Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шапкасын» бермесе, шаруа шешілмей ме?

«Шапкасын» бермесе, шаруа шешілмей ме?

Бүгінде бармақ басты, көз қысты күрделі мәселенің біріне айналып отыр. Бұл тек Қазақстанды ғана емес, дүние жүзі күресіп келе жатқан індет десек болады. Себебі, жең ұшынан жалғасатын жемқорлық кез келген елдің болашағына балта шабады. Келешегінің кемелденуіне кедергі жасайды. Білімді де білікті мамандардың тасада қалып, жарқырауына жол бермейді. Сондықтан жемқорлықпен әр адам күресті өзінен бастау керек. Баланың бұғанасы қатпай жатып-ақ, оны оқуға үйретіп, адалдықтың ақ туын жықпауға тәрбиелеу керек. Ал егде жастағы жандар «Мәке» мен «Бәкеге» сенім артпай, «Алмас қылыштың қап түбінде жатпайтындығын» түсінген жөн шығар.
»Қазақстан-2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында Елбасы: «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық — жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біздің түпкі мақсатымыз — жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін оған қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек», — деген болатын. Осы тұста әлем елдеріндегі жемқорлықпен күресті тілге тиек еткім келеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде біршама жетістікке жеткен мемлекеттер туралы айтылғанда, ең біріншіден Сингапурдың тәжірибесі еске түседі. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Британ империясынан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде құрылған аралдық елдің жаңа басшысы Ли Куан Ю бір сөзінде «Егер билік басындағы жемқорлықты құртпаса, онымен күресу еш нәтиже бермейді» деген екен. 1959 жылдан бас­тап 1990 жылға дейін Сингапурдің Премьер-министрі болған Ли Куан Ю туған елін сыбайлас жемқорлықтан азат, экономикалық жүйесі мықты дамыған мемлекеттердің қатарына қосты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикалық дағдарысқа ұшырап, билік жүйесін жемқорлық жайлаған Сингапур Ли Куан Юдың премьер-министрлігі тұсында халықтың әлеуметтік және экономикалық дамуы жағынан Оңтүстік-Азия елдерінің арасында ғана емес, әлем елдерінің қатарында алдыңғы орынға шықты.
Әлем елдерінің сыбайлас жемқорлық деңгейіне сараптама жүргізетін халықаралық үкіметтік емес ұйым Transparency International агенттігінің 2017 жылы жүргізген «Жемқорлықты қабылдамау индексіне» сәйкес, Сингапур әлем халықтарының арасында 5-ші орында тұр. Бірінші орында Жаңа Зеландия, екінші орында Дания, үшінші орында Норвегия, Финляндия және Швеция тұр. Қазақстан бұл рейтингте 180 елдің арасынан 122-ші орынға түсті. Бұған дейін ол 136-шы орында тұрған болатын.
Иә, іштен ірітіп, елдің қаржысын талан-таражға салатын тұлғалармен тоқтаусыз күрестің нәтиже беретініне осы елдер куә. Демек, біз де жемқорлықты арына түскен дақ деп санамайтындармен сәт сайын күрес жүргізуіміз керек.


Әлия Омарқызы,
Шиелі аудандық қазынашылық басқармасының бас маманы
20 тамыз 2019 ж. 471 0