Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел есінде қалған ұстаз

Ел есінде қалған ұстаз

1936 жылы Бәйгеқұм ауылында теміржолшылар әулетінде дүниеге келген Мұсахан Дүйсенұлы алғашқыда әке жолын қуып, теміржол саласына баруды қалайды. Қалап қана қоймай, ең алғаш еңбек жолын 1960-1962 жылдары қазақ теміржолы Шиелі бөлімшесіне қарасты ПЧ-16, Бәйгеқұм станциясы, №18, №19, №20 бекет жұмысшыларына есепші болудан бастайды. Бірақ, ішкі жан қалауы, білім-ғылымға деген сүйіспеншілігі оны ұстаздық жолға жетелейді.
«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге» деп ұлы Абай айтқандай, ақын өсиетін жастайынан көкейіне түйіп, оқу-білім, ғылымға ұмтылған Мұсахан Дүйсенұлы 1962-1965 жылдары Түркістан индустриалды педагогикалық техникумын техник-механик мамандығы бойын­ша,1970-1975 жылы Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтын тарих факультеті бойынша бітіріп шығады.
Дарын мен қабілет, өмірге деген құлшыныс пен төзімділік деген құндылықтар арқылы ұстаздықтың асқар асуынан сүрінбей өтіп, арман мақсатына жеткен М.Дүйсенұлы 1965-1985 жылы қазіргі Шиелі индустралды-аграрлық колледж директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. 20 жыл ішінде сан мыңдаған маман тәрбиелеп, олардың жұмысқа орналасуына септігін тигізеді. Сондай-ақ 1985-1987 жылдары №150 Ортақшыл орта мектебінің директоры, 1974-1985 жылдары бастауыш партия ұйымының хатшысы, 1987-1993 жылдары №251 М.Әуезов атындағы орта мекептің мұғалімі болып жұмыс істеді. Осылайша 1993 жылы бейнетінің зейнетіне жетті.
Оның өмірі мен атқарған ісі жас буынмен қатар, барлық замандас­тарына да үлкен өнеге. Осынау өнегелі өмірінде «білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету» деп білген ұлағатты ұстаздың әрбір әрекеті, берген білімі барлық шәкірті үшін қашанда ұмытылмас дүние.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде» деуінің өзі бекер емес, өйткені ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиеттері болуы шарт. Өз шәкірттеріне сүйіспеншілікпен қарай алмаған мұғалімнен жақсы маман шықпасы анық. Ал, Мұсахан Дүйсенұлы сан мыңдаған шәкірттер мен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаз бола білді.
М.Дүйсенұлы зейнетке жеттім деп бос жатпады. 2007 жылы Бәйгеқұм ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Білім саласында жиған білігін ауылдың игілігіне жұмсап, жас буынға жол сілтер аға буынға айналды. Ол 2014 жылы ардагерлер ұжымы жұмысына сіңірген еңбегі еліміздің мәдени, әлеуметтік, экономикалық дамуына белсенді қатысқаны және жастарға патриоттық, адамгершілік тәрбие бергені үшін Қазақстан Рес­публикасы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталады. Сонымен қатар 2015 Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Шиелі ауданының 90 жылдық, 2016 жылы Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің 60 жылдық, 2017 жылы Шахмардан Есеновке 90 жыл медалін иемденген. ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы медальді да қоса алған. Ардагер-ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі де мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Оның 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу мерекелік, 1941-1945 жылы «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 65 жыл», Ы.Жахаевқа 120 жыл медалдарымен,1973-1975 жылдары «Соцалисттік жарыстың жеңімпазы» төс белгісімен марапатталуы үздіксіз еңбегінің жемісі. Сондай-ақ 1984 жылы Марксизм-ленизімді насихаттау еңбекшілерге коммунистік тәрбие жөніндегі белсенді қызметі үшін Қазақстан коммунистік партиясы «Құрмет ­Грамотасы», СССР-дің 60 жылдығына ҚКП облыстық комитеті, халық депутаттары облыстық Советінің атқару комитеті кәсіподақтары облыстық Советі Қазақстан ЛКСМ облыстық комитетінің дипломымен марапатталды. Бірақ адамның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбесі анық. Адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері. Көкірегінде сәулесі бар әр адам «Зымыраған заманның ағымына ілесіп, жүйткіген уақыт көшінен қалып қоймай, бойымдағы барымды, көкейге жиған нәрімді елдің игілігіне жұмсасам» деп талпынары хақ. Жүзінен шуақ, сөзінен жылылық төгілген ұлағат иесі Мұсахан да өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі болды. Бөлек болмысы, ерек мінезінен айнымай, 2021 жылы мәңгілік сапарға аттанып кете барды.
Әрине, кімнің де болсын, жалпы адамзат баласының өлшеулі өмірі нәтиже беруді талап етеді. Бұл кез келген істің басты критерийі болмақ. Кавказ халқы «Тауға жақындаған сайын оның биіктігін түсінесің» дейді. Ол – М.Дүйсенұлына қаратып айтылғандай. Өйткені ол да сол тау секілді өміріне үңілген пендеге биіктей түседі. Ғұмыры ғибратқа толы мұғалімнің мерейі қашанда үстем. Оның осы уақытқа дейінгі орасан әрі нәтижелі еңбегі – өскелең ұрпаққа үлгі. Есімі мен еңбегі ел есінде қалады.

Г.ӘБДІХАНИ
22 тамыз 2022 ж. 305 0