Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тары еккен тарықпас

Тары еккен тарықпас

Тары – талқанның атасы десек артық болмас. Себебі, осы бір дәнді дақылдың тарихы тым әріде жатыр. Бұл тағам түрін қазақ фольклорынан да жиі кездестіреміз. Мәселен, «Ертөстік» ертегісінде батырдың алыс сапарына анасы арнайы тары қуырып береді. Тары сабанының азықтық сапасы бидай сабанынан екі есе артық екендігін ескерсек, 1 келі тары сабанында 0,41 азықтық өлшем, 23 грамм сіңімді протеин болады. Тары жармасының құрамында крахмалдың мөлшері 81 процент, ақуыз 12 процент, ал май мен қант жеке-жеке 3,5-0,15 процентті құрайды. Тіпті, ондағы ақуыздың мөлшері күріш, қарақұмық жармаларынан едәуір көп.
Қазақ халқы «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген тіркесті жиі ауызға алады. Ал, осы тарының бүгінгі таңда таңсық асқа айналып бара жатқандығы да жасырын емес. Тары өңдеу, оны нарыққа бейімдеу, сондай-ақ кірісін еселеу жолдарын қарастырсақ, мол табысқа кенелуге болады. Мәселен, осы дақылды сүйіп жейтін Түркия, Қырғызстан, Ресей елінің нарығына шығаруға болады. Мұқым қазақ еліне тарының отаны ретінде танылған Ақтөбе қаласындағы Ойыл ауданын білмейтін жан кемде-кем. Ал, осы стратегиялық дақылдың атасы Шығанақ Берсиев тары өсіруден рекордты жеті жыл уысынан түсірмей ұстауының сыры неде?
Шығанақ қолының табы қалған Ойыл ауданындағы Құмжарған, Қияқты, Шөңке елді-мекендерінде тары өсіру ісі жолға қойылған. Ал, рекордтың сыры бел жазбай еңбек етуінде. Ол жөнінде «Берсиев тарыдан мол өнім алу үшін ең алдымен арамшөптен таза құнарлы жерді таңдап алып, оған қой қиын төккен. Тұқымсепкішпен әр гектарына 20 келіден тоғыспалы әдіспен 5-6 сантиметр тереңдікке тұқым сеуіп, топырақты ауыр ағаш катокпен тегістеген. Негізінен суармалы тары егістігіне арқа сүйеп, дақылдың өсіп-жетілу кезеңінде 4 рет суарып, 2 рет үстеп қоректіндірген. Жаз бойы оның арамшөбін үш рет отап, оған күл мен құс саңғырығын шашқан. Тарыны пісіп, жетілуіне қарай іріктеп орған. Тары атасы Ойылдың ақ тарысының сабағы майысып тұрған күлтелерін таңдап, тек ірі дәндерін ғана тұқымға алған» – деп мәлімдейді белгілі Берсиевтанушылар.
Ш.Берсиевтың жолын жалғап, елімізде тарыны алғашқы болып экспортқа шығаруды қолға алған жеке кәсіпкер Жұмабай Жақыптың өнімдері Италия, Корея сынды шет елдерге сатылуда. «Жақып» шаруа қожалығының бұл күнде ісі өрге домалап тұр. Сонау 75-80 жылдардағы бейнеттің ауылы алшақтап, технологияның дамыған заматында дәнді-дақыл өсіру ісі қол күшін көп қажет етпейтін күнге жақындап келеміз. Шығанақ Берсиевтің әлемге танытқан тарысын Ақтөбеден бөлек, Қызылорда облысы бойынша Шиелі ауданындағы Ортақшыл ауылы да өсіреді. Алайда, Ақтөбе сынды шаруа қожалық құрып, тарыны нарыққа шығаруда ақсап тұрғанымыз жасырын емес. Себебі, тары өсіру ісімен әрбір адам жеке-жеке айналысатын көрінеді. Ортақшыл ауылының тұрғыны Шәкір Омаров бала күнінен әкесімен бірге тары егіп, табыс тауып келеді. «Биыл 2 гектар жерге тары ектік. Оны сөк, талқанға айналдырып, Қызылорда қаласы мен Шиелі кентіне апарып өткіземіз. Бұл ауыл халқының 70 проценті осы кәсіптен нәпақа айырып отыр» дейді ол.
Ендігі жерде осы тары дақылын өсіретін адамдарды біріктіріп, бір кооператив құру жолын қарастырсақ, дақылдың да көлемі артып, көп пайда алып келер еді. Бұл дәнді дақылдың құндылығын пайымдар болсақ, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте мол пайдаға жарайды. Мысалы, тарының сабанын жеген сауын сиырдың сүті мен құнарлығы еселене түседі. Ал, тары жеген тауықтар көп жұмыртқалайды. Сондай-ақ, медицинада да емдік қасиеті бары дәлелденген. Жалпы, тарының дәнінен спирт, сабағынан қағаз шығарады. Оның сабаны да, топаны мен кебегі де малға таптырмас азық.
Ортақшыл ауылы тұрғындарының күн көру кәсібіне айналған тары өсіру ісінің машақаты мен өндірілер өнімі көп екенін сөз басында айтып өттік. Дегенмен, бүкіл Қазақстан цифрлы жүйеге еніп, ІТ-технологияның қыр-сырын меңгеру үстінде. Сондықтан, заманауи технологияны кәдеге асырып, тары өсіру технологиясын жетік меңгеретін болсақ, бұл өнімдерді әлем нарығына шығаруға болады. Ол үшін әлемдік рекорд орнатқан, тарының отаны Ақтөбемен тәжірибе алмаса әрекет еткеніміз де жөн болар.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
15 тамыз 2022 ж. 558 0