Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтқарушының еңбегі ерен

Құтқарушының еңбегі ерен

19 қазан – Қазақстан құтқарушылары күні. Адамзаттың бір-біріне қол ұшын созуы – кісіліктің белгісі. Ал әр күн сайын жақсылық жасау – құтқарушының қызметі. Яғни бұл сала мамандарынан өзгерлерді өлімнен арашалау, өз өміріне қауіп төніп тұрса да көзсіз ерлік пен жігерді талап етеді. Өз кәсібін абыройлы да жауапты мамандық деп санайтын Бағлан Әбсаттаров осындай қауіпке толы мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.
Ол 1994 жылы 29 тамызда Бидайкөл ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Бидайкөл ауылындағы №148 қазақ орта мектебінің 1 сыныбына барып, 2012 жылы аталған мектепті бітіреді. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Механика және Мұнай газ ісі» мамандығына оқуға түсіп, 2016 жылы бітіріп шығады. Араға бір жыл салып жас маман Шымкент қаласындағы №4 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші құтқарушы, 2017 жылдың тамызынан қараша ­айына дейін Қызылорда қаласындағы №12 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, 2017 жылдың қарашасынан бас­тап Сырдария ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінде инженер қызметін атқарады. 2018 жылы аудандағы Төтенше жағдайлар бөліміне жұмысқа орналасады. Қазір осы бөлімінің бас маманы.
Жиырма төрт сағат бойы кез келген апатты жағдайдың алдын алуға, төтенше жағдай орын алған жерге белгіленген межеде жететін құтқарушылардың жұмысы қандай құрметке болсын лайық. Бұл мамандық ерік-жігері әлсіз адамды құп көрмейді. Керісінше, тез шешім қабылдап, батыл да батыр, жауапты да ұқыпты болуды талап етеді. Сондықтан жұмыс барысында қайсар мінезің мен мұқалмас қайратыңа сенімді болуың керек. Ал мұны адамзат баласына көмектесуді қызметтік міндет емес, жүрек қалауы деп білетін Бағлан жақсы түсінеді.
– Жалпы біздің қызмет сан қилы. Бір өрт оқиғасын қараумен шектеліп қалмаймыз. Басқа да төтенше жағдайлардың алдын аламыз. Мәселен, жаз айларында балалардың суға кету қаупінің алдын алсақ, қыс мезгілінде тұрғын үй өртін болдырмау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Жолдағы апаттық жағдайға көмек беру, мұз үстінде суға кету секілді жағдайлардың алдын аламыз. Кейде бір уақытта екі төтенше жағдай орын алатын кездер болады. Әлі күнге есімде, 2019 жылы күз айында Бидайкөл ауылында өрт оқиғасының болып жатқаны жөнінде хабар келді. Яғни қырман жақтағы қалың тоғайдан алапат өрт шығып барлық құтқарушылар сол жерден табылдық. Қызыл жалынды үш сағат дегенде ауыздықтай білдік. Бұл ісімізге үлкен кісілер мен ауыл тұрғындары алғысын айтып, ризашылығын білдірді, – дейді бас маман Б.Бөлешұлы.
Әріптестері де Бағланның өте қарапайым, жұмысқа адалдығын алға тартады. Ал Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ж.Мампаев өз қызметкерінің ісіне дән риза.
– Бағлан – тәжірибелі маман. Ол әрдайым қызметтік міндеттерін тиімді және адал орындайды. Әріптестері арасында мәдениетті және сыйлы. Әскери тұрғыда өте жинақы, формалық киімін ұқыпты, таза ұстайды. Өзінің кәсіби шеберлігін арттыруда үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бөлім қызметкерлеріне қызметтік және жолдастық көмек көрсетуге ықыласты, азаматтармен сөйлесуде еркін, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің осы саладағы еңбегі ескеріліп 2021 жылы Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департамент бастығының алғыс хатымен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Одан бөлек 2021 жылы «Жас құтқарушы» номинациясын иеленді. Біз қай уақытта болсын құтқарушы мамандығының мәртебесі биік екенін аңғардық. Өйткені, тіпті қарапайым тұрмыстық жағдайларда орын алатын тосын оқиғада ең бірінші құтқарушылардың көмегіне жүгінеміз.

Ш.Тілеубаев
18 қазан 2022 ж. 511 0