Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлықтың жолын жабайық

Жемқорлықтың жолын жабайық

Әрбіріміздің көкейімізде «Жемқорлық неден туындайды?», «Жемқорлар қайдан шығады?» деген сауалдар сайрап тұратыны анық. Бірі жемқорлықты жоқшылық туындатады десе, енді бірі ынсапсыздықтың асқынған түрі дейді. Түйені түгімен жұтып жатқандардың бәрі аш-жалаңаш жүрмегендері түсінікті жайт. «Адамды сынағың келсе, қолына билік беріп көр» демекші, қызметі сәл өсе қалса, ебін тауып екі асап қалуды ойлайтындардың әрекетін қалай түсінуге болады?
Transparency International-дың сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне сәйкес еліміз 180 елдің арасынан 2019 жылы 113-орынды иеленген болатын. Өткен жылы индексті біраз жақсартып, 94-орынға табан тіредік. Халықаралық рейтингтің үздік үштігіне Жаңа Зеландия, Дания мен ­Финляндия енсе, ең төменгі сатыда Сирия, Солтүстік Судан мен Сомали тұр. Сондай-ақ Қазақстан Заң үстемдігінің халықаралық рейтингісінде 128 мемлекеттің ішінде 62-ші орынды иеленген. Дүниежүзілік банктің Сыбайлас жемқорлықты бақылау индикаторы бойынша Қазақстан 2 жыл ішінде өз көрсеткіштерін 2 еседен астамға жақсартты. Мамандар бұл Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне қатысқан уақыт аралығындағы ең жоғарғы көрсеткіш екенін айтады. Тіпті Антикор «халықаралық ұйым ешқашан біздің елімізді мұнша жоғары бағалаған емес» деп отыр.
Рас, соңғы жылдары елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат басқаша бағыт алды. Қылмыстық-құқықтық салада, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және цифрландыру саласында жүргізіліп жатқан реформалар, осы бағыттарда қабылданған іс-шаралар кешені ақырындап өз нәтижесін беруде. Жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру, қылмыстық сот ісін жүргізу және мемлекеттік қызмет көрсету салаларында цифрлы технологияларды кеңінен қолдану, сонымен қатар қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу бұл індеттің алдын алуға барынша ықпал етіп келеді. Бүгінде еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы модель бірнеше бағыт призмасы арқылы жүйелі реформалауға сүйенеді. Олар: кәсіби мемлекеттік аппарат, заңның үстемдігі және құқықтық мемлекет, мемлекеттік институттардың ашықтығы, транспаренттілігі және есептілігі, сервистік мемлекет және цифрландыру, ал ең бастысы – қоғамның саяси жаңғыруы.
Жасыруға келмес, егемендігімізді жариялап, етек-жеңімізді жинағалы бері жемқорлықпен алысып-ақ келеміз. Отыз жылда дерттің дендеп кеткені соншалық, ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіре бастады. Бұған дүйім елді дүрліктірген Жамбылдағы жарылыс та дәйек бола алады. Еліміздің алға жылжуына тұсау болып тұрған да осы кесел. Жемқорлықты жеңбей ешбір ісіздің ілгері баспайтынын түсінген халық қазір кез келген келеңсіздіктің, оқыс оқиға мен төтенше жағдайдың диагнозы етіп осы дертті атайды. Себебін айтпаса да, ұғынықты. Бүгінде жемқорлық жауламаған жүйе қалмады. Және бұл дертпен күрескен сайын парамен тұтылғандар көбейіп барады. 2020 жылы облыс көлемінде анықталған 53 сыбайлас сипатындағы қылмыстың 50 проценті аса ауыр санатқа жатады. Фактілерді сараласақ, ішкі істер органы, әлеуметтік қорғау, медицина, білім беру салалары мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жиі тұтылған. Есте болсын, пара алушымен қатар, пара берушіде заң алдында жауапқа тартылады.
Ұлы ақын Абайдың «Ескендір» поэмасы философ Аристотельдің «Тоя ма адам көзі мың мен санға?» деген даналық сөзінен басталмаушы ма еді?! Иә, қанағатсыздығы мен тойымсыздығы жауыздыққа жетелеген Ескендір Зұлқарнайынға ой салған да осы ­сауал болатын. Ал жауабы – «адамның көзін тек қара топырақ қана тойдырады» деген тәмсіл. Рас, дүниеге адамның көзі тоймайды, өлгенде бір уыс топыраққа ғана ­тояды. Адамзат мойындаған бір уыс топырақ тәмсілі осы болса керек-ті.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
16 қараша 2022 ж. 211 0