ҰЛЫЛЫҚ ПЕН ЖЫЛЫЛЫҚ
Ұлағатты ұстаз, қаншама мұғалімнің «ұстаханасына» айналған, өз заманында институт бітірген алғашқы жас қазақ оқытушыларының бірі – Әбділда Ахметовтың есімі елге етене таныс.
«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге» деп ұлы Абай айтқандай, ақын өсиетін жастайынан көкейіне түйіп, оқу-білім, ғылымға ұмтылған Ә.Ахметов бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған тұлға. Оның өмірі мен атқарған ісі жас буынмен қатар, барлық замандастарына да үлкен өнеге. Осынау өнегелі өмірінде «білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету» деп білген ұлағатты ұстаздың әрбір әрекеті, берген білімі барлық шәкірті үшін қашанда ұмытылмас дүние.
«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге» деп ұлы Абай айтқандай, ақын өсиетін жастайынан көкейіне түйіп, оқу-білім, ғылымға ұмтылған Ә.Ахметов бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған тұлға. Оның өмірі мен атқарған ісі жас буынмен қатар, барлық замандастарына да үлкен өнеге. Осынау өнегелі өмірінде «білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету» деп білген ұлағатты ұстаздың әрбір әрекеті, берген білімі барлық шәкірті үшін қашанда ұмытылмас дүние.
Дарын мен қабілет, өмірге деген құлшыныс пен төзімділік деген құндылықтар арқылы ұстаздықтың асқар асуынан сүрінбей өтіп, арман мақсатына жеткен Ә.Ахметов алғашқы еңбек жолын 1950 жылы «Қызылту» жеті жылдық мектебінде мұғалім болып бастайды. Одан соң сол мектепте оқу ісінің меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінде инспектор, кейін №45 қазақ орта мектебінде директор болды. Мерейлі маманның мәңгілік ізі Бидайкөл ауылындағы №148 мектепте де сайрап жатыр. Себебі ол мұнда 25 жылға жуық мұғалім, мектеп директоры қызметтерін зейнет жасына жеткенше абыроймен атқарды. Әбділда Ахметов тек ұлағатты ұстаз ғана емес, шәкірт тәрбиелей жүріп бірнеше рет ауылдық кеңес депутаты ретінде ел жанашыры бола білді.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде» деуінің өзі бекер емес, өйткені ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиеттері болуы шарт. Өз шәкірттеріне сүйіспеншілікпен қарай алмаған мұғалімнен жақсы маман шықпасы анық. Ал, Әбділда Ахметов сан мыңдаған шәкірттер мен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаз.
Ардагер-ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Оның «Еңбек ардагері» төсбелгісі, бірнеше мәрте берілген «Қазақ СССР Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығы» медальдары сол еткен еңбегінің дәлеліндей болса керек. Бірақ адамның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбесі анық. Адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері. Көкірегінде сәулесі бар әр адам «Зымыраған заманның ағымына ілесіп, жүйткіген уақыт көшінен қалып қоймай, бойымдағы барымды, көкейге жиған нәрімді елдің игілігіне жұмсасам» деп талпынары хақ. Жүзінен шуақ, сөзінен жылылық төгілген ұлағат иесі Әбділда да өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі болды. Ардагер-ұстаз Оразбек Жұмаділұлы:
– Әбділда Ахметовтен көп жайды үйренген басым, оны «ұстаздардың ұстаханасы» деймін. Әбекеңнің замандастары, ізбасарлары «шекпенінен шығып», тәрбиесін алған П.Бошайбеков, Б.Мизанбаев, Ш.Қадырқұлова сынды мектеп директорлары Әбекеңді өздеріне ұстаз тұтты. Иә, тау мүсінді жаз жайдарлы жаны жайсаң, мінезге бай Әбекең мені де ұстаздыққа баулып, тура жолды сілтеді. Ол жақсылығың мен кемшілігіңді әзілмен әдемі жеткізетін нағыз мәдениетті, сыншыл да шыншыл еді. Бәріміз де Әбекеңе қарап бой түзедік. Оның еңбекқорлығы, ұжымымен, халықпен тіл табысуы ізін басқан біздерге бұлжымайтын өнеге еді. Қиындығы мен қызығы мол ұстаздық жолдағы Әбекеңнің қызметін жоғары бағалаған сол кездегі билік «Халық ағарту ісінің, білім беру ісінің үздігі» деген құрметті медальдарды тектен-текке бермесе керек. Шынында да жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру жолында жан-тәнімен аянбай еңбек еткен, қаншама жас маманға ұстаздық дәнін сепкен ардақты азамат – Әбекеңе айшықты мүсін қойса да артық етпейді, – дейді әріптесін еске алғанда.
Әрине, кімнің де болсын, жалпы адамзат баласының өлшеулі өмірі нәтиже беруді талап етеді. Бұл кез келген істің басты критерийі болмақ. Кавказ халқы «Тауға жақындаған сайын оның биіктігін түсінесің» дейді. Ол – Әбділда Ахметов секілді ағартушыларға қатысты айтылғандай. Өйткені ол да сол тау секілді өміріне үңілген пендеге биіктей түседі.
«Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам – бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына білім кілтін ұстатқан, қаншама жас мұғалімге үлгі болып, түзу жолды сілтей білген Әбділда ұстаз шынымен де бақытты еді. Оның 5 ұлы мен 4 қызы, олардан тараған немере-шөберелері сол бақытын еселей түссе керек.
Әбділда ұстаз өңірдегі білім беру саласындағы 40 жылдық еңбек жолында көптеген оң өзгерістердің басты себепкері, тікелей бастамашысы болды. Ғұмыры ғибратқа толы мұғалімнің мерейі қашанда үстем. Оның осы уақытқа дейінгі орасан әрі нәтижелі еңбегі – өскелең ұрпаққа үлгі. Есімі мен еңбегі егіз ұғымға айналған ағарту саласының ардагеріне қарап бой түзеген жастардың келешегі кемел болары сөзсіз.
Ерінбей еңбек етіп, ер атанған Әбділда Ахметовке арнап қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды. Өзі еңбек еткен Бидайкөл ауылындағы мектеп те азаматының атына сұранып тұрғандай.
Гүлхан ЯХИЯ