен адам бататындай ыдысқа салып, шомылады. Жел қатқанға, қышымаға, тері жараларына, буын ауруларына пайдасы мол», - дейді ол. Сонымен қатар, тұзды төрт түлікке берсе, аусыл дертінен айықтырады. Кезінде малшылар қара тұзбен соғым етін тұздайтын болған. Жергілікті тұрғындардың сөзіне құлақ түрсек, қара тұз кенінің басында екі-үш күн жатып, емделсе, нәтижелі болады. «Оның балшығы да дертке дауа» дейді олар. Сәрсенқұл Назар