Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰЗАҚЫЛАР БҰҒАУЛАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

БҰЗАҚЫЛАР БҰҒАУЛАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Дегенмен қазір бұл сөздің қадірін кетіріп жүргендер көп. Себебі көптеген отбасында береке-бірліктен гөрі зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға әлімжеттік жасау көбейген. Сондай-ақ қылмыстық статистика соңғы 3 жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 проценттен асқанын көрсетеді.
Өнегелі ұрпақ – берекелі отбасында тәрбиеленеді. Өкінішке қарай, жылдар жылжыған сайын елімізде шырқы бұзылмаған отбасылардың саны ­азайып бара жатқаны алаңдатады. Әрине, ұрыспай, керіспей кереге кер деп отырған ешкім жоқ. Әрі-беріден соң, отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жер бетінде қанша адам болса, соншама мінез-құлық бар. Алайда ашудың соңы әлімжеттікке ұласса қайтпек керек? Ақпараттық технологиялар дамыған ­сайын ондай ұрыс-керісті, жаға жыртысқан жанжалды, ең сорақысы – ұрып-соғуды интернет желісінен күнде көретін болдық. «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, желіге жетпей қалған әлімжеттіктің саны қаншама десеңізші. Бұл сорақылық қашанға дейін жалғаса бермек? Оның алдын алудың жолдары қандай?
Ел Президенті «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне тоқталып өтті. «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды» деді.
Жалпы бұрындары отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық болғанымен, бірең-сараң ғана кездесетін. Бірақ Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 процентке өскен. Оның ішінде – отбасылық жанжалдан бас­тап, әйелдеріне ерінің тарапынан қысым көрсетіліп, тіпті бала-шағасымен қоса өртеп жіберген жағдайлар да көп болғаны бәрімізге мәлім.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әйелдерден бөлек, балаларға да қысым көрсету әзірге тыйылмай келеді. Бұл жөнінде ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы зерттеулерге сәйкес, отбасындағы балаларды тәрбиелеу мақсатында ересектердің 75 проценті күш қолданатындығын анықтаған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасында не балабақшада жәбірленсе, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан не болмаса мектеп мұғалімдерінен кемсітуге не зорлық-зомбылыққа ұшырайтын көрінеді. Ал зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетінін байқаған.
Отбасына зорлық көрсеткендерге жазаны қатайту керектігін айтқан Мемлекет басшысы «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек» деген болатын Жолдауында.
Десе де таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұл мәселенің де өзге қырынан қарап көрдік.
Қазіргі күні елімізде 90-ға жуық түзеу мекемесі бар. Оларда мыңдаған адам жазасын өтеуде. Ал бір сотталғанды асырау үшін жылына миллионға жуық теңге жұмсалатын көрінеді. Бүгінде олардың түзеу мекемелеріндегі жағдайы өркениетті елдердегідей жақсара түсуі үшін, қылмыстық жазаны атқаруды әлемдік танылған стандарттарға жеткізу көзделіп отыр. Мәселен, қылмыстық-атқару жүйесін дамыту үшін әзірленген 2019-2023 жылдарға арналған жол картасына назар аударсақ, осы бағытқа 16,5 миллиард теңге жоспарланыпты. Бұл қыруар қаржының қайтарымы қалай болмақ?
Енді мынаған қараңыз. Дәл қазір елімізде ең төменгі жалақы мөлшері – 60 мың теңге. Мәселен, аула сыпырушыны алайық. Үйінде бала тәрбиесімен айналысып отырған әйелі мен 3 баласы бар делік. Таңнан кешке дейін көше тазалап, қоқыс жинап жүріп 60 мың теңге айлық алады. Жылдық табысы – 720 мың теңге. Оны отбасының 5 мүшесіне бөліңіз. Әрқайсысына бір жылдық қажеттілігіне 144 мың теңгеден ғана келмей ме? Мүмкін табысының аздығына байланысты мемлекеттен әлеуметтік көмек алар, сонын өзінде әр адамға жыл бойғы қаржы 200-300 мыңнан әрі аспайды. Ал темір торға тоғытылған әр адамға киім-кешек, тамағы үшін жоғарыда айтқанымыздай, жылына миллионға жуық қаржы қаралады. Біз бұнымен түрмедегі тіршілікті насихаттап отырғанымыз жоқ. Керісінше, қылмыскерді көбейткеннің пайдасы қайсы дегенді айтқымыз келеді. Осы орайда бізден бір ұсыныс болсын.Адам саудасы, экстремизм, есірткімен айналысу секілді ауыр қылмыстың жазасы тек – темір тор екені бесенеден белгілі. Алайда соның ішінде ұрлық, біреуге тіл тигізу, қысым көрсету секілді ұсақ құқық бұзушылық жасаған жандарды белгіленген мерзім ішінде қайта келу мүмкіндігінсіз, солтүстікке қоныс аударып жіберсе, сол жақта жұмысқа тартылып, жазасын еңбек арқылы өтесе деген ұсыныс. Бұл бұрындары қылмыскерлерді «Сібірге айдау» тәжірибесіне ұқсас.
Бәлкім, біздікі қисынға келмес. Бірақ мемлекеттің бір міндеті түрмедегі адамдар санын азайту екенін де естен шығармаған жөн. Сондай-ақ қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды орындау институтын дамытып, жазасын өтеп шыққан адамдарды әлеуметке түпкілікті кіріктіру, сөйтіп қоғамға бейімдеу бойынша жүргізілетін шараларды міндетті түрде іске асыра алу түрме түйткілдерінен арылудың маңызды қадамы екенін түсінгеніміз жөн.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
15 қыркүйек 2022 ж. 333 0