Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕҢІСІ МЕН ЖЕМІСІ

ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕҢІСІ МЕН ЖЕМІСІ

Кеңестік кезеңде кеңшар экономикасын барынша көтеріп, еңбек өнімділігін ең жоғары межеге жеткізу мақсатында күн-түн демей, тіпті жанұясын да ұмытып аянбай еңбек еткен адал жандар қаншама?! Өйткені олар аңғал көңілдерімен коммунизмнің жарқын болашағына сеніп, сол жолда бар өмірлерін сарп етіп, партия жұмсаған ауыр жұмыстан да бас тартпай тер төкті. Тағдыры тағылымға толы еңбек ардагерінің бірі – Бекқожа Сүйіндіков.
Ол 1926 жылы Шиелідегі шаруа отбасында дүниеге келген. Алғаш еңбек жолын 1943 жылы Тартоғайдағы Қызылорда теміржол депосының қосалқы шаруашылығында сексеуіл дайындау­шы болып бастайды. Соғыс кезінде көмір қат болса керек, паровозға сексеуіл қолданады. Жүрдек пойыздардың үздіксіз жүріп-тұруына үлес қосқан Б.Сүйіндіков кейіннен тылдағы еңбегі үшін бірнеше мәрте марапатталады.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, ел есін жия бастаған уақытта Бекқожа Сүйіндіков Шымкенттегі ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, үздік аяқтап шығады. Сөйтіп Мәскеудегі Тимирязев академиясына (қазіргі К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті) жолдама алады. Алайда қос бірдей ұлы майдан даласында мерт болған әкесі Сүйіндік кенжесінен көз жазып қалудан қорқып, елде қалуын қалайды. Сөйтіп туып өскен жерінде агроном болып еңбек етеді. Қай қызметті тапсырса да сапалы, уақытылы, ең бастысы жанашырлықпен орындайтын Бекқожа Сүйіндіковтің есімі сол кездердегі белгілі агрономдар Әнес Алтынбеков, Мұстафа Тәжіковтердің есімдерімен қатар айтылып жүрді. Оның елдегі қиын-қыстау заманда ауыл шаруашылығына қосқан елеулі еңбегі жайлы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, ақ күріштік атасы Ыбырай Жақаевтың «Өмір жолдары» және атақты агроном Әнес Алтынбековтың «Нан қадірі» туындыларында кеңінен жазылды.
Бекқожа Сүйіндіков 1960 жылы Ташкент ауыл шаруашылығы институтын сырттай бітіріп шығады. Оның еңбек жолының жемісті кезеңдері де осы уақытта басталған. Сол жылдары құрылған Бәйгеқұм машина-трактор станциясына бас агроном болып бекітіледі. Кейіннен Ащықұдық, Талаптан секілді кішкентай шаруашылықтардың басы біріктіріліп құрылған «Қазақстанның ХХХ жылдығы» колхозының бас агрономы болып тағайындалады. Одан бөлек аудандағы тәлімбақтардың (питомник), жаңадан құрылған Сырдария совхозының бас агрономы қызметтерін абыройлы атқарады. Өзіне тапсырылған қызметті сапалы, уақытылы, ең бастысы жанашырлықпен орындайтын Бекқожа Сүйіндіков жастайынан өзін іскер, болашағынан үміт күттіретін азамат ретінде танытқан. Сол қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1962 жылы Жеміс-жидек совхозының директоры қызметіне орналасады.
Өзіне тапсырылған міндетті адал атқарып қана қоймай, тағылымды тарихқа тағзым ету, елге еңбегі сіңген тұлғаларға құрмет көрсету, олардың игілікті ісін кейінгі ұрпаққа дәріптеуді парызым деп білген Бекқожа Сүйіндіков осы тұста Есабыз әулиенің мазарын салуға білек сыбана қатысады. Бірақ бәзбіреулер Оқшы Атадағы Есабыз әулие мазарын қалпына келтіру жұмыстарын қылмыс ретінде қудалайды. Сөйтіп Шиелі аупарткомның бірінші хатшысы Б.Сопыбековке арызданады. Мәселе бюрода қаралады. Нәтижесінде «Жеміс-жидек совхозының директоры Б.Сүйіндіков мазардың құрылысына 250 кг цемент, 250 кг әк бөліп, 2 текше метр тақтайды тегін берді. «Белорусь» тракторын тіркемесімен құрылыс материалдарын тасуға пайдаланды. Мазардың іргетасы үшін совхоздың 2 жүк машинасымен 80 км қашықтықтан үш күн бойы тас тасыды. Олардың еңбекақысы мемлекет есебінен төленді» деген айып тағылады. Оған әкесінің молда болғаны қосыла айтылады. Осылайша совхоз басшысына жазықсыз жала жабылып, қуғынға ұшырайды. Партиядан шығарылып, директорлық қызметтен босайды.
Десе де Бекқожа Сүйіндіков нақақтан тағылған айыпқа көндіге қоймады. Әділдікті талап етіп, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің атына шағым түсіреді. Сол кездегі екінші хатшы Титовтың алдына барып, жазықсыз екенін дәлелдеп, партияға қайта қабылданады. Сөйтіп қайта Сырдария совхозының бас агрономы болады.
Елге адал еңбек етуді мақсат еткен оған қуғынға ұшарау оңай тиген жоқ. Десе де «ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді» дегенді есінен шығармаған ол қандай жағдай болсын қасқайып қарсы тұруға бел байлады. Содан болса керек «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан» бол деген өмірлік қағидасын өле өлгенінше ұстанып кетті. Тіпті өзге аудандарға беделді қызметтерді ұсынғанда да «білім-білігім өз ауылыма жарасын» деп бас тартты.
Саналы ғұмырын ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына арнаған, адал еңбекті ту еткен тұлғаның еңбегі ескерусіз қалмады. Ол шөлейтті аймақтардағы жоңышқаның көлемін ұлғайтып қана қоймай, мол өнім алғаны үшін бүкіл одақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жоғары марапатына ие болды. Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бірнеше мәрте мерекелік медальдармен марапатталды.
Бекқожа Сүйіндіков 1973 жылы Авангард совхозына агроном-селекционер болып ауысып, осы қызметтен зейнетке шықты. Бірақ зейнетте болса да қол қусырып қарап отырмады. Осы совхоздағы бақшаны өз күтіміне алып, жайқалған баққа айналдырды. Тұрғындарды жемістермен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауданға келген құрметті қонақтарды күтетін орын етіп құлпыртты. Ол өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, қара қылды қақ жарған шыншыл, досқа адал, сертке берік жан болатын. Бар білгенін өзінен кейінгі жастарға үйретуден еш жалықпады. Сонысынан денсаулығына зиян да келтірді. Жаз айларының бірінде «Ан-2» ұшағына өзі мініп, ұшқыштарға гебицидті қай жерге төгу керектігін көрсетпек болады. Абайсызда у термен бірге көзіне тиіп, зақымдалады.
Өнегелі өмір иесі 2006 жылы 80 жасында өмірден өтті. Көзі тірісінде жары Ұлтай Әбішовамен бірге 8 баланы өсіріп өндірді. Бүгінде жапырағын жайған бәйтеректің тамыры тереңге тартып, Сүйіндіковтер әулеті деп аталатын көш өмір атты теңізде өз сапарын жалғастыруда.
Еңбегімен ел есінде қалған қайраткер-тұлға Бекқожа Сүйіндіковтің есімі ешқашан ұмытылмайды. Ауданның қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан ел ардақтысына кейінгі ұрпақ мәңгі қарыздар.

Гүлхан ЯХИЯ
12 қыркүйек 2022 ж. 258 0