СИРЕК МАМАНДЫҚПЕН СЫЙҒА БӨЛЕНГЕН ЖАН
Әдетте көп мамандықтың атауының өзі қандай міндет атқаратынын айтып тұрады. Мәселен, мұғалім оқытады, дәрігер емдейді, жазушы жазады. Осы секілді тағы басқа мамандықтардың бүгінде бәсі жоғары. Ал ауыл шаруашылық мамандарына келсек әңгіме бөлек. Қызметі көп, құрметі аз. Жауапкершілігі жоғары, жұмысы көрінбейді. Малдың соңында жүргісі келмейтіндер бұл мамандыққа мұрнын шүйіріп қарайтыны жасырын емес. Десек те, ауылдың жүрегі, байлығы, табысы, одан қалды елді асырайтын бұл аталған саланы бәрі мойындайды. Осы ауыл шаруашылық саласындағы мамандықтардың бірі – гидротехник.
Су шаруашылықты реттейді. Мұны екінің бірі, әсіресе қазіргі жастардың біле бермеуі мүмкін. «Су – тіршіліктің көзі» десек, осы су шаруашылығымен айналысатын маманның қадірі қаншалықты екенін ұғынуымыз керек. Өрісімізді, егістігімізді осы бір өзен суымен көлдетіп суарып алу солардың жұмысы. Су бар жер де, байлық та бар. Сол себепті мал азығының да, егіннің бітік, қамбаның мол болуы да суға байланысты. Ал енді осы мамандықты таңдап, өмір бойы сол жұмыспен айналысып абыройға жеткен адам бар ма деп ойлайтын шығарсыздар. Бар, әрине. Ол біз айтқалы отырған – Базарбек Әділбеков. Талай жылдық тәжірибесі бар су маманы.
Су шаруашылықты реттейді. Мұны екінің бірі, әсіресе қазіргі жастардың біле бермеуі мүмкін. «Су – тіршіліктің көзі» десек, осы су шаруашылығымен айналысатын маманның қадірі қаншалықты екенін ұғынуымыз керек. Өрісімізді, егістігімізді осы бір өзен суымен көлдетіп суарып алу солардың жұмысы. Су бар жер де, байлық та бар. Сол себепті мал азығының да, егіннің бітік, қамбаның мол болуы да суға байланысты. Ал енді осы мамандықты таңдап, өмір бойы сол жұмыспен айналысып абыройға жеткен адам бар ма деп ойлайтын шығарсыздар. Бар, әрине. Ол біз айтқалы отырған – Базарбек Әділбеков. Талай жылдық тәжірибесі бар су маманы.
Әлқисса. Базарбек Әділбеков 1929 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдары 7-сыныпты аяқтай салысымен колхоздың түрлі шаруашылықтарына араласқан. Алғашқы еңбек жолын 1943-1946 жылдары Құмарық ауылдық кеңесінің хатшылық қызметінен бастайды. 1947-1950 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы су шаруашылығы техникумының табалдырығын аттап, оны ойдағыдай тәмамдап, «Инженер-техник» мамандығын алып шығады. Араға жыл салып 1951 жылы Тәжік ССР-ы, Октябрь ауданына учаскелік инженер-гидротехнигі қызметіне қабылданып, ол жерде 1958 жылға дейін жұмыс істейді. Өзінің тиянақтылығы мен біліктілігінің арқасында Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне барып, арнайы медальмен марапатталады.
Содан бері сүйікті кәсібінен ажыраған жоқ. Мамандығын, тәжірибесін жетілдіру үшін бір сәтке оқудан, ізденуден қол үзбеген. Сөйтіп 1959 жылы елге оралады. Шиелі ауданы су шаруашылығы мекемесінде 1965 жылға дейін қатардағы инженер-гидротехник қызметін атқара жүріп, 1963 жылдың қараша айында Алматы қаласында өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің VІІ-Пленумына делегат болып сайланады. Оқу мен тәжірибені қатар ұштастырып ел игілігі үшін қызмет етті. 1965-1994 жылы зейнеткерлікке шыққанша «Авангард» совхозында бас инженер-гидротехник қызметін абыроймен атқарған.
Ауылда сыйлы отбасылардың қатарынан көрінді. Осының бәрі өз жұмысына деген адалдық пен тиянақтылық. Оның тәжірибесімен, ұсынысымен жоғарғы жақ та санасты. «Авангард» совхозы Ы.Жақаевшылар үндеуіне жауап ретінде жыл сайын күріш егіп, одан өнім алуға ауданның алғы шебінде болған. Совхоздың 6,5 мың гектар тегістелген алқабына 9 танапты егін егу мәдени системасын бұлжытпай орындауда Б.Әділбековтің қосқан ерен еңбегі талай рет Жоғары партия, Совет органдары тарапынан мадақ пен мақтауға ие болды. 1968-1974 жылдары Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің куәлігі және «Қола» медальдің иегері болса, 1973-1981 жылдар аралығында Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы атанады. Сонымен қатар облыстық атқару комитетінің шешімімен «Таңдаулы инженер-гижротехнигі» атағы беріледі. В.И.Лениннің туғанына 100 жылдығы «Юбилейлік медалі», 1985 жылы «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 және 55 жылдығы» медальдары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 1941-1945 жылдардағы төсбелгісін кеудесіне таққан. Көзінің тірісінде 1967-1994 жылға дейін Ақмая ауылдық округінің үздіксіз депутаты және ұзақ жылдар ауыл шаруашылығын өркендетудегі еңбегі үшін Облыстық Кеңес атқару Комитетінің «Құрмет грамотасымен» де марапатталған. Бір сөзбен айтқанда, Базарбек Әділбеков сирек мамандықпен қандай да сыйға бөленуге лайық жан.
Салмақты сөзімен, абыройлы ісімен бейнетінің зейнетін көрді. Жолдасы Пістекүл екеуі 7 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығын да оқытып, тәрбиелеп, жоғарғы білімге қол жеткізген әкенің еңбегі текке кетпеді. Қыздары қияға қонып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырса, ұлдары жауапты қызметтерде жүр. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында еңбек адамының мәртебесі мен мерейін өсіруге мейлінше көңіл бөлу керектігін айтқан-ды. Себебі еңбек – бәрін де жеңбек.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ