Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫМБАТТЫҢ ҚАДАМЫ ҚУАНТАДЫ

СЫМБАТТЫҢ ҚАДАМЫ ҚУАНТАДЫ

Бұрнағыда құрақ құрау мата қиындысын ысырап етпес үшін жасалған екен. Ал бүгінде сол құрақтан әдемі етіп тігілген көздің ­жауын алар көрпелер әр шаңырақтың көркі. Әдетте бұл іске ебі барлар құрақ құраумен қатар түрлі төсеніш, жапқыш, перде, қоржын сияқты бұйымдарды тіге береді. Еңбекші ауылында осы өнермен айналысатындардың бірі – Сымбат Өскенбай.
Жас кәсіпкердің ісмерлігін білмекке өзіне жолығып, әңгімелестік. Қолөнерге келуіне әжесі Әсем Әлжанова мен анасы Жанат Нұрылла сеп болыпты. «Қолөнерге қызығушылық бала кезден оянды. Қуыршақтарыма түрлі көйлектер тігіп, кигізіп қоятынмын» дейді кейіпкеріміз.Мектепті тәмамдаған соң, «Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар» колледжіне тігінші мамандығын аяқтаған. Қолөнермен айналысып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болыпты. Көрпе-көрпешелердің неше түрін тігетін шебердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдарға қызығушылар көп екенін айтады.
Бұл төңіректе Сымбатқа тапсырыс берушілер қатары күн санап артуда. Осы істі кәсіп етіп, нәпақасын тауып отырған ол қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы да өз өнімдерін қалың жұртқа таныстырады. Ауылда отырып-ақ ғаламтордың жетістіген өз пайдасына жаратып жүрген жайы бар. Қолынан шыққан дүниелерін қалай дайындайтынын әлеуметтік желіге жүктеп, тиісінше табыс тауып отыр.
– Жұмыс барысын бейнежазбаға түсіріп, өңдеп, жүктеп отырамын. Қызығушылық танытып, үйретіңізші деп жататындар баршылық. Қаралым саны артумен бірге пікір жазушылардан «Бізге толық түсінікті болуы үшін ­онлайн сабақ өтіңізші» деген өтініштер де түседі. Бірақ мен онлайн емес, оффлайн үйреткім келеді. Өзімнің арнайы тігін оқу шеберханасын ашу жоспарымда бар, – дейді жас ісмер Сымбат.
Жас та болса, бір кісідей ұрпақ тәрбиесі үшін өз кәсібін түрлендіріп жүрген жанның кезекті ­бастамасы бізді қуантты. Бүгінде кейіпкеріміз тек қазақы нақыштағы көрпеше, жапқыштардан бөлек, балалар ойыншығын, киімдерін тоқып жүр. Тәрбиеге айрықша мән беруді, оның тал бесіктен бастау алатынын бәрінен де жоғары санайтын Сымбат облыстық «Декоративті-қолданбалы өнердің» І орын иегері. Мұнымен қоса түрлі қолөнер байқауларына қатысып топ жарып жүр.
– Жасыратыны жоқ, қазір балалардың денсаулығына зиянын тигізетін ойыншықтар қаптап кетті. Оның орнына осындай тоқылған кері әсері жоқ жұмсақ ойыншықтарды жасап, балғындардың қызығушылықтарын арттырып жүрмін, – дейді ол.
Ауданда кәсіпкерлікті қолдайтын ұйым барын, арнайы мемлекеттік мекеме де жұмыс істейтінін, оған жүгіну үшін алдымен ауыл әкімдігінен жөн-жосығын, бағыт-бағдарын біліп алу керектігін айттық.
Жастайынан анасының қасында кесте тігіп, қол машинасын жүргізген Сымбаттың бұл қадамына қуандық. Атадан балаға мирас болып жеткен ұлтымыздың төл өнерін жалғастырған ісмерге толайым табыс, тілейміз.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
07 қараша 2022 ж. 302 0