Басына бақ қонған Баянбай
«Сыр елі – жыр елі» ежелден қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына ерекше рөл атқаратын Сыр бойы халқының, Шиелі өңірінің, басқа аймақтардың да сөз тіркестеріне айналып кеткендей. Оның да өзіндік сыры бар. Біз ғасырлар қойнауынан, Қорқыт бабамыздың қобызынан заман зарын, Құрманғазының күмбірлеген күйлерінің үнін, мақам-саздарымен ерекшеленген Нартай, Сәрсенбай, Жиенбай, Нұртуған секілді жыршы-жыраулардың інжу сөздері мен суырып салма өнерлерін, Ұлы Абай, Жамбыл, Тұрмағанбет, Мұқағали, Мұхтар Шахановтардың қылыштан бетер қиып түсер сөз маржандарын, Бала би мен Досбол датқаның ақыл жетпес шешендіктерін, Шәмші мен Нұрғисаның ой шалқытар әсем әндерін естіп өстік.
Өнер – халықтікі. Өнер – халық рухы. Сол рух арқылы халықтың бірлігі биік, тірлігі табысты болады. Қай заманда болсын, әдебиеті мен мәдениеті қатар дамып отырған. Ақындар, жыраулар, күйшілер, жыршылар мен әншілер халқына қызмет еткен. Ұлттық дәстүрлерінен таймаған. Адамның жан дүниесіне рухани нәр сыйлайтын сөз өнеріне бас иетініміз айдан анық. Халық арасында өнердің қара қазанында қайнамасада, танымал ақын болмасада, ақын жанды азаматтар, күй жанды адамдар болған. Өзі де өлең шығарып, өзгенің де жырларын жаттап алатын құймақұлақ, есте сақтау қабілеті айрықша жандар кейде қасымызда жүргенін аңғармай да қаламыз. Сондай керемет азаматтардың бірі – Шеген Қодаманов ауылының қарапайым тұрғыны болған, жасынан мал шаруашылығымен айналысқан, колхоздың түрлі саласында еңбек еткен көкпаршы, салым салушы, көне тарихты ақтарып, өтіп кеткен ақын-жырауларымыздың, Сыр сүлейлерінің өлеңдері мен жырларын жатқа соғатын Жәукеұлы Баянбай болатын. Баянбай ақсақал туралы ауылдастары «Баекең басына бақ пен кие қатар қонған жан – ол ақын, ауылымыздың дуалы ауыз дарабозы еді» деп отырады. Атам қазақ текті сөзді кеудесіне жинаған. Тектіліктің туын көтерген, ақылы мен тапқырлығы қатар жүрген қарияны абыз десе керек. Көңіліне ғажап сөз түйген, кеудесіне жиналған жақұт мұраны халқына сыйлай білген Баянбай Жәукеұлы ақын:

Қазақтан дана халық жоқ,
Тамшыдан жидым мұрасын.
Келешек менен мал емес,
Қазақтың сөзін сұрасын, – дейді.
Әңгіме арқауына айналған Баянбай ақын Жәукеұлы 1940 жылы 1-ші мамыр күні «Төңкеріс» колхозының Қаратау беткейіндегі жаз жайлауында, шопанның отбасында дүниеге келеді. Баянбай малшының баласы болып, жетінші сыныптан әрі қарай жалғастыра алмай қалады. Әке таяғын ерте ұстап, еңбек пен бейнетке бел шеше кіріседі. Ол мектепте жақсы оқып, ұстаздарының да назарына іліккен оқушы қатарында болады. Еңбекпен есейген Баянбайдың мал бағып жүріп-ақ кеудесі жыр кеніне толған еді. Ат үстінде жүрседе, жатсада, тұрсада қолынан кітап түспеді. Газет, журналдар ат дорбасына сыймай, ондағы нақыл сөздер, өлеңдер, жырлар, ақындар айтыстары бір оқығаннан Баянбайдың миында жатталып, хатталып жатады. Құдайдың берген таланты талаптыға кез болып, Баянбай осылайша ұлы қазақтың сөз өнерінінің баяны болып шығады. Баянбайдың талантына риза болған достары, ағайындары «Сен оқымай қалдың, оқығаныңда бір жерді тесіп шығатын ең», «ертең сен қартайсаң, қазақтың нағыз шежіреші қара шалы боласың» деп әзілдейді екен. Домбырасын қолына алып ән мен жырды төккен Баянбай суырып салма ақын да еді. Оның замандастарына шығарған әзіл өлеңдері мен әндері «Төңкеріс» ауылының аспанын жаңғыртып жіберетін. Ол салған «Он алты қыз», «Сары қыз» атты халық әндері қалықтағанда даңғайыр дарабоздың дауысынан тыңдаушылар ләззат алатын. Ол ән айтқанда көрермендер тамсанып отыратын.
Баекеңнің қоржыны қазақ ауыз әдебиеті жыр дастандарына бай еді. Бір әңгіме айтса, пәленше былай депті деп магнитофонша қайталау – ерекше қабілет, зор талант. Сондықтан да Баянбай ақын шешендер мен билердің, ақындар мен сал-серілердің қай-қайсынан әңгіме қозғасаңыз да, сол тұлға жайлы әңгіме қоздатып, жұпыны сөзіңді жұлып әкетіп жарқыратып жіберіп отырған. Ол үнемі «Білдім екен деп білгеннің сөзін бөлсем, білгенім қайда» деп сабырлық сақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасап отыратын мінез-құлқымен де танымал болған. Жылқыны пір тұтқан Баекең алдына колхоздың 400 жылқысын салып, Қызылқұмды игереді. Игеріп қана қоймай, сол маңды гүлдендіріп жібереді. Дарияның арғы бетіне барған отыншы да, сушы да, жоқ іздеушілер де осы Баекеңнің қонағы болып жатады. Баекеңнің сондағы айтатын мақалы «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» әлі күнге құнды, тәрбиелік мәні көп асыл сөз. Баянбай ағамыз ақындығын өзі мойындамай, «Әй, менікі ақындық емес, жай құмарлық ғой» деседе, халық оны ақын деп таныды. Жуырда оның куәсі де болдық. Баспадан «Сыр дидары» газетінің бас редакторы, журналист Сәкен Алдашбаев редакторлық жасаған, Баянбай ақынның ұлы, Шиелі аудандық полиция бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Ердәулет Жәукеевтің құрастыруымен Баянбай Жәукеұлы туралы «Ұрпағың мәңгі жасасын» атты кітап жарық көрді. Онда марқұм Баянбай Жәукеұлының арнау өлеңдері мен ол жайлы айтқан замандастарының естеліктері берілген. Ұлттық болмысты, шаңырақ тәмсілін насихаттайтын бұл кітап жастарға тәрбие, өнеге, шешендік пен поэзияға деген құштарлығымызды арттыра түсетіні анық. Баянбай ақын әкесі Жәуке мен анасы Ажарды, өзінен бұрын дүние салған жары Қалбибіні, ағалары мен інілерін, апалары мен қарындастарын, замандастары мен достарын, елін, жерін жырлаған. Қай кітап, қай өлең жолдары болсын, жұрт керегін алады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, бүгін ауыл ақыны Баянбай Жәукеұлының кім болғанын сөзге тиек еттік. Мынандай жүйелі Баянбай ақын тұлғасын танығандай боламыз.
Өлең жаз деп ой келер,
Ысыруға қимаймын.
Түн ұйқыны мың бөлер,
Ұясына сыймай күн.
Мені ақын демеңдер,
Ар биігін қимай тым.
Шатпақ жазам өлең деп,
Бірақ оны жимаймын,
Сен сұрасаң көнеден,
Не түрлісін сыйлаймын деген ақын Баянбай Жәукеұлы тоғыз ұл-қыз алып келіп, он үш немере, төрт шөбере сүйіп, ардақты ата, елінің абыз ақсақалы, дуалы ауызды шешені, арқалы ақыны болып, 2020 жылы маусым айында 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Басына қонған өнер бағын өзімен бірге ала кетті. Айтқандары халық мұрасы болып қалды.
Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы