Құстар қайтып барады

Жылдың төрт мезгілі адам жанында төрт секундтай түрленіп, өзінше әсер сыйлайды. Шырқалар ән, оқылар жыр қаншама?! Мезгілдің ауысар сәті көз алдыңа алып келетін ұшқан құс, қаққан қанаттар өнер туындысына айналып, күн суығында жаныңа көктем орната да алады, сап-сары жапыраққа шомылтып, күзге де апарып тастайды. Осы бір табиғи құбылысты сазгер Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» деп шырқаған еді. Жылдың дәл осы мезгілінде қазақ даласын тербете әуелейтін һәм қайтқан құстарға қош айтысатын бір ән бар. Ол – қос таланттың дарынынан туған «Құстар қайтып барады» әні. Әр күз сайын біз осы әнмен көктеміне асыққан құстарды шығарып саламыз. Бұл – күздің әні. Бұл – біздің ән.
Иә, күз десе көз алдымызға жылы жаққа асыққан құстар елестейді. Бірақ қарашада алыстан ұшып жететін самырқұс деген құс бар екенін көбіміз біле бермейміз. Суыққа төзімді бұл құс Еуразияның солтүстігі мен солтүстік Америка жерінде көп кезігеді екен. Бір қызығы, біз күрең күзде жұбаныш болып келген самырқұсқа қуанбаймыз. Керісінше, кайтқан құстардың сызылтып салған мұңды әні әлі де алыстан талықсып естілетін сияқты көрінеді.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ