Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз қадірі – өз қадірің

Сөз қадірі – өз қадірің

Дүниеге қамшы ұстар келсе «халықтың сөзін сөйлер азамат болсын!» деп тілек айтатын қазақ ежелден әрбір ойының астарына бір сыр бүгіп қалдырғандай. Сырт көзге бірін-бірі оңай мойындай қоймайтын қазақтың топ ішінде сөзімен оқшауланған тілуарды көргенде соншалық қошеметпен қолпаштай жөнелетініне таңданасың да, соңынан мұның бәрі сөз құдіретінің жемісі екен ғой деген ойға тоқтайсың. Әйтсе де «әр қазақ сөздің қадірін білген» деген тәмсілдің бар екеніне қарамастан, халқымыз не себептен айналасында жүргендердің бәрін сөзгер атай бермегенінің сырын ұққың келеді, кейде.
Ақ қағазға көк сияны жеделдете желдіріп, сөз сиқырын мінсіз меңгергеніңмен көп ортаға шыққанда ойыңа есі дұрыс екі ауыз сөзді түсіре алмай әлек болатынымыз жасырын емес. Мұндайда түнді таңға жалғап қағаз шимайлағаның да, қазіргі дәуір мен ­Сократтан тартып, сонау ойшылдардың ой тұңғиығына бойлағаның да бекер болып қалатындай. Өйткені қай кезде де халық мінберде көсіле сөйлеген шешенді жандарына жақын санаған. Сырлы әуенге құлақ құрышыңды қандырып, көкейдегі күйіңді күмбірлете тартқанын өз құлағыңмен еститін сәт кімге ұнамасын? Мұндай кезде іштегі мұң мен сырың сөйлеп тұрған сол сөзгердің көмейінде жанданып, толғағы жеткен тоқсан ауыз жолмен сыртқа шығып жатады. Қиқардың өзін қалыпқа салатын қасиетті сөз болса, оны айта білу де өнер. Өнер болғанда да екі сөздің басын құрап жеткізу емес, көкейден шыққан тыңғылықты ойыңды жиналған көптің жүрек сүзгісінен өткізу. Сөйлеудің ар жағында жауапкершілік деп аталатын жүгі ауыр міндеттің тұрғаны да осыдан көрінсе керек.
Жасыратыны жоқ, осы күндері жұрт тойдан демалып емес, шаршап қайтады. Өйткені, сөз шектен шығардай көп. Тілек сөздің бәрі бір сарынды. Міне, осы бір ойды шиелілік жазушы, журналист ағамыз Нұрмахан Елтай өз фейзбук парақшасында бөлісіпті. «Аман болайық, сау болайық, бақытты болыңдардың» айналасы. Жаңа бір ой, тәуір өнегені кемде-кем еститін болдық. Сөзіне қарап адамның ойын тануға болады ғой, әлгіндей жадағай сөз, оралымсыз ойдан кейін осы жұрттың көпшілігі өз білімін жетілдірмейтін болған ба, кітап оқуды ұмыт қалдырған екен деп амалсыз ойлайсың.
Ілгеріде, ауылға қонақ болып келген белгілі қаламгер ағамызға той ортасына таяу сөз тиді. Ол кезде жазушылардың абыройы министрден артық болмаса, кем емес еді. Сондықтан сирек көретін қадірлі мейманның сөзіне жұртшылық құлақ түріп, сілтідей тынды. Жазушы ағамыз сонда былай деді, әлі есімде: «Айналайындар, өмірлеріңнің алды – даңғыл жол, арты соқпақ болсын!» деп қысқа ғана қайырды. Сол кездері бөтенше ойлағанымызбен қаламгер ағамыз сонда өнеге көрсеткен екен-ау, деп осы күндері ойға қаламын. Қысқа да нұсқа орынды тілек айтты, қысыр сөзбен жұрттың уақытын да алмады...»
Расында, қазір той-думан, жиындарға бара қалсақ жаттанды сөздер мен айтыла-айтыла сыны мен сыры қашқан тілектерді ғана ести аламыз. Тіпті, сол бір тілекті он қайтара әркім айтып шыққан соң, тыңдап, мойын бұруға да құлық танытпайтын болдық. Атақты Бұқар жыраудың «Қол бастау қиын емес, сөз бастау қиын» деген ұлағатты сөзі бар. Айтайын дегені көпшіліктің алдында сөз сөйлеудің жауапкершілігін білдірсе керек. Себебі сөз – кие, сөз – қару, сөз – саясат, сөз – құдірет, қасиет. Мәселе сөзді қалай пайдалануда. Себебі сөз – досқа пір, дұшпанға – зіл, шат көңілге – шабыт, қам көңілге – демеу. Қазіргі осы сөзге мән беріп жүрміз бе, оны қадірлейміз бе? Бабаларымыздан қалған асыл қасиеттеріміздің бірі мәртебелі сөз құндылықтарын осы кезге жеткізе алдық па? Кейінгі ұрпақтарға – інілер мен балаларымызға жалғастыра, үйрете алдық па деген сұрақтар көңілді мазалайды. Ауыз толтырып айту қиын.Бәлкім мәселенің түп-төркіні біз мән бермей жүрген той-томалақтағы тілектен бастау алып жатқан шығар.
Көп алдында жөнді сөз сөйлеуге дағдыланған адам, топ бастағанда да жолдан адастырмас болар. Кейде жиындарда «сөз алып, мен де сөйлеймін, мен де айта аламын» дейсің. Бірақ санаңның төрінде жан-жағыңнан қадалған мыңдаған көздер «сенің алдыңда да талайлар шыққан. Айтсаң, Бауыржандай тіліп айт. Айта алмайды екенсің, қасиетті сөзді қор қылма!» деп тұрғандай көрінеді. Осындайда халықтың мінезі, халықтың қалауы, халықтың арманы «Қара сөзімен» қазақты оятқан Абайдың қаламы мен Жамбылдың қабағында жасырынған екен ғой деп, ішкі рухыңды сеніммен суарып аласың. Сөз қадірі өз қадірің екенін ұғасың!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
29 қыркүйек 2022 ж. 508 0