ДАЛАДАЙ ДАРХАН ДҮЙСЕКЕҢ
Журналистикада өзіндік қолтаңбасы, мектебі қалыптасқан аудандық газеттің атауын «Өскен өңір» деп қойған қоғам қайраткері, ақын Дүйсенбі Смайылов туралы бір үзік сыр
«Ағарды демей самайым,
«Ағарды демей самайым,
Аунайтын майса шалғынға.
Төсіңде сайран салайын,
Еркелей сенің алдыңда.
Жастықта ойнап желменен,
Тұрсақ та қарсы дауылға.
Баладай бейне шөлдеген,
Асыға берем ауылға.
Ынтығып егер тұрса оған,
Ыстық қой елдің құшағы.
Өзгеге емес, бір саған
Жүрегім алып ұшады...»
Кіндік қаны тамған туған жері туралы осылайша тебірене, ақтарыла, жүрекпен жырлау ақынның ақынының ғана қолынан келсе керек.
Дүйсенбі Смайылов 1932 жылы Шиелі ауданының Ортақшыл елді мекенінде дүниеге келді. Әкесі Смайыл ескіше сауатты жан екен. Болашақ білімде екенін түсінген әке баларының оқуына кедергі болмайды. Анасы Саракүл Смайыл ақсақал өмірден өткесін, балаларының ауыртпалығын мойнына алып, ел қатарына қосқан аяулы ана.Ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда педагогикалық училищесін тәмамдап, 1950 жылы өзі оқыған мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастайды. 1951 жылы білімін жетілдіру мақсатымен ҚазГУ-дің журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне оқуға түседі. Еңбектен қол үзбей жүріп Шиелі аудандық комсомол комитетінде мектеп бөлімінің меңгерушісі, алдымен «Стахановшы», кейіннен «Коммунизм жолы» болып қайта шыққан аудандық газетте жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып қызмет атқарады.
«...Дүйсекеңнің талабы қатты. Жастық шақ аудандық газеттің қиын сәттерін бастан өткізетін, шыңдалу мектебі болды. Бәрімізді журналистік биікке тәрбиелеген Дүйсекеңнің еңбегіне тағзым етпесек, есімін еске алмасақ, аруағы алдында күнәһар болармыз... Дүйсекең күй талғамайтын, газеттің макетін он сызып, отыз қарайтын. Оның жасаған макеті қыздың жиған жүгіндей ажарлы, жұп-жұмыр, ә дегеннен оқушыны өзіне тартып алатын. Содан болар, аудандық газет облыстың талай жүлдесін алудан кенде болған жоқ...». Бұл 1950 жылдары аудандық газетте корректор болып істеген қарт журналист Қайырбек Мырзахметұлының «Дүйсенбі мектебі» деген естелігінен қысқаша үзінді. Ардагер қаламгердің редакция қабырғасында өткен жалынға, думанға толы кезінен бір көрініс.
Ия, десе дегендей, Дүйсенбі Смайылов редактор болған жылдары аудандық «Өскен өңір» газеті республикада III орынды тұрақты иеленіп келген. 1958 жылы арнайы шақыртумен облпарткомда нұсқаушы, 1963 жылдан бастап облыстық «Ленин жолы» газетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды.
«Екі ауданға ауданаралық бір газет шығарса жетіп жатыр» деген мәскеудің шолақ саясатымен 1960-62 жылдары елімізде аудандық газеттер жабыла бастады. Ауданаралық газет шығарылмады. Жыл аяғында Шиелі мен Жаңақорған бірігіп, үлкен ауданға айналды. 1963 жылдың көктемінде аудандық газет қайта шығатын болды. Газеттің редакторлығына белгілі журналист, жігерлі, жалынды жас жігіт (30 жастағы) Дүйсенбі Смайылов бекітілді.
Мен де газетке ауыстым. Басылым «Өскен өңір» деп аталды. Шиелі орталығындағы бұрынғы баспахана үйі керек-жарағымен бүлінбей сақталған екен. Ұжым мүшелерінің қажыр-қайратымен бірінші мамыр – мейрам күні «Өскен өңірдің» алғашқы нөмірі жарық көрді. Жаңа басылымды құттықтаушылар көп болды. Солардың ішінде Шиеліде тұратын Қазақ әдебиетінің ақсақалдарының бірі, үлкен жазушы Қалмахан Әбдіқадіровтың арнайы келіп құттықтағаны күні бүгінге дейін есімде. Ол кеңсеге сөйлей кірді: «Бұл өңірдің жұлдыздай жайнаған жігіттері, құндыздай құлпырған қыздары қаншама?! «Оймақ пішсең де ойлап піш» – деген солардың төккен терін, еткен еңбегін жарқырата көрсетіңдер. Биік таудың сарқырай аққан бұлағы болса, жағасында жағалай біткен құрағы болады. Елдің ортасында үнжария газеті болса, тілші оның құлағы болады», – деп ақыл-кеңесін айтып, редакция мен баспахана ұжымына сәт сапар тілеп, ақ батасын берді...» деп жазады ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айдархан Бибасарұлы «Газет – аудан тарихы, ел шежіресі» деген естелігінде.
Редактор кезінде Дүйсенбі Смайылов әріптестеріне, жаңадан қанаттанып келе жатқан жас буынға қамқорлық танытып, ақылшы болды. Ауыл-село тілшілеріне сенім мен үміт арта қарады. Жыл сайын болатын баспасөз (ол уақытта 5-мамыр баспасөз күні болатын C.Б.) күнінде басын қосып, газетке хабар дайындау, тақырып таңдау төңірегінде әңгіме өткізіп отыруды жолға қойды. Ауданның әр мектебінен келген, бір-бірінің аты жөнін тек газеттен көріп жүрген оқушы-тілшілер танысып, білісіп, шүйіркелесіп қалатынбыз. Мұрат Күлімбетов, Серікбай Әлжанов, Рая Мұхтарова, Айжамал Әбдіхамитова, Өркен Исмаилов, Оңалбек Садықов, Қатира Жәленова, Ағайдар Ысымов, Серік Байхонов, тағы басқа талапкер оқушылардың шағын хабарлары «Өскен өңір» газеті бетінен түспейтін. Бір-бірімізбен жарысып мақала, өлең жазатынбыз. Мақаланы қысқа жазуға тырысатынбыз. «Өскен өңір» газетінің бірінші бетінде «Қысқаша» деген айдар болатын. Газеттің шеткі бір бағанын ұзына бойына түгел алып жататын. Ондағы мәліметтер 5-6 жолдан аспайтын. Ұжымның немесе бригаданың науқандық жұмысы сол 5-6 жолға сыйып кететін. Осылайша редактор Дүйсенбі Смайылов ағаның арқасында газет жанрынан мектепте жүргенде-ақ хабардар болдық. Оның пайдасын университетке оқуға түсерде көрдік. Жоғарғы оқу орнының талабы бойынша журналистика факультетіне өзге құжаттармен бірге газетке шыққан мақаларды (кемінде 2-3 мақала) қосып өткізу керек екен. Менің апарған мақалам 20-дан асып кетті (негізі одан да көп еді). Қабылдап отырған апай (ұмытпасам есімі Аққенже болу керек): «Осының бәрін өзің жаздың ба? Сен дайын журналист екенсің ғой... » деп құжаттарымды ризалық кейіппен күлімсіреп отырып қабылдағаны есімде.
Смайылов кадрды газеттің жұмысына атсалысып жүрген, жазу-сызуға қабілетті адамдардың арасынан іздеді. Олардың басқа мамандық иелері екеніне қарамады. Аудандық сотта хатшы-машинистка болып жүрген Мәрия Жұматованы, «Төңкеріс» колхозының механизаторы Қамбар Құлпейісовты газетке шақырды. Оны сенімі алдаған жоқ. Мәрия Жұматқызы қаламы жүрдек журналист, айтулы ақын болды. Жыр жинақтары жарық көрді. Қамбардың сықақ өлең-фелетондары мен сын мақалалары оқырман ойымен ұштасып, көңілінен шықты.
– Дүйсекеңнің қамқорлық жасап, қол ұшын бермеген адамы кемде-кем шығар. Қаншама азаматқа құрақ ұшып көмектесті. Елге танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбаевпен арадағы қарым-қатынасы мен сыйластығы, хат жазысып тұрғаны соның бір айғағы. Ақын Қанапия Дәрібаев, жалындаған жастық шағында марқұм болып кеткен Сәрсенбек Жұмабеков пен дарынды жазушы, шешен жігіті Абдулхамид Исаевтарды да қанатының астына алып, оларға тілектестік, ағалық пейілмен жанашыр болғанын ел біледі, – дейді жасы тоқсанды алқымдап қалған, жарты ғасырға жуық уақыттан бері Дүйсекеңдей асыл жарын жадынан бір сәтке шығармай келе жатқан аяулы жар, абзал ана Кеңескүл апа.
Ал енді Дүйсекеңнің сол еңбегінің нәтижесі қандай болды дегенге келетін болсақ, тәрбиеленген жас талаптардың бірқатары ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, өздерінің сүйікті «Өскен өңір» газетіне қайтып оралды.
Бірсыпырасы еліміздің ақпарат және әдебиет саласында жемісті еңбек етті. Олардың арасынан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Қазақстанның құрметті журналисі» шықты.
«Өскен өңір» газетінде 20 жылға жуық – корректорлықтан бастап, редактордың орынбасарлығына дейін қызмет атқарған мен кейіннен астаналық Алматы облысының «Жетісу» газетіне ауыстым. Қазақ радиосында бөлім меңгерушісі, республикалық «Жұрағат» журналының бас редакторы, Алматы қаласының басылымы «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі (соңғы қызмет орнынан зейнетке шықтым) болдым. Айтайын дегенім, ақпарат құралдарының қай саласында жүрсем де «Өскен өңір» газетінен алған тәжірибем мен тәрбием менің негізгі демеушім болды. Ұятқа қалдырған жоқ.
1967 жылдан бастап Дүйсекең Шиелі аудандық партия комитетінің идеологиялық істер жөніндегі хатшысы болып сайланды. Елін сүйген, ән мен жырға жаны құмар Дүйсекең өнерпаз өңірден заманға лайық өнер ұжымын ұйымдастыруды қолға алды.
Аудандағы мекеме, өндіріс, еңбек ұжымдарындағы өнерпаздардың басын құрап, ансамбль жасақтады. Олардың екі ай бойы жұмыс орындары мен еңбек ақылары сақталуын қадағалап отыруды өз мойнына алды. Дүйсекеңнің арнайы шақыруымен Шиеліге келген республиканың танымал өнер қайраткерлері: композитор Әсет Бейсеуов, балетмейстер Елдос Усин, жазушы Оразбек Бодықов аудан өнерпаздарын ансамбльге дайындады.
Осындай қадағалау мен қамқорлықтың арқасында «Жас дәурен» ансамблі 1969 жылы облыс көркемөнерпаздары арасында өткен байқауда бірінші орынды иеленді. Ансамбль Қызылорда облысының атынан республикалық фестивальге қатысып, ансамбль мүшелері Әбілаш Әбуов, Әлмырза Ноғайбаев, ағайынды Сәуле мен Бекболат Қошманбетовтер фестиваль алауын (факелін) жағушылар құрамына еніп, құрметке ие болды.
Сол кездегі ауатком төрағасының орынбасары Перуза Жүсіпова мен аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Жақаш Қоңыратбаев аталмыш ансамбльдің құрылуына атсалысып, Смайыловтың әркез жанынан табыла білді.
Шиелі туралы «Сыр маржаны» әні де осы кезде дүниеге келді. Әнін Әсет Бейсеуов шығарып, сөзін Дүйсекеңнің өзі жазды. 1968 жылы шыққан осы ән жарты ғасырдан астам уақыттан бері халықтың рухын көтеріп, сезімін серпілткен Шиелінің шын мәніндегі гимніне айналды. Сыр елі мен Шиеліге бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен қайраткердің аудан мәдениетін, оқу-ағарту
мен әлеуметтік салаларын дамыту жолындағы ерен ебегінің бір белгісі болып қалды...
80 жасқа толуына орай, Кеңес Байжанқызының мұрындық болуымен Дүйсекең туралы «Ағып өткен бір жұлдыз» атты естелік кітабы жарық көрді. «Сыр маржаны» деген атпен жеке жыр жинағы шықты. Қызметтес, әріптес, замандас ағалары, інілері, шынайы дос, қамқор аға, адал жар Дүйсенбі Смайыловтың өмірдің аспанынан жұлдыздай ағып өткенімен көңілдің аспанынан өшпейтінін өз естеліктерінде тебірене, толғана отырып жеткізген. Ақжарма ақын Дүйсенбі Смайыловтың бұл жыр жинағы оқырманды адал еңбектенуге, елді, жерді сүюге үндейді. Дүйсенбі Смайыловтың қажырлы еңбегі «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және бір қатар Үкіметтік медальдармен бағаланды.
Шиелі ауданының мәдениеті мен оқу-ағарту, әлеуметтік салаларының дамуына сүбелі үлесін қосқан қайырымды азамат, қоғам қайраткері, іскер хатшы егер тірі болғанда 90 жасқа толар еді.Аудан орталығында Дүйсенбі Смайыловтың есімімен аталатын көше бар. Қайраткер-қаламгердің есімін ауданның оқу орындары мен мәдениет ошағының біріне берсе деген де ұсынысымыз жоқ емес. Шиелінің теріскей бетіндегі «Арман» мәдениет үйі ақын-журналистің есіміне сұранып тұрған жоқ па?..
43 жасқа қараған шағында дүниеден өткен Дүйсенбі Смайылұлының ғұмыры қысқа болғанымен артында қалған өнегелі ісі өміршең, кейінгіге үлгі-нұсқа болып ілгері жылжи бермек. Бір қуанарлығы ақынның соңында өзі саналы, ісі сапалы ұрпағы өсіп келеді. Ыдырыс, Роза, Ақәділ, Майра және Жандос секілді ұл-қыздары ардақты әкенің атына, даңқына лайық еңбек етуде. Ағаның әрбір мерейтойында, өмірге келген, кеткен күнінде дастархан жаю, дұға оқыту Кеңескүл апаның дәстүріне айналған. Үлкен бір әулеттің анасы атанған Кеңескүл апа 2009 жылы қажылық парызын өтеп қайтты. Дүйсенбі аға мен Кеңескүл ападан тараған ұрпақ түгелдей дерлік имандылық жолына бетбұрған...
Елді қастерлеудің, жерді сүюдің, ата мекенді ұлықтаудың тамаша үлгісі даладай дархан Дүйсенбі Смайыловтың жасын жырлары мен жарқын істерінде сайрап жатыр...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»