Тары –табыс көзі
Аттың жалында, атанның қомында күн кешкен қазақ үшін тары дақылы кенеулі, тоқ тамақ саналған. Тіпті, біраз уақыт көшпенді қазақпен бірге жасасып, келе-келе оны егіншілікке жетелеп әкелген де осы дақыл екені анық. Қалай десек те, біздің өңірдің табиғатына көнбісті, баптап-күтуге де оңай, қазақтың қолбала дақылы осы саналғандықтан ортақшылдықтар тары өсіруді табыс көзіне айналдырып келеді.
Бүгінде «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» дегенді алдына мақсат тұтқан ортақшылдық дихандар тарыны табыс көзіне айналдырған. Аудандағы жалғыз тары өсірумен айналысатын ауылдық округте қазір 272 үйден түтін шығады. Диханшы ауылда тарының екі түрі қызыл тары мен алабүйрек өсіріледі. Қызыл тары майдалау келсе, алабүйрек ірілігімен ерекшеленеді. Ауыл шаруашылық мамандардың айтуынша, осы дәнді егіп отырған, тек жеке шаруа қожалықтар емес, қарапайым тұрғындар да бар. Солардың бірі – Жалғасбек Жарылқасынов. Кейіпкеріміздің әкесі Сұлтанбек Сүйіндіков ауданға белгілі сазгер, әнші болса, анасы Сәлима Көшкінбаева көпбалалы ана. Ол ұл-қыздарын еңбекке баулып, адал кәсіпке бейімдеп келеді. Негізінен Жалғасбектің бұл кәсіпті қолға алғанына 10 жылдан асқан. Басында 30-40 соттық жерден бастаған ол бес жылдан бері қарай бір гектар жерге тары егіп нәпақасын тауып жүр.
Жалғасбектің айтуынша: Ол«Ақ» емес, «Қызыл» емес, «Алабүйрек» тұқымын егіп, 20-30 центнерден өнім алып келеді. Сөзге емес іске жақындығын танытқан ол бізбен аз-кем әңгіме өрбітті. Тарыны егуде диханшыға асқан төзімділік пен ептілік қажет-ақ. Бұл дақыл топырақтың жылы болуын сүйеді. Дәнді суық, жылынбаған топыраққа ексең егін шықпайды. Сондықтан жылу сүйгіш, қуаңшылыққа, аңызаққа төзімді болып келгендіктен, суыққа қалдырмай, көктем шыға бір гектар жерге 20-25 кг тары дәнін себеді. Содан кейін себілген жерді тырмалап, атыз бойының айналасын қопсытады. Дақылды егуде жоңышқа еккенге ұқсас жағы жетерлік. Егер дәнді-дақыл тереңге түсіп кетсе, шығуы қиындай түседі. Алғаш суарғанда толығымен су жіберіліп, жердің бойына сіңіріледі. Арада үш күн өткеннен кейін тарының алғашқы шығымы тебіндеп көріне бастайды.
Содан 10-15 күннен соң екі құлақтанып шыққан тарымен жарыса шыққан арам шөптермен арпалысып, оны тазалайсың. Өнім сапалы, әрі бітік шығу үшін тыңайтқыштарын береміз. Уақытында, мезгілімен суын ішсе, «Алабүйрек» сорты 90 күннің ішінде сыпыртқы тәріздес басының ең ұшында тұрған дәндері, содан кейін, төмендегілер пісе бастайды. Дегенменде айтқанға оңай көрінгенімен көп қажыр қайратты талап етеді – дейді.
Иә, расында «Адамды көркейтетін – еңбек» болғандықтан, кәсіпті одан әрі қарай дамытып, тынбай еңбектеніп келеді. Үнемі ізденіс үстінде жүргендіктен, білгенін бауырларына да үйретіп, отбасылық кәсіпке айналдырған. Күніне 25 кг тарыны 50 литр суға салып, 25-30 минут қайнатып, содан кейін оны қуырады. Бір қап сөкті дайындау үшін 3 сағаттай уақыт кетеді. Тары өсіру мен оны сату, базарға шығаруда көп еңбекті талап етеді. Бірақ, піскен тарыны түйіп, үй жағдайында әзірлеудің қыр-сырын меңгерген Сәлима апай тарының 1 кг – 700-800 теңгеден базар маңын жағалап өткізеді. Тарының бағалы да құнарлы дақыл екенін ата-бабаларымыз ертеден білген. Тарының тағам ретіндегі құнарлылығы мен жұғымдылығы, адам денсаулығына пайдалылығы ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Тары адам ағзасына тоқтықты дарытуымен бірге, емдік қасиетімен де қадірлі. Ол адамға күш-қуат береді. Ғалымдар басқа да емдік қасиетімен бірге, адам ағзасындағы улы заттарды жоюға да септігі бар дегенді айтады. Тарының ауыл шаруашылығы мен өндірістегі пайдасы да қыруар. Мәселен, тары сабанын жеген сиырдың сүтінің өнімі мен құнарлығы артады. Сабаны қыста да көкмайсадай жұмсақ болып тұрады, сондықтан оны мал сүйсініп жейді. Тары жеген тауықтар көп жұмыртқалайды. Әрине, тары өндірісінің өрісін өсіруге, өнімін көбейтуге көбірек көңіл бөлінсе, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұйырса, еңбекқор азамат алдағы уақытта тары дақылын 2 гектарға егуді көздеп отыр.
Шапағат Тілеубаев