АУҒАН АСУЫНДА АЙҚАСҚАН АРДАГЕРЛЕР
1989 жылдың 15 ақпан күні Кеңестер Одағының әскері ауған жерінен шығарылды. Міне, содан бері 33 жыл өтіпті. Ауғанстандағы 10 жылға созылған сол соғыстың жарасы жазылды ма? Қазақ халқы осы бір нәубет жылдардың тарихи бағасын толық бере алды ма? Ресми деректерге сүйенсек, 22 269 қаракөз сарбазымыз Ауғанстанда қан кешіпті. Олардың 21-і із-түзсіз жоғалып, мыңға жуығына Ауған жерінен топырақ бұйырған. 1015 азаматымыз елге мүгедек болып оралған. Қазір сол соғыста от кешкен 18 мыңнан аса азаматымыз арамызда жүр. Біз олардың ерліктерін өз дәрежесінде ұлықтай алдық па?
Басқаны айтпай-ақ қоялық. Соңғы 25 жылдың ішінде саясатымыз сан құбылды. Бір кездердегі интернационалдық патриотизмнің орнын ұлттық құндылықтар басты. Әр тарихи оқиғаға ұлттық көзқараспен қарайтын болдық. Әлемдік үрдістерге, я болмаса ғаламдық саясатқа үңіліңіз. Біздің Ауғанстанға «алты аласымыз, бес бересіміз» жоқ. «Ол елді жаулап алып, өз идеологиямызды жүргіземіз» деген ойымыз болған емес. Болмайды да. Тіпті Ауған соғысын тарихи тұрғыда ақтап, әспеттеуге де құқылы емеспіз. Бізді қинайтыны, сол қанды майданға өз қандастарымыздың атсалысуы ғана. Қазір өмірде бар 18 мыңнан астам қазақтың төккен қанының өтеуі немен өлшенбек? Олар не үшін, кім үшін шайқасты?

Ауған соғысына қатысты 800-ден астам кітап жазылыпты. Жиырмаға жуық деректі һәм көркем фильм түсірілген. Бірақ сол туындыларда бар шындық айтылды ма? КСРО мен АҚШ атты екі алпауыттың мүйіздесер алаңына айналған Ауғанстан халқының не кінәсі бар еді? Рас, ауғанның бейбіт халқының шөкімдей де кінәсі жоқ-ты. Социализм мен капитализмнің арпалысы сол кінәсіз халықтың қанын 10 жыл төкті. Сол 110 айға созылған сұрапыл кезінде 2,5 миллион ауған халқы жер бетінен жойылып кетті. 15 мыңнан аса Кеңес әскері опат болды. Кеңес-ауған соғысына тәуелсіз Қазақстанның тұрғысынан қандай саяси баға берілуі керек?
Біріншіден, 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстанда болған сұрапыл КСРО мен АҚШ-тың күш сынасар алаңы ғана емес екенін ескеруіміз қажет. Бұл мемлекет ислам атын жамылған радикалдық күштердің шоғырланған аймағы болатын. Яғни, Ауғанстанда адамзат қауіпсіздігіне қатер төндірер жанкештілер дайындалғанына, әлі де дайындалып жатқанына ешкім шүбә келтіре алмайды. Ауған соғысына қатысқан қандастарымыз ең алдымен сол жанкештілермен күресті.
Екіншіден, 1979 жылдары біз социализм идеясына толығымен сендік. Ауғанстанға көп көлемде есірткі егілетін, емін-еркін қару-жарақ сатылатын мемлекет ретінде ғана қарай алдық. Ол аймақтағы этникалық және діни топтардың әркелкілігін ескеруге, бағалауға мүмкіндігіміз болған жоқ. Бұл соғыс біздің ырқымыздан тыс тұтанып, біздің қалауымызсыз-ақ аяқталды. Содан болар «кім жеңді, кім жеңілді?» деген сұраққа ешкім де жауап бере алмайды.
Үшіншіден, Ауғанстанды толық билеуді мақсат тұтқан әртүрлі саяси топтардың, сондай-ақ сол мемлекетті отар қылғысы келетін алпауыттардың ашкөздігіне біз жауап беруге міндетті емеспіз. Бірақ жанама түрде сол алпауыттар бізді, біздің боздақтарды қару ретінде пайдаланды.
Төртіншіден, бұл әділетсіз соғысқа қаншама ұлт өкілдері қатысты. Сол ұлттардың арасында біздің қазақтардың шоқтығы биік тұрды. Қазақ батыр ел екенін КСРО мен АҚШ-қа тағы да бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік алды. 2265 жерлесіміздің жоғары наградалармен марапатталуы осыны айғақтайды.
Шындығын айту керек, Кеңестер Одағы дәуірлеп тұрған тұста «Ленин көсем аз ұлттарға теңдік алып берді» деген идеология салтанат құрып тұрды. Сондықтан да КСРО-ның 1979 жылғы 12 желтоқсанда қабылданған Ауғанстанға әскер кіргізу туралы шешіміне қарсылық танытуға қауқарымыз болған жоқ. КСРО мен КОКП-ның жетекшілері Л.И.Брежнев, Ю.В.Андропов, Д.Ф.Устинов, М.А.Сусловтар қазақтардың ойымен санасуы мүмкін емес болатын. Есесіне, 1970 жылдары Ауғанстанда билікті төңкеріспен басып алу үйреншікті жайт еді. Мысалы, 1973 жылғы төңкеріс монархияны құлатып, Ауғанстан республикасын құруға мүмкіндік әперді. 1978 жылы Ауғанстан республикасын құрған Мұхаммед Дауд отбасымен бірге өлтіріліп, билікке М.Тараки бастаған Ауғанстан коммунистік халықтық-демократиялық партиясы келді. Осы Тараки тұсында КСРО мен Ауғанстан арасы жақындасты. КСРО-ның ықпалымен Ауғанстан коммунистік ел болу жолына түсті. Бірақ Таракидің билігін өзінің орынбасары Хафизулла Амин бір күнде төңкеріп тастап, КСРО-дан сырт айналды. Кеңестік империяға бұл ұнай қойған жоқ. 1979 жылы Мәскеу «Шторм-333» арнайы операциясы арқылы Хафизулла Аминнің көзін жойып, оның орнына Бабрак Кармальді қойды. Осы шешім елді екіге бөлді. КСРО үкіметтік күштерді, ал АҚШ, Қытай, Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Мысыр, Израиль секілді елдер үкіметтік емес ұйымдарды қолдап, соғыс отын тұтатып жіберді.
Ауған соғысы – әділетсіз соғыс. Ауған соғысы – мықтылардың текетіресі. Ендігі бар мәселе «тәуелсіз қазақ елі ол соғысқа қандай баға беру керек?» деген сұраққа ғана келіп тіреліп тұр. Мұндай сұрақтың қойылуында да мән бар. Мысалы, қазір «1941-1945 жылдарда болған екінші дүниежүзілік шайқасты «Ұлы Отан соғысы» деп атамайық, біздің Ұлы Отанымыз – Қазақстан» дейтін пікірлер айтыла бастады. Кейбір мамандар мұны бір дәуірдің ерлігін жоққа шығарып тастау десе, екінші біреулері мұны тәуелсіз санаға ұмтылудың белгісі санайды. Миллиондаған ата-апаларымыз қан кешкен Ұлы Отан соғысына осындай ойлар айтылып жатқан тұста, мыңдаған азамат от кешкен Ауған соғысын ақтап алу оңай емес. Бірақ ақтауға болады. Өйткені бұл соғысқа қатысқан ардагерлердің еш кінәсі жоқ. Олар осы дәуірдің батырлары. Олар қазақ ұлтының оғландары қандай екенін әлемге танытты. Соғыстың үлкен-кішісі жоқ. Қай-қайсысы да Отан үшін, мемлекет үшін басын тәуекелге тікті, мемлекеттің бұйрығын орындады.
Cонау от пен оққа толы ауған жеріне біздің Шиелі ауданынан 37 жауынгер аттанған болатын. Оның біреуі – Жұмат Қалекеев 1988 жылы майдан даласында ерлікпен қаза тапса, біреуі Таубай Қожаев елге келіп, 2020 жылы дүниеден өтті. Ел-жұрты құрметтеп Жұмат Қасымұлына өзі туып өскен Ақтоған ауылынан көшеге аты берілсе, мемлекет «Қызыл жұлдыз» орденімен наградтады.
Елімізде атаулы күн болып белгіленген 7 мамыр – «Ерлік күні», 9 мамыр – «Ұлы Жеңіс күні» қарсаңында ауданның Көкшоқы мөлтек ауданындағы «Тағзым алаңында» батырларды еске алу шарасын өткізу дәстүрге айналған. «Мәңгі алаудың» оң жақ қапталында «Ауған соғысына» арнайы белгі-тақта орнатылып, сұрапыл соғыста шейіт болған боздақтардың есімдері мәрмәр тастарға қашап жазылған.
Бүгінде Шиелілік «Ауғаныстан соғыс ардагерлері мен патриот жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбай Берімбетов бастаған ардагер-ағаларымыз аудан аумағында өтіп жатқан барлық патриоттық іс-шараларға белсене қатысып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің лайықты ізбасары ретінде, жастарға отансүйгіштік рухты арттыру бағытында үлкен үлес қосып келеді.
Жаз айында қайта жасақталған аудандық тарихи-өлкетану музейінің төрінен Ауған соғысына қатысқан азаматтарға арнайы экспозиция беріліп, музей көрермендері жергілікті соғыс ардагерлері туралы тың ақпараттармен танысуда.
Қорытынды
Қазақстан әлемдік геосаясатта өзіндік орны бар тәуелсіз ел. Халықаралық саясаттың талаптары бойынша алдағы уақытта БҰҰ шеңберінде әскери қақтығыстар орын алған аймақтарға өз бітімгершілік күштерін жіберуі мүмкін. Бітімгершілік күштер қанша жерден ерікті болған күннің өзінде саяси шешімдерді орындауға міндетті. Сондықтан кешегі өткен соғыс сабақтары келешек саяси шешімдердің игілігі үшін қажет. Демек, біз Ауған соғысының ардагерлерін қастерлей алмасақ, сол бітімгершілікке баратын батырларды да құрметтемейміз деген сөз. Ал мұны білген жастарымыз сыртты былай қойып, өз Отанын қорғауға құлшыныс танытпайтын болады. Бұл бізге қажет пе? Жоқ. Ендеше, Отан алдындағы борышын ерлік шежіресімен өтеген Ауған соғысының ардагерлерін құрмет тұту, ұлықтау – барша қазақстандықтардың патриоттық парызы болуы тиіс!

Бекболат Темірәліұлы,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері