Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттың ұлы ұстазы

Ұлттың ұлы ұстазы

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінде қандай да бір жетістікке жету үшін әлбетте білім керек екені белгілі. Ал білімді жастары бар елдің экономикасы берік, тәуелсіздігі мәңгі болатыны сөзсіз. ­Ахмет Байтұрсынұлы – өзінің саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған мемлекет және қоғам қайраткері. Төккен тері мен жазған еңбектерінің барлығынан өз халқының тағдырына жанашырлықтан туған жанкештіліктің, отаншылдықтың, биік парасат пен пайымның болмысы көрінеді.
Патша үкіметіндегі шенеуніктермен қақтығысқа келгені үшін әкесі мен ағасының сотталып, жер аударылуы, жазалаушы отрядтың елге жасаған зорлық-зомбылықтары жас Ахметтің жүрегіне жара болып түсті. Осы жара ұлғая келе, оны күрес жолына дайындағанын біз ақынның өз өлеңдерінен білеміз. Түрмеде жатып анасына «Анама хат» деген өлең жолдарын жазып, жас жүрекке түскен жараның үлкен азаматтық, адамдық дертке ұласуын әдемі бейнелейді. Ол сол дерттің халық басына түспеуін, одан азат болуды армандайды. Алайда Ахмет көрген ел әлі ұйқыдан оянып болмаған, ынтымағы жоқ, алауыз, сөз тыңдауға салғырт, берекесіздікке ұйыған қауым еді. Сондықтан ол өлеңін «Маса» етіп жұмсап, ел құлағына барып ызыңдап, ұйқыдан оятуға пайдаланды. Атақты «Маса» жинағы осылай туды. Ахметтің ақындықты өнері, «Маса» мен «Қырық мысал» кітаптары осы күнге дейін тиянақты зерттелген емес.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ балаларын ел қатарына қосылып, білім алуына 1896 жылдары көңіл бөле бастады. «Қазақ» газетін шығарып, оның бетінде мәселелер көтеруінен, қазақ балаларын ана тілінде сауаттандырып әрі ана тілінде оқыту үшін жүргізген күресінен, ең соңғысы сол ана тілінде оқытатын оқулықтар жазуынан, халық ағарту кадрларын дайындап, жас қазақ интелегенциясы өкілдерін баулуынан танылады.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқын «іргелі жұрт» қатарына қосу үшін жүргізген күресі және сол күресте ұстанған бір қаруы – ағартушылық идеясы болды.
Оқу-ағарту идеясы – Ахмет Байтұрсынұлының әлеуметтік қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі, идеологиялық платформасының тіреуі. Бұл форманы мықтап ұстауға итермелеген – оның туған халқының тағдырын ойлағандығы. Қазақ балаларының әйтеуір көзі ашылып, сауатты болуын ғана емес, тек ана тілінде сауаттануын, содан соң барып өзге ұлт мәдениетіне, тіліне қол созуды принципті талап етті.
А.Байтұрсынұлын М.Әуезов «қазақтың рухани көсемі» деп атағаны әрине, бекер емес. Халықтың рухани өміріне жанашырлық танытып, әрдайым елмен бірлікте болған рухани ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық қызметі ізгілікке толы болған. Өзі үшін емес, халық үшін өмір сүрген рухани көшбасшы, өйткені Ахмет Байтұрсынұлы өз өмірін халық үшін құрбан еткен абзал азамат. Сонымен ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына биыл 150 жыл толып отыр. Оның өмірі мен қызметі, рухани мұралары ұрпаққа баға жетпес үлгі.
Айта кету керек, Ахмет Байтұрсынұлын толғандырған және оның еңбектерінде көтерген барлық мәселелер өткенге тиесілі емес, оның көптеген идеялары бүгінгі күні де маңызды. Ұлы даланың бүкіл тарихы Қазақстанның көпғасырлық бірегей мәдениеті мен дүниетанымы бар біртұтас кеңістік екенін көрсетеді. Біз Ұлы даланың ұлы тұлғаларының мұрагерлері мен ұрпақтары ретінде бүкіл түркі әлемі үшін мақтаныш туын биік ұстауымыз керек.

Әлия Дүйсенбайқызы,
№241 Қ.Әбдіқадыров атындағы орта мектебінің мұғалімі
14 қараша 2022 ж. 358 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930