Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылышты қынап, суды мұрап сақтайды

Қылышты қынап, суды мұрап сақтайды

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Судың да сұрауы бар» дейтінбіз, дейтінбіз де қоятынбыз. Бірақ судың шын сұрауы енді ғана туғандай. Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан болашақта су тапшылығына ұшырауы мүмкін» деген мәселені ғалымдар көтеріп келген болатын. «Алайда басқа түспегеннен кейін бе?» мәселенің мән-жайына үңіле қоймадық сол сәтте.
Енді міне соңғы жылдары аяқ судың тапшылығы сезіле бастады. Мәселен, 2019 жылы ауданда 13 мың 420 гектар жерге күріш дақылы егілсе, 4 жыл ішінде оның көлемі 1420 гектарға қысқарған. Яғни күріштің көлемі Шиелі ауданында 2019 жылы 420 гектарға, 2020 жылы 800, 2021 жылы 163, ал биыл 37 гектарға қысқарып, 12 мың гектарды құрап отыр. Күріш дақылына әбден үйреніп қалған шаруалар үшін бұл үлкен соққы болғаны анық. Бірақ «басқа түссе баспақшыл» демекші табиғаттың тосын сыйына көнбеске амал жоқ. Биыл да соңғы жылдардағы үрдіс қайталанып, су тапшылығы ауыл шаруашылығындағы негізгі түйіткілге айналды.
Еліміздің су тапшылығына тап болуына бірнеше себеп бар. Соның ең негізгісі – трансшекаралық өзендер жағдайы. Еліміздегі суы мол, ұзын аққан өзен атаулының дені басын сырттан алады. Іле мен Ертіс Қытайдан келсе, Сырдарияның басында Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы отыр. Жайықтың бастауы – Ресей жеріндегі Орал тауында. Сондай-ақ Шу өзені де Алатау асып жетеді. Бұлар – еліміздегі негізгі су көздері. Ертістің суы азайса, Зайсан көліне, Іленің суы азайса, Қапшағай мен Балқашқа, Жайықтың суы тартылса, Каспий теңізінің ертеңіне зиян келмек. Сырдың суы дария бойын жайлаған тұтас аймақ пен беті бері қарай бастаған Аралға қауіп төндірмек. Алайда келешектің тізгіні «тіршілік көзінде» тұрғанын жақсы білетін мемлекеттер су аяғындағы елді есіркеп, тегін дүние ұстатпасы анық. Сондықтан еліміз көршімен тату болып, әр тамшыны мақсатты жұмсай білуі керек.
Осыны ескерген Дихан Әубәкіров бастаған «Шиелісушар» өндірістік учаскесі мекемесі тапшылықтан, таршылыққа ұрынбаудың қамына ертерек кірісті. Мекеменің өз күшімен «02» каналының 3,8 шақырымы, «Р-7» каналының 20 шақырымы тазартылды. Ал республикалық бюджет есебінен «Жаңа Сұлутөбе» каналының 27 шақырымы, ­«Л-6» каналының 12, «01» каналының 10, ­«Р-8» каналының 14,6, «Р-10» каналының 8, «Жаңа Бестам» каналының 10 шақырымы қазылды. «Қазіргі таңда облыстық «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ның Қызылорда филиалы тарапынан 8 дана электорлы насос қондырғылары біздің мекемеге келіп тұр. Электр желілерін жүргізетін мердігер анықталғаннан кейін қондырғылар «К-3», «К-4», «К-1» каналдарына орнатылады» дейді «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Дихан Әубәкіров.
Ал соңғы 4-5 күн ішінде дариядағы судың көлемінің артуын мекеме басшысы былай түсіндірді.
– Қазіргі таңда Шардара су қоймасына секундына 900 текше метр, ал бізді ауданға 550 текше метр су келіп жатыр. Бұл өте қуанышты жағдай. Басшылықтың айтуынша су деңгейінің күрт көбеюі жауын жашынға байланысты болып отыр. Дегенмен су деңгейі жақын күндері 10-15 сантиметрге дейін түсіп, сол деңгейде ұзақ сақталуы мүмкін. Мұның өзі біз үшін үлкен көмек болар еді. Ендігі мақсат осы суды шаруашылықтар мен қарапайым халыққа уақытында, теңдей жеткізіп беру. «Атаным сай, атым сай, қашсам жаудан кетермін, кетпенім сай, шотым сай, қазсам суға жетермін» демекші біздің мекеме тарапынан шаруаның еккен егінін судан тарықтырмай, мол өнім алуы үшін бар жағдай жасалады. Аманшылық болса, биыл да өз міндетімізді абыроймен атқарып шығуға барымызды саламыз, – дейді.

Рамазан ӘНӘПИЯ
30 мамыр 2022 ж. 395 0