Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ЖАҢҒЫРСА

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ЖАҢҒЫРСА

Алаш үкіметі тұсында Сыр жұртын білімге шақырып, саясатқа етене араласқан Қалжан Қоңыратбайұлының есімін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, қоғам қайраткерінің есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ету парыз. Ендеше Қалжан Қоңыратбайұлы кім? Ол қазақ еліне қандай еңбек сіңіріп, қоғамның дамуына нендей үлес қосты? Жауап іздеп көрелік.
Қ.Қоңыратбайұлы – ағартушы. Жас кезінде Қарнақ медресесі мен орыс тузем мектебінде білім алып, ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласындағы ағартушылыққа жетелеп, ауылда мектеп ашқан. Оған ­Маннан Тұрғанбаев, Хайретдин Болғанбаев сияқты алаш оқымыстыларын ақылы негізде шақырып, Сыр елінің балаларын оқытқан. 1915 жылы алғаш болып «Пайғамбар заманы» (Тройцк) атты оқулық бастырып, оны «Қазақ» газеті арқылы таратқандығы туралы ақпарат газеттің бірнеше санында жарияланған. Сол газет бетінде қазақ мұғалімдерін іздегені туралы деректер де сайрап жатыр.
Ол – журналист әрі қаламгер. Қалжан Қоңыратбайұлының «Қазақ» газетінің 1916 жылғы сандарында Иманжүсіп туралы очеркі басылған. Сонымен қатар қоғам, ел тағдыры туралы бірқатар өлеңдері үздіксіз жарық көріп отырған. Қ.Қоңыратбайұлы М.Шоқай басшылық еткен «Бірлік туы», А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы басқарған «Қазақ», «Айқап», «Қазақстан» сияқты газет-журналдардың да белсенді авторы. 1912 жылы Оралда жарық көрген «Ызың» атты жинақта топтама өлеңдері жарық көрген.
Кеңес дәуірінде «Ақ жол», «Сыр бойы», т.б. басылымдардың белсенді авторы болып, көптеген очерктері жарияланған. ХХ ғасырдың 30-жылдары Алматыда «Қой туралы», «Түйе тұқымын асылдандыру туралы» кітапшалары шыққан. 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Абай» жинағының Сыр еліне таралуы да осы Қалжан Қоңыратбайұлының есімімен тығыз байланысты.
Сонымен қатар Қ.Қоңыратбайұлы – ірі қоғам қайраткері. Қазан төңкерісіне дейін Алаш зиялыларымен бірге болып, қазақ елін қараңғы түнектен алып шығудың жолын іздеген. 1914 жылы «Қазақ» газеті арқылы М.Шоқайды Ресей Думасында Сырдария қазақтарының өкілі етіп сайлауды ұсынып, онысы қабылданған. Алашорда басшылары Сырдария алашордашыларымен кездесіп, 1917 жылы Түркістанда жиын өткізгенде Қалжан сөз сөйлеп, Қазақстанның Ресейден бөлінуін жақтаған.
Революция қарсаңында Қ.Қоңыратбайұлы Сырдария губерниясы бойынша «Қосшы» одағының төрағасы болған. 1918 жылдан бастап Түркістан республикасының саяси-қоғамдық істеріне белсене араласып, Ә.Диваев екеуі Жетісу, Сырдария фольклорлық экспедицияларын басқарған. С.Қожанов, Н.Төреқұлов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов сияқты тұлғалармен достық қарым-қатынас орнатқан. 1924 жылы Сырдария губерниясының атынан ТүркЦИК депутаты болып сайланып, Түркістан республикасының саяси өміріне белсене араласқан. Сондй-ақ болыстық, уездік советтердің бірнеше дүркін депутаты болған.
Қ.Қоңыратбайұлы – 1924 жылы Шиелі ауданында оқу-ағарту бөлімін ашып, оған басшылық жасаған. 1925 жылы Ақмешітте өткен кеңестердің 5-съезінде ҚазЦИК мүшесі болып сайланған. Халқымызға «қазақ» деген атауы қайтарылып, Ақмешіт тұтас Қазақстанның астанасы – Қызылорда аталған съезге қатысқан Шиелі топырағынан шыққан жалғыз қазақ. Бұл мәліметтердің барлығы да облыстық, республикалық архивтерде толық сақталған.
Қ.Қоңыратбайұлы – халық соты. Ақмешіт уезіне қарасты үшінші участокте (Шиелі) халық соты болып қызмет істеп, кеңес заңдарын дала заңдарымен сабақтастыруға қызмет істеген. Оның осы қызметін көрген М.Шоқай жылы лебізін қалдырған. М.Дулатов болса: «Қалжандар көбейсе, біреу қанат, біреу құйрық сонда болады. Іс істеу қиын, отбасында отырып сынау оңай. Қалжан айтқандай, ұлт жалғыз ғана оқымыстылардікі ме?! Бәрімізге бірдей емес пе?» деп жазған.
Алаш ардақтысы Қалжан Қоңыратбайұлын Әлкей Марғұлан, Әбділда Тәжібаев сияқты кейінгі буын өкілдері жақсы біліп, өздерінің еңбектерінде естелік қалдырған. Мысалы, Ә.Марғұлан оның Қорқыт бейіті туралы пікірлеріне табан тіресе, Әбділда Тәжібаев халық соты болған Қалжанның өзіне «Айқап» журналының барлық сандарын сыйға тартқанын жазған болатын.
Есімі қазақ даласына революцияға дейін танымал болып, кеңестік дәуірде ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Қалжан Қоңыратбайұлы 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, 58-баптың бірнеше тармақтары бойынша он жылға бас бостандығынан айырылып, «халық жауы» ретінде итжеккенге айдалған. Советская Гавань қаласының маңындағы №22 Амурлагте жазасын өтеп жүріп, 1940 жылдың шілде айында бақилық сапарға аттанған.
Еліміз егемендік алған кезде оның ісі қайта қаралып, сот шешімімен толық ақталды. Сол кезден бастап оның есімі «Шежірелі Шиелі», «Сыр елі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан жазушылары. XXI ғасыр», «Қазақ әдебиеттанушылары», «Қазақстан тарихы», «Әлихан Бөкейханов», «Тұлғалық энциклопедия» атты анықтамалықтарда жарияланды. Солардың бастысы – «Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы». Аталған көптомдықтың 6-томына Қалжан Қоңыратбайұлының есімі еніп, еліміздің жаңа буын өкілдеріне оның ғұмырбаяны мен қоғамдық істері ұсынылды.
Ғалым туралы көлемді мақалалар республикалық «Өркен» газетінде, «Ақиқат», «Нива» журналдарында, Ресейде жарық көрген «Вокруг света» атты альманахта жарық көріп келеді.
Алаш ардақтысы Қалжан Қоңыратбайұлының көз көрген замандас­тары, елге еткен еңбегімен етене таныс жандар оның атымен туған жері – Шиеліде бір көше аталып жатса жарасымды болар еді дейді. Иә, республика көлемінде тиісті бағасын алса да, азаматты өз топырағында ұлықтау – парасаттылық белгісі болмақ.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
28 қыркүйек 2022 ж. 335 0