Су шаруашылығы: өңір үшін өзекті
Бұған дейінгі 4-5 жыл ішінде Сыр өңірінде су мәселесі проблемалық деңгейде болғаны рас. Себебі күріш пен мақта судың «жауы» десек, күріш егістігінің 90 проценті Сыр өңіріне тиесілі. Нақ егін науқаны басталар шақта Сырдарияның суы әп-сәтте сарқылып қалатыны жасырын емес. Әйтсе де жыл сайын диқандардың ауызбіршілігі арқасында негізгі күріш алқабын кезектесіп суару әдісі қолданылып келді. Бірақ суды қанып ішпеген дәнді дақылдан мардымды өнім алу қиын екені анық.
Тек Сыр өңірінде ғана емес су тапшылығы бүкіл ел бойынша жылдан-жылға қатты сезіліп келеді. Мұның 3 себебі бар. Біріншіден, табиғат циклында судың азаю кезеңінің басталғаны байқалуда. Соңғы жылдары бұл құбылыс бірте-бірте күшейіп келеді. Екіншіден, еліміздегі су көздерінің бірқатары, нақтырақ айтсақ 9 ірі өзен торабының 4-еуі бас-тауын көрші елдерден алады. Сол елдерде суды тұтыну артты. Мәселен, Ертіс пен Іленің бастауы Қытайда, Сырдария Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан жерлерімен өтеді. Жайық өзенінің қайнар көзі Ресейде жатыр. Соңғы 30 жылда осы трансшекаралық су мәселелерін реттеуде ортақ нақты келісімнің болмауы тек агроөндіріс сипатындағы ғана емес, экологиялық мәселеге алып келе жатыр. Сондықтан мемлекетаралық қатынаста су саяси ресурсқа айналмауы қажет. Оның бір мысалы – Арал теңізі. Үшіншіден, өзімізде егін алқаптарының аумақтары ұлғаюда. Мұның барлығы түптеп келгенде суды үнемдеудің өзектілігіне алып келіп отыр.

Дегенмен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде биыл Қызылорда облысындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақтанды. Күріш көлемін де облыс бойынша 78,6 мың гектарға сақтап қалдық. Орын алған қиындықтарға қарамастан суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алынды. Бұған қоса, әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс жасалды.
Одан бөлек су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы вегетациялық кезең шығынсыз аяқталды.
Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала мамандарына суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беру арқылы өнімділік мәселесін жолға қоюды тапсырды. Айталық, жүгері егу суды аз қажет етеді, егер оны экспорттасақ табысы күріштен де қомақты болады. Сондықтан сала мамандары жүгері өндіру ісіне ерекше мән бермек. Бұл – әртараптандырудың нақты мысалы болмақ.
Биыл облыста 188,5 мың гектарға егін ексе, оның 30 074,4 гектары шиелілік диқандардың еншісіне тиесілі. Ал Жақаевтың ізбасарлары еккен негізгі дақыл күріштің көлемі 10750 гектар алқапты құрады. 41 Еңбек Ері шыққан ауданның еңбеккерлері биыл да қамбаны астыққа толтырып, береке мен бірлігін күллі елге танытып отыр. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша Шиелі облыста «Ең үздік аудан» атанды.
Әрине, мұның артында, ала жаздай маңдайын қолынан кетпені түспей, күнге күйдірген диқан қауымымен қатар «Шиелісушар» өндірістік учаскесі мекемесі қызметкерлерінің де еңбегі тұр. Себебі жоғарыда айтқанымыздай алқапқа уақытылы су жеткізілмесе, егін күнге күйіп, еңбек еш кетуі әбден мүмкін.
Аталған мекеменің күшімен жыл басынан бері аудан аумағындағы «02» каналының 3,8 шақырымын, «R-7» каналының 20 шақырымы тазартылған. Ал республикалық бюджет есебінен «Жаңа Сұлутөбе» каналының 27 км, «L-6» каналының 12 км, «01» каналының 10 км, «R-8» каналының 14,6 км, «R-10» каналының 8 км, «Жаңа Бестам» каналының 10 шақырымы қазылды. «Шиелісушар» мекемесінің басшысы Дихан Әубәкіров:
– Жыл басынан бері Шиелі ауданына сағадан 609,55 млн текше метр су алынды. Оның ішінде егістікке – 489,55 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке 120 млн текше метр су жұмсалды. Күз айларында Сырдария өзеніндегі су тапшылығына сәйкес, қашыртқы суын қайта пайдалану мақсатында R-12 каналының аяғында орналасқан шаруашылықтарға Үкімет резерві есебінен алынған насостардың 3 данасы берілді. Сонымен қатар Жаңа Шиелі магистральді каналы бойындағы су тоспа құрылыстарының көмегімен кезектестіріп реттеу жұмыстары арқылы су жетіспеушілігі байқалған күріш атыздарына су беру жұмыстары жүргізілді, – дейді.
Су тапшылығының алдын алу үшін «Шиелісушар» өндірістік учаскесі жыл басында 121 шаруашылықпен келісім шартқа отырған. Аталған шаруашылықтардың еккен егіс көлемі – 18 мың гектар құрап отыр. Оның ішінде күріш дақылы – 10 560 гектар. Күні бұрын жасалған тиімді шаралардың нәтижесінде мол өнім жиналып, ысырапсыз қамбаға құйылды.
Айта кетейік, бүгінде Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары су ресурстарын үнемдеу мақсатында суды аз талап ететін, вегетациялық қысқа кезеңдегі күріш сорттарын шығарып, өндіріске енгізумен қатар, ауыспалы егіс жүйесінде күріштің үлесін азайтып, әртараптандыру дақылдарын орналастыру жөнінде де ұсыныстар жасауда. Осылайша су тағдырына және оның ықпалынан орын алатын егін шаруашылығына қатысты ғылым мен аграрлар арасындағы үйлесім ерекше мәнге ие болып отыр. Өйткені, судың, яғни Сырдария өзенінің тағдыры – Сыр елінің тағдыры.
Гүлхан ЯХИЯ